Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

423 Views

Қазақтың қабырғалы қаламгері Қабдеш Жұмаділовтің «Тарих – үстіне не құйсаң божып тұра беретін сабадағы іркіт емес» деген сөзі бар. Бұны қалай түсінуге болады? Бұдан шындықты бүркемелеп, тарихты өз пайдасына бұрмалағысы келгендердің түптің түбінде «шынайы бетпердесі» ашылады деген ұғымды аңғаруға болады. Мәселен, XX ғасырда қарға тамырлы қазақ халқы қиындықтың небір көкесін көрді. Шындығында көрсетті. Ел тұтқасын ұстаған азаматтарды жер аударды, түрмеге қамады, атты. «Асыра сілтеу болмасын, Аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың малдарын кәмпескеледі. Халық үдере көшіп, шет ел асты. Тіпті, қолдан жасалған ашаршылық салдарынан халық қынадай қырылды. Бірақ «Қаратаудай қараны, Алатаудай ақ жеңеді» деген. Көрер жарығымыз бар екен. Осындай қиын-қыстау кезеңнің бәрін жеңіп, бүгінгі күнде Тәуелсіз ел атанып отырмыз. Шүкір. Құдайға мың да бір тәубе.
Білесіздер, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, «Аманат» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қанатбек Арыстанбеков, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері орталық алаңдағы тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Салтанатты митингте аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы ұлттық рух жайлы тебірене сөз сөйледі.
М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: