Луговойлық жастар кәсіпкерлікке бет бұрып келеді
Осыдан бірнеше ай бұрын редакция телефоны шырылдай берді. Тұтқаны көтерсек, арғы жағында Луговой ауылының әкімі Мұратбек Сванов сөйлеп тұр…
Жәнібек, ассалаумағалейкум! Қалдарың қалай? Сендерге бір өтінішім бар еді… Біздің ауылда кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін лайықты жүргізіп отырған жандар жетерлік. Солардың басым бөлігі жастар екендігі көз қуантады. Шыны керек, олардың істеп отырған ілкімді істеріне қарап, кейде қайран қаламын. Сондай-ақ, олар тек ауданның дамуына үлес қосып қана қоймай, жомарт жандар екенін де дәлелдеуде. Дәл қазіргі таңда олар ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Жас болса да үлкендермен үзеңгілесіп, тірлік қылып жүрген жандарды басылым бетінде жазсаңдар, – деп өз өтінішін ортаға тастады.
Өтінішті өзекке теппейтін жандармыз ғой! Бірден қабыл алдық та, он мыңнан астам халқы бар Луговой ауылына қарай жол тарттық. Ондағы ең бірінші мақсатымыз – ауылдық округ әкімінің өтінішін орындау. Екіншіден, нәсібін кәсібінен тауып жүрген жастардың жай-күйімен танысу болатын.
Әуелі ауыл әкіміне жолықтық. Ол біздің қолымызға бірнеше кәсіпкердің есімі жазылған тізімді ұстатты. Зер салып едік, Досжан Бейбітов есімді азамат көзімізге оттай басылды.
Өз басым Досжанды бұрыннан танимын. Мен оны өз ісіне ұқыпты, адамдармен тез тіл табыса алатын азаматтар қатарына жатқызамын. Шатаспасам, 2019 жылдың қаңтар айында болуы керек, аталмыш ауылда «Тауман» деп аталатын сауда орталығының лентасын қиып, ресми түрде өз кәсібін бастады. Бүгінде бастаған ісі нәтижесін беріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Кәсібіміздің түп төркіні ауылшаруашылығымен байланысты. Неге дейсіздер ғой?! Жауап берейін. Біз отбасымызбен бұл кәсіпті бастамас бұрын мал шаруашылығымен айналысқан едік. Бүгінде осы салаға толығымен ойыстық. Аллаға шүкір! Дәл қазір жұмысымыз ойдағыдай жүруде. Орталықта азық-түлік пен киім-кешек дүкені, сұлулық салоны бар. Одан бөлек ТЖО және көлік жуу орталығы бар. Бас-аяғы онға жуық адам жұмыс істейді. Енді қайырылымдылыққа келер болсақ, қолдан келгенше жағдайы төмен ауыл тұрғындарына қол ұшын созып тұрамыз. Оның бәрін егжей-тегжейлі айтқанымыз дұрыс болмас,– деп сыпайылық танытты. Досжанның жұмысына сәттілік тілеп, біз келесі кейіпкерімізге жол тарттық.
Біз келесі жолыққан кәсіпкер – Дәурен. Дәурен Құтпанов та өте қарапайым, ұяңдау келген жігіт екен. Ең бастысы – өз ісіне келгенде ұқыпты. Құрылыс материалдарын саудалайтын дүкенінде бәрі өз орнында тұр. Біз барғанда саудаласуға келген әрбір тұтынушыға керегін лезде тауып беріп жүр екен. Ақыры кезек бізге де келді. Келген себебімізді айтып едік, қарсылық танытқан жоқ. Керісінше жылы қабағымен қарсы алып, қойған сұрағымызға қысқа әрі нақты жауап беріп жатты.
«Кәсібіміз 2012 жылы азық-түлік дүкенінен басталды. Әкем аманаттап кеткен кәсіпті биік шыңға жеткізгім келеді. Келешекте кеңейтіп, үлкен сауда орталығын құру жоспарымызда бар. Дейтұрғанмен, қазіргі жағдайымыз да жаман емес. Бүгінде мұнда газ құю бекеті, құрылыс дүкені демалыссыз жұмыс істеп тұр. Қазақта «Қайырылымдылық – асыл қасиет» деген сөз бар. Бұл тәмсілді біз де берік ұстанамыз. Ауылымыздағы жағдайы нашар отбасыларға көмек беріп, арнайы қорларға қаржылай қолдау көрсетеміз», – деп жауабын қысқа қайырды.
Үшінші кейіпкеріміз – Нұрсұлтан. Нұрсұлтанды да бала кезден танимын. Жалғыз мен ғана емес, бұл жігітті аудандағы біраз азамат танитын болар. Замандасымыз дәл қазір аудан орталығындағы «Жібек жолы» сауда нысанында үйге керекті электронды және техникалық құрал-жабдықтарды саудалаумен айналысады. Бір таң қалғанымыз Нұрсұлтан кітапты көп оқитын азаматтар қатарынан екен. Жәй емес, бизнеске бастайтын, кәсіпкерлікке келтіретін кітапты көп оқитыны сөйлеу мәнерінен-ақ көрініп тұр.
«Кітап оқуды бала кезден ұнатамын. Оқыған сайын бағыт-бағдарым айқындалып, мәселені шешу жолдарын көріп тұрамын. Білесіздер ме?! Кәсіпті бастамас бұрын аудан орталығын аралап шықтым. Жаяу. «Неге?» деген сұрақ санаңызға сап ете қалған болар… Жауап берейін. Қолымда қойын дәптер мен қаламсап бар. Базардан бастап, ауылшаруашылығы колледжіне дейін жолды жүріп өттім. «Не бар?» және «Не жоқ?» деген сауалдарды өзіме қойып, жауабын жазып келемін. Ақыры бір тоқтамға келіп, адам көп жүретін жерден кәсіп ашуды ұйғардым. Биіктедім. Кейде құлдырадым. Бірақ, берілмедім. Жақындарымның қолдауын сезініп, алға баса бердім. Бүгінде Аллаға шүкір, өз жолымды тапқандаймын. Кәсібімді дөңгелетіп, аудан орталығынан нысандарды сатып алып, оларды жалға беріп отырмын. Бұл – мен атқарып отырған жұмыстың бір бөлігі ғана. Алда әлі талай жоспар бар. Негізінен кәсіпкердің жолында талай қиындық кездеседі. Соны еңсерген адам ғана өз мақсатына жете алады, – деп болашақ жоспарымен бөлісті.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Луговой ауылының әкімі айтқан жас кәсіпкер жігіттер осындай. Мақтауға тұрарлық. Жастығына қарамастан, ақылға қонымды тірлік етеді. Бұл – бір. Екіншіден, ауыл әкімінің бір жағына шығып, өз ауылдастарының ауыр халіне бей-жай қарай алмайды. Қолдан келгенше демеп, қолдау көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз азаматтар. Меніңше, «Жаңа Қазақстан» дәл осындай жандармен бірге құрылмақ. Жасаған жақсылықтарың екі еселеніп өздеріңе қайтсын, жігіттер!
Жәнібек СҰЛТАН.

