Бір уыс тары (Эссе)

509 Views

Таңқұрым болғанымен, даланың қараңғы кезі. Қыс мезгілі болғандықтан аспан баяу бозарып, күннің көзі әлсін-әлсін шапақ атады. Таң ата қоймаған соң, жылы төсекті қимай тәтті ұйқыда жатыр. Әжесінің «тұр-тұрлаған» даусы Ерболдың мазасын қашырса да, ұйқы бойын талықсытып әкете берді.
– Қазір әже, тұрамын, – деді де, орнынан денесін мәжбүрлеп көтер­гендей болды. Жастыққа басын қайта тигізгісі кеп барады. Осы сәтте әжесі­­нің саңқ еткен даусы тағы да естілді.
– Атаң сыртта дайын тұр. Күн көтерілмей таудағы үйге жетуіміз ке­рек. Бол, қарағым, тездет, – деген үні енді бұған тіпті жақыннан естілді.
Әжесі Ерболдың жатқан бөлмесі­нің есігін ашып қарағанда ол орнында ұйқылы ояу отырған еді. Әжесімен бірге ауызғы бөлмеде тұтанып жатқан отынның иісі қоса кірді. Бөлменің іші әлі де жыли қоймаған. Ұйқылы ояу отырған Ербол денесінің салқындап, тітіркеніп қалғанын сезді де, тездетіп киіне бастады. Жаңа салынған бір бума шыбық қазақы пеште шатырлап жанып, бетіндегі жарықшадан қабырғаға оттың жарығы түсіп тұр. Терезенің алдындағы май шамның жанып тұрғанына да біраз болғанға ұқсайды. Шамның пілтесінен қара түтін жоғары тартып, шишасын күйелетіп жіберіпті. Ербол пештің желкесінде тұрған етігін алып, аяғына бауын да қадамай сұға салды да, сыртқа шығып, жегулі тұрған ат арбаға отырды.
Күрең жылқыға жегілген үлкен шана қалың қардың бетінде жеп-жеңіл жүріспен зымырап келеді. Таң бозарып, айнала анық көріне бастағанымен күн төбеге көтеріле қоймаған. Түнімен тоқтаусыз қылаңдап жауған қар, бүкіл таудағы даланы үлбіреген үлпек­ке орап тастаған. Ауылдан ілесе шық­қан сары ит тұмсығын қарға сүңгітіп жіберіп, біресе артта қалып, лезде арбаны қуып жетіп, кейде алдыға түсіп алып, құтырына ойнап келеді. Қар жаңа жауып, аязға ұрына қоймағандықтан ұлпа қарды оңды-солды тұмсығымен шашып келе жатқан мына иттің әреке­тін Ербол қызық көріп отыр.
Таудағы қыс көрінісін та­ма­шалап келе жатқан Ербол ата­сының жылқы жүрісін тежеп, оң жақ беткейдегі кішкене ғана ақшам үйге бұрылғанын аңғарды. Үй ішіне жайғасып отырғаны сол еді, кенет зілді дауыстың әлденені кесіп айтқанын естіді. Жарықша үнді ер адамның булығып:
– Жасымның жетпіске кеп қал­ғаны мынау, өмір мені де аяған жоқ. Сен нені көрсең, мен де соны көрдім. Күнәсін арқалаған әкем соғыстан оралмады. Енді мені несіне бұлай сырт айналып жазалайсың, – деген сөздерді анық естіген Ербол бұл кісі кім болды екен деп, есіктің босағасына жақын­­дап кеп әрі қарай құлақ салды.
– Бала күнімде көз алдымда болған сол жағдайға сені жазғырмаймын. Бі­рақ туған ағасының ұлын ойланбастан өлтірген атаның ұрпағымен емен-жарқын араласа да алмаймын. Мені қуанышыңа шақырып, қолқалама. Осы жерден қайт, – деген атасы отырған жерінде қырын қарап алды.
Осыдан кейін әлгі кісі басын төмен салып, қайтып кетті. Атасының жанына ақырын кеп отырған Ербол бірінші рет оның жанарынан жасты көрді. Көзінің айналасындағы терең әжімнің қыртыстарына әлгі тамшы жас сіңіп кеткендей. Атасы сол көз жа­сын немересіне аңғартпағандай болды.
Есейе келе сол жағдайдың анық-қанығын ұғынған Ербол екі қарттың бір-біріне деген өкпе-назының тарихы тым тереңде екенін ұқты. Өткен жағ­дайға олардың ешқайсысы кінәлі де емес шығар. Сұм саясат пендеге сұрқиялығын жасатты ғой…
Ашаршылық жылдары ілдәлда­лап күн көріс етіп жатқан көршілес ағайындылардың балалары екі үйге кіріп-шығып жүретін-ді. Сол күні үнемдеп жеп жүрген тарының соңғысын дастарханға қойған екен. Басқа балаларға қарағанда пысықтау келген інісінің ұлы шыныдағы бір уыс тарыны аузына құя салып, ұртында шайнап тұрған жерінде шүйдесінен әлдекімнің кесеуді қойып кеп қалғанын аңғармай да қалады. Аузындағы тары шашылып, қызыл қанға боялған бала тіл тартпастан қайтыс болған екен. Өз балаларының тарыдан құр қалғанына ашуланған әке інісінің ұлын өлтіріп қойғанына қанша өкінсе де, сол әре­кетке не себепті барғанын түсінбей ақтала да алмады. Екі үйдің ағайындас ойын балалары көз алдарында болған бұл оқиғаны қарттық жасқа келгенше ұмыта алмаған екен.

Гүлжан Ниязқұлова.

Поделиться ссылкой: