ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУ – БОРЫШЫМЫЗ
ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУ – БОРЫШЫМЫЗ
Жуырда Көгершін ауылындағы орталық саябақта ауданның 80 жылдығына орай «Ауылым — алтын бесігім» атты тағылымды шара ұйымдастырылды. Ауылдық клубтың меңгерушісі Дана Бодауованың ұйытқы болуымен өткен аталмыш шараға барша ауыл тұрғындары атсалысты. Мазмұнды кешке Көгершін ауылдық округінің әкімі Сақтасын Тастанов және ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Жансеріков қатысып, өз пікірлерін білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтар төңірегінде көптеген ордалы ойлар жазылған. Бүгінгі шарамыз осы рухани жаңғыру
шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Өздеріңізге белгілі, Көгершін ауылының тарихы тым тереңде жатыр. Мәселен, ауылдың 1930 жылы құрылғанын жұрттың бәрі тегіс біле бермейді. Әсіресе, жастар жағы. Махал Елубаев, Жанқораз Нұрбеков, Рүстем Бегімбетов есімді кісілер осы ауылдың ең алғашқы тұрғындары болып есептеледі. Бұл – тарих. Ал тарихты зерделеу біздің бабалар алдындағы үлкен борышымыз деп білемін. Біз мұны білуге тиіспіз, — деді ауыл әкімі өз сөзінде. Бұдан соң ақтарыла сөйлеген Болат Жансеріков те пайымды сөз айтты. «Иә, біздің ауылдан шыққан даңқты тұлғалар өте көп. Алайда, қазіргі күні солардың бірді-екілісі газет беттерінде жазылып жүргенімен, көбісі тасада қалып қойып жатыр. Мысалы, «Ленин» орденінің иегері Сүйінтбек Тәуірқұлов, «Еңбек Қызыл Ту» және «Даңқ» ордендерінің иегерлері Саяқ Терсебаев, Михайл Шматко, Әбітхан Оразалиев, Иван Бондоренко, Мәлтай және Әштай Әмреевтерді өскелең ұрпақ ұмыт қалдырды. «Луговой жылқы зауытын» 24 жыл басқарған Иван Афанасьевич Финконың да еңбегі ұшан-теңіз еді. Біз аты аталған азаматтардың есімін рухани жаңғыртып, олардың еселі еңбектерін жас ұрпаққа айтып отыруымыз керек»- деді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.
Бұдан кейін, ауыл тұрғындары ілкімді шараға арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Осы ретте, Қарлығаш Төреқұлова жетекшілік жасайтын «Асыл әжелер» ансамбліне, «Атамекен» әнін әуелете шырқаған Назгүл Аубакироваға, сондай-ақ, өзбек биін өзгеше нақышта билеген «Балауса» би тобы мен Бақытжан Селеусін, Ислам Айбек есімді өрелі өнарпаздарға жиылған жұртшылық ерекше ықыласпен қол соққанын айтып өткен абзал.
Марат ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.