Той – тәрбие мен тағылымның ордасына айналу керек

10 Views

Жаратушымыз адамзат баласын ұлттар
мен ұлыстарға бөліп жаратқан. Қасиетті
Құранда бұл жайында былай деп баяндайды:
«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен
бір әйелден жараттық. Сондай-ақ танысып,
табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы
дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті
өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің)
үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік»
(Хужурат сүресі, 13-аят). Демек әр ұлттың өз
тілі, тарихы, Отаны, салт-дәстүрі, һәм өзгелерге
ұқсамайтын ерекше ұлттық құндылықтары мен
тұрмыс-тіршілігі бар.
Қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген ғибратты сөзі бар.
Қандай керемет айтылған сөз десеңізші?!
Той дегеніміз Алла Тағаланың адам
баласына нәсіп етілген қуаныштарының бірі.
Тағы да қайталап айтамыз, мұсылмандар
қауымдары шариғи жолмен және де өздерінің
салт-дәстүрлерімен қоса, өздерінің той
ережелерін де бекітіп алған. Соның ішінде қазақ
халқы да ежелден өзінің той-қуаныштарын
мәдениетті түрде өз дәстүріне сай өткізу үрдісі
қалыптасқан. Біле білсек, қазақ ұлтының әрбір
дәстүрінен қазақилықтың, мәдениеттіліктің
жұпар иісі бұрқырап тұрады.
Исламда той өткізу ережесінің шекарасы
болған. Адал ас, көркем мінезділік, маңайындағыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, тәлімтәрбиеге лайықты құндылықтар насихатталу
т.б. айта берсе көп.
Той дегеніміз басымызға берілген нығметтің
біріне жатады. Біздер бұл нығметтерді әдептен
озбай, өз орнымен, мағыналы түрде атап өтуіміз
керек. Жалпы тойдың түрлері көп. Қандай да
бір мерейлі тойлар, үйлену тойы, қыз ұзату т.б.
Жалпы осы орайда той жасаудағы мақсатымыз
не? Тойдың елге берер әсері қалай сезілуде?
– деген сияқты ойлар түседі. Халқымызда
«Көрпеге қарап көсіл» деген қанатты сөз бар.
Дініміз бен дәстүріміз қандай да қуанышты
атап өтудің өз шекарасын белгілеп берген.
Қазақ қоғамына дін мен дәстүрді ұстану ауадай қажет. Өйткені дініміз бен дәстүрімізде адами
қасиеттеріміз сақталған. Ал қазіргі кездегі тойдумандарымыздың көріністері ұлт болашағына
қандай әсерлер қалдыруда?
Той – тәрбие мен тағылымның ордасына
айналу керек. Неге тойларымыз салтымызды,
мәдениетімізді насихаттайтын орынға айналмасқа?!

Тойлардың көбейгені жақсы. Бірақ тойдағы

бейәдеп қылықтарды көргеніңіз де қарныңыз
ашады. Қайта тойларда баталар жарыстыру, ұлы
тұлғалар, дініміз, дәстүріміз жайлы қызықты да
ғибратқа толы сұрақ-жауаптар ұйымдастырылса,
одан әсер алған адамдар кемелденер еді ғой.
«Той деген халықтың қазынасы» деген сөзді
ұран етіп түрлі ысырапшылдықтарға да жол
беріп жатамыз. Біздер мынаны білуіміз керек.
Дүние – байлық арқылы немесе еңбекпен келген
ақшаларды орынсыз шашу арқылы бақытты сатып
ала алмаймыз. Батысқа еліктеген түрлі бейәдеп
қылықтар мен түрлі ойын, билер дәстүрімізге
мүлдем сай келмейтіні ақиқат. Мұның бәрі
нәтижесінде имансыздыққа әкелері сөзсіз. Имам
Нәсәиден риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз
с.ғ.с.: «Даюсқа, яғни анасын, қарындасын,
жұбайын қызғанбайтын адамға Алла Тағала
қиямет күні өзінің рахмат назарымен қарамайды»
деп айтқан. Пайғамбарымыз с.ғ.с. тағы бір хадисте:
«Даюс адам – жәннатқа кірмейді» деп айтқан.
Тойдағы жөнсіз істер жайлы анық айта кететін
болсақ, мысалыға торт ауыз тигізу, жарықты
өшіру, сарайды түтіндету, кімнің не істеп отырғаны
үлкен монитордан көрсетілуі т.б. көптеген еш пәтуасы жоқ амалдарды көргеніңде «Атам қазақ осыларды жасап па еді?» – деп қаласың. Бұл
жөнсіз істердің бәрі ысырап емей, немене?!
Салмақтың бәрі той иесіне түспейді емес пе? Бұл
даралықылықтарымыз кімге керек?
Арыдан ойлап қарайтын болсақ, дүниені,
яғни ризық-несібені шашу оңай, жинау қиын.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде былай
деген: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және
киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол
бермеңдер» (Ахмад және Әбу Дауд риуаяттары).
Мың адамды жиып, өзінің байлығын немесе
қолының ұзындығын көрсетудің еш қажеті жоқ.
Бұл жәйттер жайлы зиялы қауымдар тарапынан
көптеген басқосулар, діни тұрғыдан түрлі түсіндірме жұмыстары мен шешімдер де қаншама рет кеңінен насихатталды. Бірақ, айтқанмен де, мақалалар болып жазылғанымен де еш нәтиже
болар емес. Керісінше одан да ары көбейіп, асып
түскеніне ел куә. Жеке пікірімді айтар болсам,
мәселе әркім өзін дұрыстауда, жақындарымызға
насихаттауда екен. Біз қазір қандай қауым болдық?
Артығымен қыламыз деп, қайдағы жоқ, жөнсіз
істерді ортаға салып жатамыз.
Бәсекелестікпен әдеп, ар-ожданнан аттап
кететіндерді де көріп жатырмыз.
Хадистердің бірінде «Қияметте барлық
адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше
есептен құтыла алмайды:
1) Өмірін қалай өткізді?
2) Ілімімен қалай амал етті?
3) Мал-мүлкін қайдан, қалай тапты және қайда
жұмсады?
4) Денесін қайда шаршатты, қайдан тоздырды?»
– делінген. (Тирмизи риуаяты).
Расында бұл терең ойланатын мәселе.
Мақала соңында айтарымыз, Пайғамбарымыз
Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең қайырлы
той – қарапайым болғаны», – деген. Алла Тағала
баршамызды өзінің тура жолынан тайдырған,
дәстүрімізге берік, шектен шықпаған, иманды да
ізгі қауымдардан етсін.
Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий