ЕЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

771 Views

 

Есімі елге белгілі даңқты сазгер Мэлс Өзбеков дүниеге келген Көкдөнен ауылынан талай мықты спортшылар шыққан. Мәселен, тірісінде волейболдан спорт шебері атағын иеленген Назар Қырбасов, Қанат Байғабылов секілді жүйріктер кезінде осы ауылдың абыройын талай жерге шарықтатқанын ауыл тұрғындары әлі күнге дейін айтып жүр. Бүгінде облысымыздағы жасөспірімдерді волейболға баулып, аға жаттықтырушы қызметін атқарып жүрген Нұрбол Жексенбиевтің Көкдөнен ауылының тумасы екенін өз басым бұған дейін білмеппін. Мінеки, көрдіңіз бе? Бұдан соң “нағыз таланттар ауылдан шығады” деген пікірге қалай ғана иланбайсың. Осы ретте «Волейболдан өзге үлкен жетістікке жетіп жүрген қандай  спортшылар бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған жауап дайын. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында  үстел теннисінен ел чемпионы атанған Ерсін Станбекті ағалар салған сара жолдың ізбарасы деп топшылайтындардың қатары Көкдөненде өте көп.

Ерсінмен бірге енді бұл тізімге Нұржау Теметаев пен Самат Есекеевті де қоссақ болады. Өйткені, жуырда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен ел біріншілігінде Нұржау Аманұлы 50 шақырымға еркін әдіспен жүзуден жүлделі III орынды иеленді. Ал биыл 3 мәрте ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының кубогінде Самат Болатұлы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Биыл 48 жасқа толған Нұржау Теметаевпен пікірлескенімізде ел чемпионатының тартысқа толы болғанын айтты. Орда бұзар отызында көкпарды оңды-солды тартып жүрген Самат Есекеевтің де мықтылығына қол соғуға болады. Әйтпесе, республикалық жарыста екінің -бірі жүлдегерлер қатарынан көріне бермейтіні белгілі.

Апта басында аудан әкімі Асқар Қырықбаев Ерсін Станбек, Нұржау Теметаев және Самат Есекевті өз кабинетінде қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Өз сөзінде Асқар Санатұлы:

– Ауданымызда жаңа спорт кешені ашылды. Енді онда тәлім алып жатқан жеткіншектер өз жаттығуларын сондағы залда өткізетін болады. Алдағы уақытта қазіргі Ермахан Ыбырайымов атындағы спорт мектебінің ғимаратын өздеріңіз секілді спортты серік еткен сайыпқырандардың еншісіне берсек деп отырмыз. Мақсатымыз – сіздер секілді талантты азаматтарымыздың шеберлік деңгейлерін арттырып, қолғабыс ету. Байрақты бәсекелерге жиі қатысыңыздар. Біз сіздерді әрқашан қолдауға әзірміз. Жеңістеріңіз көп болсын, -деп, жаттықтырушылары Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімдері Ерболат Мырзатаев пен Жансерік Төреқұловқа өз алғысын білдірді.

Айтылған кемшіліктердің көбісі орындалған Қоғамдық Кеңестің төралқа отырысынан

Жаңа оқу жылы қарсанында аудандық қоғамдық Кеңестің төралқа мәжілісінен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорларының тарапына айтылған сыни пікірлердің жай-жапсарын сөз етіп, газет бетіне жазған болатынбыз. Бұл тақырыпқа қайтадан қайырылуды жөн санаған қоғамдық Кеңестің төралқа мүшелері апта басында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровпен мектеп директорларының басын қосып тағы да жиын өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен келелі отырысты аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев ашып, жүргізіп отырды.

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген өнегелі сөзін тілге тиек еткен Шорабек Атабаев өткен жолғы мәжілістен кейін жаңа оқу маусымына дайындық жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілгенін айтты. Яғни, «Мен сол отырыстан соң Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне бас сұқтым. Әктеу және сырлау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Нәтиже жоқ емес. Еңбек бар. Осы орайда, мектеп басшысының еңбекқорлығы мен іскерлігін бағалау орынды деп санаймын» деді қоғамдық Кеңестің төрағасы. Жасыратыны жоқ, өткен басқосуда Кызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектептің директоры Әнуарбек Тұрманбетов пен Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінің директоры Ақбота Стыбаева ғана мақтауға лайық болған еді. Төралқа жиыны басталмас бұрын «Бұл жолы қайтер екен? деген күмәніміздің болғаны рас. Алайда, зерделеу ісін қайта шолып шыққан арнайы топтың жетекшілері Есенкүл Мұхтарова мен Ертіс Тұғылшиевтің сөйлеген сөздерінен кейін ол ойымыз толығымен өзгеріп сала берді. Алғашқы жиында сын садағына іліккен мектеп директорлары айтылған кемшіліктердің барлығын тұтастай реттеген екен. Дегенмен, кезінде атағы алысқа тараған №2 орта мектептің (қазір Әлихан Бөкейханов есімімен аталады) хал-ахуалына қоғамдық Кеңестің төралқа мүшелері қатты алаңдаулы. Ауданның Құрметті азаматы Түзел Алагөзованың айтуынша, мектеп директорының 7 бірдей орынбасары бар көрінеді. Осы және бұдан өзге мәселелердің мәнісін тарқатқан байырғы ұстаз аталмыш мектептің абырой-беделі бұрынғы қалыпқа түскенін қалайтынын жасырмады. Кеңес отырысында мектеп оқушыларының тәртібі де сөз болды. Осылайша, екі сағаттан астам уақытқа созылған қоғамдық Кеңестің төралқа мәжілісінің негізгі түйінін қорытындылаған Шорабек Атабаев білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров пен мектеп директорларына бірқатар ұсынысын айтты.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: