АУЫЛДЫҢ ГҮЛДЕНУІ – ҚАУЫМНЫҢ ГҮЛДЕНУІ

577 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Ел Президенті «Балаларға ерекше назар аудару керек. Балалардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп, балаларға айрықша көңіл бөлу керек екенін ескерткен еді.
Мемлекет басшысының жүктеген міндеті, берген тапсырмасы әр өңірде орындалып жатыр. Мәселен, Луговой ауылындағы орталық саябақ ішінде балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Алаңның ішіне көпшілік демалатын орындықтар қойылып, әткеншек, сырғанақ секілді ойын құрылғылары орнатылған. Салтанатты шарада сөз сөйлеген ауыл әкімі Мұратбек Сванов балғын балалардың игілігіне берілген ойын жабдықтарын ұқыпты пайдалануға, салғырттық танытпауға шақырды.
– Балалардың игілігі үшін жасалған алаңды таза ұстап, әткеншектер мен ойын құрылғыларын дұрыс пайдалану керек. Әрбір адам қоғам алдындағы міндетті, ғалам алдындағы парызды ұмытпағаны абзал. Балалардың қауіпсіз жерде ойнап, қауіпсіз жерде жүргені ата-ана үшін де маңызды. Сондықтан да, осы алаңды өз игілігіміз үшін дұрыс пайдаланайық. Алаңға өзгенің емес, өз меншігім деп қарап, әткеншектер мен сырғанақтарды сындырмайық, – деді ауыл әкімі.
Алаңның лентасын Луговой ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бейсенбек Әлпейісов пен «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Мұратбек Өмірзақов қиып, құттық­тау сөз сөйледі.
– Луговой ауылдық округінде көптеген ілкімді істер атқарылып, жанды жадыратар жұмыстар істеліп жатыр. Бұл істер өз жалғасын тауып, жаңа жұмыстардың да қарқынды жүруі абзал. Мәселен, осы алаңды әлі де абаттандырып, әлі де гүлдендіру қажет. Ауылдың гүлденуі әрбір адам үшін маңызды екенін ұмытпағанымыз ләзім, – деді Бейсенбек Әлпейісов.
Алаңның ашылу салтанаты аяқ­талып, бүлдіршіндер ойын алаңына асықты. Алаңның ашылғанына дән риза балалар мейірленіп, балаларға сүйсінген әжелер мен аналар қауқылдасып, халық арқа-жарқа болды. Ауылдың талантты бүл­дір­шіндері ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті.
Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: