ШЫРАҚШЫ

571 Views

Шешендіктің шырыны тамған шебер суреткер, шаһқар туындылары оқырманды шат-шадыман һәм шат-шәлекей күйге бөлеген жезайыр жазушы Шерхан Мұртаза жайлы сөз қозғап, бір үзік ой айту оңай емес. Ғұмыры тұтас романға татитын Шерхан Мұртазаның балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Әлем әдебиетінде «Жоғалған ұрпақ» деген термин бар. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде дүниеге келген қаламгерлер «Жоғалған ұрпақ» өкілдері болып саналады. Азалы жылдарды, азапты күндерді өткерген Эрнест Хемингуэй, Эрих Мария Ремарк, Фрэнсис Скотт Фицджеральд секілді жазушылар «жоғалған ұрпақтың» санатына жатады. Бұл жазушылар көлемді романдарында да, кішкентай әңгімелерінде де соғыстың салған қасіретін жазды, соғыста ешқашан же­ңімпаз болмайтынын жеткізді. Осы тура­лы аңыздығы мен абыздығы қатар өрілген қаламгер Әбіш Кекілбаев «…Дүниеде қандай қырғын соғыс болса да жеңіске қара жер ғана жетеді. Ол үстіне сыйыс­паған адамдарды астына оп-оңай сыйдырады», – дейді. Расында да, соғыстың салған қайғы-қасіреті ға­сырлар жылжып, дәуірлер алмасқан сәтте де жалғаса береді. Себебі, тұтас буынның жүрегіне түскен дақты өшіріп, көкірек көзесіне құйылған мұңды сарқып ішу мүмкін емес. Бала­лық бал күндері түнекте өткен, шы­рын шағы соғыстың шырмауында қалған буынның себездеген сәулеге ұмтылып, шуағы көрінген жарыққа қарманатыны сондықтан. Бұл буын – әдебиетте де, өмірде де ізгілік пен махаббатты ғана дәріптейтін буын.
Шындықтың шырақшысы, ақи­қаттың айбалтасы болған Шерхан Мұртаза осы буынның белді һәм беделді өкілі. Қара қалам мен ақ қағазды серік қылған Шерхан Мұртазаның шығармалары 26 жасында оқырманға жол тартты. Алғашқы қадам, бірінші баспалдақ сәтті болды. Қаламның қарымы, жа­зушының дарыны шығармалардың толассыз жазылып, кітаптардың көп­теп шығуына сеп болды. Егемендік алып, тәуелсіздікке жеткен жылдар Шерхан Мұртаза үшін жемісті болды. Мәселен, 1992 жылы Қазақстан­ның халық жазушысы атанса, 1999 жылы «Отан» орденімен марапат­талды. Осы уақытта «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының да лауреаты болды. Бірақ, ел дегенде ет-жүрегі елжірей­тін азамат сөлкебай үшін сан-саққа саңдалмады, темір үшін төрдегі ағаларға жағымпазданбады. Ол – жас ұрпақтың болашағына алаңда­ды, буы­ны бекімеген мемлекеттің ер­те­ңін ой­лады.
«Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда!», – деп ақырын айтты, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», – деп ақырып айтты… Қысқасы, қоғамның дендеген дертіне дәрі тапсам, асқынған ауруына шипа іздесем деген есіл арманы өлмеді, асқақ ойлары аласармады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Шерхан Мұртаза шырт ұйқыдағы елді, шыңжау қоғамды оятамын деп үлкен шыңырауға батып кетті. Ол шыңырау – жазушылық еді…
Жазушының миссиясы – өз дәуі­рінің келбетін, өз заманының бейне­сін шығармасына арқау ету. Бола­шақ ұрпаққа азалы жылдарды, азабы ауыр тарихты түсіндіру де жазушы­ның басты міндеті болып саналады. Нәубет жылдар, сүркейлі уақыт туралы жазылған «Қызыл Жебе» романы Шерхан Мұртазаның шоқ­тығы биік шығармаларының бірі. Бұл романдағы басты кейіпкер – Тұрар Рысқұ­лов. Романды оқыған сәтте дәуір мен дәуір кездесіп, Шерхан мен Тұрар тілдескендей күйде бола­сыз. Шерхан Мұртаза ел бостандығы үшін бәйгеге түскен азаматтың ер­лі­гі мен өрлігін әсем сипаттаған. Осы күні Тұрар есімі естілсе, ойымызға Шерхан Мұртазаның оралуы бекер емес. Ел үшін еңбек етіп, ұлт үшін ерлеген ерлердің еңбегін болашаққа жеткізген Шерхан Мұртаза есімі де тарихта мәңгі сақталары сөзсіз.
Тахмина ӘШІРБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Филология және журналистика факультетінің 2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: