Тұрғын үй саламын десеңіз…

452 Views

Өмірде өзінің жеке үйі болуын армандамай­тын жан жоқ шығар, сірә! Біреулер бар жиған-тергеніне, біреулер ипотекаға пәтер сатып алса, басқалары өз арманындағы жеке үйін тұрғызуға білек сыбана кірісіп жата­ды.
Алайда, жеке үй тұрғызу Ереже­лерін сақтау керектігін қалың көпші­лік біле бермейтіні анық. Сондық­тан, заң талаптары бұзылған соң, салынып қойған үйдің бұзылу оқиғалары да көп кездеседі.
Ендеше, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін жер телімін алып, жеке үй тұрғызу алдында қандай Ережелерді ұстану керек екенін, жеке тұрғын үй құрылысын рәсімдеу ережелерін назарларыңызға ұсынамыз.
1. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді сатып немесе қала, ауданнан кезекпен алмас бұрын таңдалған қоныс жер телімі ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен жеке тұрғын үй орналастыру және шаруашылық жүргiзу үшiн азаматқа берiлген жер учаскесi екеніне, бұл учаскені белгілі уақыттан кейін мемлекет қажеттілігіне алып қоймайтындығына көз жеткізі­ңіз. Жер телімі қаланың не жергілікті жердің бас жоспарына сәйкестігін, жақын арада бұл жер телімі арқылы облыстық немесе аудандық маңызы бар жол салынбайтынын тексеріңіз.
Бұл мәліметті қала мен ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінен толық алуға болады.
2. Таңдаған жер теліміңіз бөлінбейтін және оның үлескер қожайыны болсаңыз, мамандардың айтуынша, сатып алу-сату келісім шартын жасамас бұрын, алдағы салынатын жеке тұрғын үй құрылысына көршіңіздің келісімін алғаныңыз абзал.
Ең дұрысы – рұқсатты нотариалды түрде рәсімдеу қажет.
3. Жер телімін сатып немесе кезекпен алғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни болашақ үйіңіздің жоспарын жобалау мен әзірлеуге рұқсат құжаттарын алуыңыз қажет.
Ол үшін алдымен www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне өтінішіңізді, бекітілген жобалау тап­сырмасын, жер учаскесінің құ­жаттарын, техникалық шарттарға арналған сауалнамалық парақты тапсырасыз.
Техникалық парақта комму­никацияларды өткізгендегі қа­жетті жүктеме мен қуаттылық белгіленеді.
Мәселен, жер үйлерде электр қуаты күніне 5 КВт, су күніне 0,76 текше метр болады. Бұл қызметтер мемле­кет­тік болғандықтан тегін жасалады. Құжат­тарыңызды www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсырғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды 6 жұмыс күні ішінде ала аласыз. Бұл құжаттар құ­рылыс жүргізіліп жатқан бүкіл мерзім бойы жарамды. Өтінішіңіз қабылданбаса, 5 күн ішінде негізделген жауап келеді.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасында сейсмикалық жағдай, үй көлемі (жер телімінің 20 пайызы көгалданды­руға жұмсалуы керек), жердің үйге қарағандағы пайыздық ара салмағы, әрлеу және инженерлік желілерге қойылатын талаптар, құрылысты жүргізуге қойылатын талаптар ескеріледі.
4. Тапсырыс беруші Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алғаннан кейін эскиздік жобасы әзірленеді. Салынатын үйдің жоспарын жеке меншік кәсіби мамандар дайындауы тиіс. Баға мөлшері үйдің ауқымына қарай өзгереді. Бұл құжатта техникалық шарттар, атап айтқанда, жарық беру, су, газ жүргізу, кәріз нүктелері және жер шекарасынан бері қойылған шегініс де жазылуы қажет.
Сондай-ақ, шаруашылық құры­лыстарын, гараж, қоймаларды да көр­сету керек. Бұл нысандар техникалық (паспорт) құжатқа ен­гізіліп, жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан (Әділет органы) тіркеуден өтуі қажет.
Жобада қауіпсіз тұру талаптарына сай келетін, тұрғын ғимараттарға ар­налған ең аз мемлекеттік нормативтер және стандарттардан төмен емес құрылымдық және жоспарлау ше­шім­де­рі көрсетіледі.
«Жеке тұрғын үй құрылысы ту­ра­лы» ҚР (03.11.1994 ж №213) Заңының 3-бабына сәйкес, құрылыс салушы тұрғын үйдi белгiленген құрылыс және мiндеттi қалыптар ережелердi бұзбайтын және облыстық маңызы бар қаланың, ауданның жергiлiктi атқа­рушы органының сәулет және қала құры­лысы бөлімімен келiсiлген кез келген жоба бойынша салуға құқылысыз.
Белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген учаскесiнде орналасқан тұрғын үй мен басқа да құрылыстардың көлемiн олардың сыртқы тұрқы (соның iшiнде биiктiгі) осы құрылыстар, сондай-ақ шектес жер учаскелерiндегi белгiленген мiндеттi қалыптық, санитариялық, өрттен қорғау және техникалық арақашықтықты қамтамасыз ететiн жағдайда жеке құрылыс салушы дербес белгiлейдi.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 60 бабының 2 тармағы 1) тармақшасына сәйкес, облыстық маңызы бар қаланың, аудандардың (аудандық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (жеке меншiк иесi) жобалау (жобалық-сметалық) құжаттамаларынсыз, не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша, сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды жүзеге асыра алады.
5. Дайын болған эскиздік жобаны келісу – маңызды қадам.
Барлық құжаттар www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жергілікті сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жіберіледі. Эскиздік жобаның көшірмесі болуы шарт. Құжаттарды қарау мерзімі – 10 күн. Тұрғын үйдің жоспары бекітілгеннен кейін ешқандай өзгерістер енгізе алмайсыз. Құрылыс эскиздік жобамен сәйкес жүргізілгені абзал. Олай болмаған жағдайда оны пайдалануға қабылдамау қаупі де жоқ емес.
Осы шарттарды орындағаннан кейін жеке тұрғын үйді тұрғызуға кіріссеңіз болады.
6. Тұрғын үй құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан соң, «Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау қағидаларын, сондай-ақ қабылдау актісінің нысанын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрі­нің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №867 бұйрығына сәйкес, пайдалануға қабылдау Актісі арқылы жүзеге асырылатынын назарларыңызға жеткіземіз.
Жеке тұрғын үй пайдалануға қабылдау актісімен қабылданғаннан кейін, жергілікті қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеуден өткізу міндетті.

Жамбыл облысы әкімдігінің
сәулет және қала құрылысы
басқармасы.

Поделиться ссылкой: