Мәселеміз шешілсе дейді қоғамдық қабылдауға келгендер

983 Views

 Партияның аудандық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауда аудан тұрғындары жиі болып тұрады. Уақыт үдерісінде қандай қиындықтар болмасын, халықтың қиналмауы үшін барын салып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, өзекті мәселелерді атқарушы билікті қатыстыру арқылы дер кезінде шешіп келеді. Бір ғана мысал, сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға келгендер көкейде жүрген сауалдарын жолдап, Асқар Санатұлынан мәселелерін шешіп беруін өтінді. Атап айтқанда Құлан ауылының тұрғыны Сауаткүл Жидебаева тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алған қызының жұмыссыз жүргенін, Луговой ауылының тұрғыны Дария Тулендибаева басында баспанасы жоқтығын сөз етті. Құлан ауылының тағы бір тұрғыны Оразкүл Несіпбекова болса Тұрар Рысқұлов көшесіне асфальт төсеуге ықпал етуін сұранды. Зәуімен бір келгенде меселін қайтармай, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді заматында орындауды жөн көретін аудан әкімі жұмыс пен баспана мәселесін шешіп беретінін айтып, қамкөңіл жандарды жұбатты. Ал, Тұрар Рысқұлов көшесіне жуық арада асфальт төселетінін жеткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген әр тұрғынның өтініш-шағымдары жауапсыз қалмай, шешімін тауып жатқандықтан болар, қабылдауға жазылған азаматтардың қарасы көп бүгінде. Соның бірқатарын партия аудандық филиалының ғимаратында Президенттің бес  әлеуметтік бастамасын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың  депутаты, Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Абай Нұржанов қабылдады. Сәрсенбі күні өткен қоғамдық қабылдау кезінде онымен бірге Президенттің бес әлеуметтік бастамасын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова да болып, қабылдауға келгендердің сан түрлі сауалдарына құлақ түрді. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары келіп қатысты. Қабылдауда қойылған сұрақтардың дені үй алу, үй салу немесе жеке бизнес ашу жолдары болды. Мәселен, Құлан ауылының тұрғыны Айгүл Қанаева «7-20-25» бағдарламасы аясында үй алуға мүмкіндігім бар ма, деген сұрақпен қайырылса, Тегін алған жер теліміне үй салуға қаражаты жоқ Каменка ауылының тұрғыны Бақтияр Асқар мемлекет жерді қайтарып алып қоя ма деп алаңдайды. Сол секілді құландық Индира Алимбаева аудан орталығынан дүкен ашқысы келеді екен. Өз кезегінде ол бизнес жоба арқылы несие алу жолдарын сұрады. Осы және өзге де көптеген сауалдарға жауап берген Абай Құралбекұлы мен Айнұр Шайызханқызы қабылдауға келгендерге Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру туралы қысқаша түсінік беріп отырды.

Мереке СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: