Отбасы – шағын мемлекет

1 053 Views

Өсіп-өнген әулет

Аудандағы Толымбетовтер әулетін білмейтін жан кемде кем шығар. Арыстанбек ата мен Тынышкүл әжеден тараған 3 ұл, 3 қыздан 19 немере, 12 шөбере өрбіпті. Өсіп-өнген әулеттің қазіргі тыныс-тіршілігіне қарап, қызығасыз. Қызығатындай-ақ бар. Өнегелі ісімен көпке үлгі болып отырған олар ауданымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, әр салада жемісті еңбек етіп келеді. Осыдан-ақ, «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөздің бекерге айтылмағанын аңғарасыз. Мықты мемлекет болу үшін оның экономикасы мығым, әскері айбарлы, бизнесі бәсекеге қабілетті, мәдениеті биік, жастары білімді, халқының денсаулығы жақсы болуы шарт десек, Толымбетовтер отбасы осы талап үдесінен шығатын секілді.

Әулеттің тұтқасы Арыстанбек ақсақал өмірде жоқ. Бақилық болған. Көзі тірі болғанда 81 жасқа келер еді. Әйтсе де жұбайы Тынышкүл әже үлкен әулеттің ұйытқысы болып, балаларының амандығын тілеп отыр. Үлкен ұлы Бейсенбек – бухгалтер. Шымкенттегі Светланасы мейірбике. Ал жаттықтырушы Бақытбектің орны бөлек. Ислам Байрамуков атындағы спорт мектебінде шәкірттеріне бокстың қыр-сырын үйретіп, Ермаханнан бастау алған жеңісті жолды үзбей келеді. Бақытбек баптаған былғары қолғап шеберлері байрақты бәсекелерден жүлдесіз қайтқан емес. Айталық, Ақерке Наурызбай, Аслан Қабылхан, Алина Қалдыбай, Дана Дидай сынды өрендер әлем, Азия чемпионаттарында атой салып жүр. Күні ертең олимпиада шыңын бағындырулары да бек мүмкін. Ендігі үміт соларда.

Саламаттың жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніне аз болған жоқ. Әулеттің кейінгі буын өкілдерін бизнеске баулып, ақша табудың жолын үйретуде. Айжаны мен Шолпаны мұғалім. Бірі Ю.Гагарин атындағы негізгі мектепте ұстаз, бірі аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Шағын мемлекеттің шаңырағына келін болып түскен келіндердің ішінде Ләззатты ерекше атап өткен жөн. Аудандық мәдениет үйінде қызмет ететін оның «Әдемі-ау» ән-би ансамблі аудан, облыс жұртына жақсы таныс. Былтырғы жылы ЭКСПО аясында өткен мәдени іс-шаралар кезінде мың бұрала билеген «Әдемі-аудың» қыздары дүйім жұртты тамсандырып, Түрік еліне барып қайтты. ХІV халықаралық «Анадолы күндері» мәдениет және өнер фестиваліне қатысып, түрік ағайындардың жоғары бағасын алды.

Жоғарыда мықты мемлекетке қажетті алғышарттарды атап өткен едік. Қарап тұрсақ солардың барлығы Толымбетовтер әулеті деп аталатын шағын мемлекеттің өсіп-өркендеуіне қызмет жасап тұр. Бейнелеп айтқанда экономикасы Бейсенбектің, әскері Бақытбектің қолында. Қалғандары да әулеттің абыройы мен еліміздің қарыштап дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: