Құрбандыққа қандай мал шалынады?

427 Views

Құрбан шалудың артықшылығы
Жаратушымызға сансыз мақтаулар болсын, Алла Елшісі Мұхаммедке с.ғ.с. игіліктер мен сәлемдер болсын! Діни мерекелеріміздің бірі болып саналатын Құрбан айт мерекесі де жақындап келеді. Құрбан айт мерекесінде жұртымыз Алла жолына өздерінің арнайы даярлап жүрген құрбандық малдарын шалуға өз әрекеттерін жасайды. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!» (Кәусар сүресі 3-ші аят). Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Құрбандық жайында сұраған кезде: «Бұл бабаларыңыз Ибраһимнен қалған сүннет болып табылады. Шалынған малдың әрбір қылшықтары, түктері үшін сауап аласыздар», – деп жауап берген екен. (Ибн Мәжә риуаяты). 

Құрбандық араб тілінің «құрб» сөзінен шығып, «жақындау, жақын болу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, біздер Алла жолына арнап мал сойып, Аллаға жақындай түсеміз. Бұл да ғибадаттың бір түріне жатады.
Хадис шәріпте Пайғамбарымыз с.ғ.с айтады: «Адам баласы үшін құрбан айт күндерінде Алла Тағала жолында құрбандық шалудан артығырақ, яғни сүйкімдірек амал жоқ.Ол күндері шалған құрбандықтары қиямет күні өз иелеріне куәлік етеді. Құрбандықтың қаны жерге түспестен алдын дұғасы қабыл болады. Демек, құрбан шалып көңілдеріңді шаттандырыңдар», – дейді.
Құрбандықты шалудың уақыты
Зұлхижжа айының оныншы күні айт намазы оқылғаннан бастап, он екінші күні күн батқанға дейін жалғасады.Яғни, айттың үшінші күнгі ақшам намазына дейін.Бұл ғибадат пақыр-кедей мен жолаушыларға уәжіб емес.
Құрбандыққа сойылатын малдар: қой, ешкі, сиыр және түйе. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы керек.
Құрбандыққа дайындаған мал­дар­дың бойында еш кемшіліктер болмауы тиіс. Екі немесе бір көзі жоқ болса, арықтау болса, ақсақ, құлағы мен құйрығының үштен бір бөліктері кесілген болса, сойылатын жерге өз аяғымен жете алмайтындай деңгейде болатын болса т.б. мұндай малдар құрбандыққа жарамайды. Қой мен ешкі бір кісі (отбасы) үшін, сиыр мен түйе бір адамнан жеті адамға (отбасы) дейін арналып шалынады. Жеті кісі серіктесіп сойылған мал ет­тері теңдей етіп жетіге бөлінуі ке­рек. Әйтпесе, құрбандықтары есеп­ке алынбайды. Әрбір адам өзінің құр­бандық еттерін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж адамдарға, бір бөлігін көр­ші-туыстарына пісіріп, қонақ етуіне және қалған бір бөлігін өз шаңы­рағына қалдыруы – сүннет амалы.
Құрбан шалуға қатысты кейбір мәліметтер
Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, жолаушы емес, нысаб жағынан айтатын болсақ, күнделікті өз қажетінен бөлек өз қорында тұрған, яғни 85 грамм алтын немесе күмістің құнындай дүниеге ие болған әрбір мұсылманға уәжіб болып саналады. Бұл нысапқа өз үйі, көлігі, мал-мүлкілері де кіре береді. Ең бастысы жоғарыдағы аталған нысаптарға ие болғанына бір жыл толуы керек. Демек, былайша айтқанда әрбір жағдайы бар мүміндер үшін уәжіб болып табылады.
Бір кісі құрбан айтта бірнеше құрбандық шалған болса,олардың біреуі ғана уәжіб болады да, қалғаны жәй нәпіл (садақа) құрбандық болып қалады.
Бірнеше кісі бірігіп бір малды (сиыр,түйе) құрбандық шалып жатқан кезде, қасапшы әрбір адамдардың аттарынан деп, тілге тиек етіп, жеке-жеке атап шығуы шарт емес, шын жүректерінен шыққан ниеттері болса жеткілікті.
Жағдайы бар (бай) кісі құрбан айты жақындап қалғанда белгілі себептермен кедей, пақыршылыққа айналып қалған болса, онда оған құрбандық шалу міндет емес.
Соямын, шаламын деп арнайы алып қойған малы жоғалған немесе өлген болса, иесінің мойнынан құр­бандық түседі. Орнына басқасын алып сою шарт емес. Егер де жоғалғаны кейіні­рек табылып жатса, ол кезде оны (табыл­ғанды) сою, шалу міндет болып табылады.
Ақшасын санаулы күндерде (қа­рызға) беремін деп құрбандыққа мал алған болса, қабыл етіледі. Алған қарыз сол отбасының барлығының мойнында тұрады.
Мынаны естен шығармағанымыз жөн, құрбан шалу тек зекет беретіндей бай адамдарға ғана емес, пітір садақасын төлей алатын жағдайдағы әрбір мұсылманға уәжіб болып табылады.
Құрметті оқырман!
Құрбан айт мерекесі қарсаңында бұл мерекені қадірлеу үшін дінімізге, Отанымызға және өз шаңырағымызға пайдалы істер жасап, айт күндерінде ғибадаттарымызды толықтай орын­дап, ізгі амалдармен айналысып, көңіл­дерімізді шаттандырайық. Ата-ана, бауыр, туысқандар мен дос-жарандарымыздан хабар алып, басы­мызға әркез амандық таңының атуын тілеп, мерекені ақ жарқын, шын көңілмен өткізуге атсалысуды нәсіп етсін.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: