Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Бұл уақытта бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің көпшілігі лагерьге баратыны да сөзсіз. Яғни, лагерь олар үшін – жаздың көркі.
Өткен аптада Қарақыстақ тауының бөктерінде орналасқан Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагерінің ашылу рәсімі өтті. Лагерьдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, аудандық білім бөлімінің бас маманы Анар Базаркұлова қатысты. Шарада алғаш болып сөз алған Әлібек Мамытжанұлы балалар үшін жазғы демалыс орындарының маңызы зор екенін жеткізді.
– Балалар үшін жаз мезгілі өте пайдалы өтуі тиіс. Бұл мезгілде олар өз уақыттарын тиімді пайдаланып, жазғы демалыс орындарына бару арқылы танымдық, тағылымдық тұрғыдан дами алады. Сондықтан жаз мезгілінде осындай жазғы сауықтыру лагері балалардың мүмкіндіктерін одан әрі аша түсуі тиіс, – деді.
Бірінші маусымның тынығушыларын қабылдау салтанаты лагерьдің орталық алаңында өтті. Айтпақшы, ұйымдастырушылардың айтуынша, жаз мезгілінде 3 ауысым бойынша аталмыш лагерьде 200 оқушы тынығады екен. Лагерьдің ашылу салтанатында балалар өз өнерлерін көрсетіп, келген қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Мәселен, «Балауса» квартеті Нұрғиса Тілендиевтің атақты «Туған ел» әнін шырқап көңілімізді марқайтса, «Домбырашылар» ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіре орындады. Ал, бишілер мың бұралған қимылымен таң-тамаша флешмоб билеп, позитивке толы көрініс қойды.
Сондай-ақ, сол мезетте «Жас суретшілер» байқауы ұйымдастырылды. Онда жас бүлдіршіндер қылқаламмен түрлі суреттер салып, өздерінің шеберліктерін ортаға салды. Лагерьдің ашылу рәсімі аяқталған соң, барлық балаларға тәтті балмұздақтар таратылды.
Жалпы, лагерьдің мақсаты – патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Және де демалыс орны 3 ауысым бойы жасөспірімдердің әр күнін қызықты әрі пайдалы өткізу үшін жұмыс жасайды. Сондай-ақ, түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдайды. Айта кетейік, лагерь жыл сайын көпбалалы отбасылардан, аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балаларға арнап жұмыс істеп келеді.
ПІКІР:
Біздің есіміміз Аяжан, Іңкәр. №1 мектеп-лицейінің оқушысымыз. Қатарлас құрбы-құрдастарымыз секілді бізде Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатырмыз. Мұнда бәрі көңілді. Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, лагерьдің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Келген қонақтар да риза. Жаз мезгілінде осындай көтеріңкі көңіл-күй мен жаңа талпыныс сыйлаған аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы қызметкерлеріне шын көңілден ризашылығымызды айтқымыз келеді. Достарымыздың саны артты. Бұл дегеніңіз – жасөспірімдерді жан-жақтылыққа, креативті болуға тәрбиелейді. Біз осында келгенімізге өкінбейміз, керісінше қуанамыз.