АБЫРОЙДЫҢ АРҚАУЫ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

741 Views

Қойнауы құт-берекеге толы Қорағаты ауылы -ауданымыздағы татулығы жарасқан іргелі мекендердің бірі. Алақандай ауылдан таудай талантымен өз шеберлігін мойындатқан абыройлы әртістің де, сауапты іске жаны құштар дидарлы кәсіпкердің де өсіп-өнгенін біз жақсы білеміз. Мәселен, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды мен Астана қаласындағы «Спец СтройГруппKZ» компаниясының президенті Марат  Досмайлов дәл осы ауылдың төл перзенттері. Бұл екі азаматтың туған өлкелерін көркейтуге зор үлес қосып жүргенінен де хабарымыз бар. Бірі – мешіт салып жатса, енді бірі – ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына ұдайы көмек қолын созып келеді.

Жуырда республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Қорағаты ауылында ілкімді шара ұйымдастырылып, әкемтеатрдың белді де беделді актері Азамат Сатыбалды елдімекендегі тұрмыс жағдайына байланысты аз қамтылған 10 оқушының жүзіне күлкі сыйлаған болатын. Сондай-ақ, аталмыш шараға «Көкірек» және «Аққайнар» шаруа қожалықтарының жетекшілері Роза Бақтыбаева мен Сұлукүл Дәлібаева, «Нұр Тау Әулие-Ата» жеке шаруашылық серіктестігінің директоры Мәлік Бимырзаев, ауыл имамы Нұрдәулет Байходжаев және кәсіпкер Ғани Омаров сынды жомарт жандар белсене атсалысты. Нәтижесінде демеушіліктен түскен қаражатқа ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған әрі әлеуметтік аз қамтылған 36 оқушыға мектеп сөмкелері мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыс етілді. Дәстүрге айналған қайырымдылық акциясында ауыл әкімі Бақытбек Аблазимов сөз сөйлеп, мектеп шәкірттеріне жаңа оқу жылында зор табыс тіледі.

Марат Жолдасбекұлы.  

Поделиться ссылкой: