Өңір басшысы жайылым тапшылығын жою жұмыстарын сынға алды

363 Views

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру, мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға бейнеконференция байланысы режимінде аудан әкімдері де қатысты. Кеңес барысында Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың тиімділігіне кезең-кезеңмен талдау жүргізу, сондай-ақ әрбір ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын әзірлеу бойынша міндеттер қойды. Аудан әкімдеріне жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін бес негізгі бағыт бойынша шаралар қабылдау жүктелді.

Жиында алдымен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов ағымдағы жағдай мен биылғы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
– Бірінші бағыт – елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажеттігі. Жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда тек Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді.

Екінші бағыт – ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайы­лымдық жерлерді мемлекеттік меншігіне қайтару. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен — 5,0 мың гектар қайтарылды.
Үшінші бағыт – орман қоры жер­лерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану. Әзірге тек 132 адам 112,1 мың гектар жерді иеленді.
Төртінші бағыт – жер пайда­ла­нушылармен меморандумға қол қою. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жет­кізілді.
Бесінші бағыт – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айна­лымға қайтару. Жалпы, 145,9 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарлануда, 6 ай ішінде 52,6 мың гектар қайтарылды, – деді Б.Көпбосынов. Алайда, аудандардың барлығы дерлік бекітілген жоспарды орындауда селқостық танытқан.
Аймақ басшысы аудан әкімдеріне қатаң талап қойып, бұрын берілген тапсырмаларды орындамағаны үшін жер қатынастары басқармасының, аудан әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
– Аудан әкімдері ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның көлемін ұлғайтуды сұрайды. Әрине, жобаны іске асыру нәтижесінде мал басы өсетіні баршаға түсінікті. Егер сіздер жайылым мәселесін шеш­песеңіздер, бұл малды қайда жаюға ниеттісіздер? Нақты жоспар бар, әдістеме түсіндірілді, күн сайын осы мәсе­лелерге уақыт бөлу қажет. Біз мұны талқылап жатқанымызға бір жыл болды. Бұл іске білек сыбана кірі­сетін кез келді. Біз онсызда бұған көп уақытымызды жоғалттық, – деген Нұржан Нұржігітов әдіснаманы өзгерт­пей, бес бағыт бойынша жұмысты сапа­лы және уақтылы жүргізуді талап етті.
Өңір басшысы бекітілген жоспар жыл соңына дейін толығымен орындалуы керек екенін еске салып, жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс екендігін қадап айтты.
Сондай-ақ, басқосу барысында ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларына, аудан әкімдіктеріне мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша сын-ескертпелер де айтылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ІҚМ аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсетілетін қызметтер субсидияланады. Десе де, бұл бағытта жергілікті деңгейде жүйелі жұмыс жолға қойылмаған.
– Жауапты тұлғалар ауыл тұрғын­дарына осы субсидияларды алуға неліктен көмектеспейді? Малды жа­санды ұрықтандыру фермалардың өнім­ділігін арттыруға көмектеседі. Соны­мен қатар, ветеринариялық-сани­тариялық әл-ауқатқа әсер етеді. Пи­лоттық жоба іске асырылып жатқан барлық округтерде бұл жұмысты толық көлемде жүргізу қажет. Субсидияларды ауыл шаруашылығы кооперативтері алатыны белгілі. Егер әкімдер бастама көтеріп, басқа ауылдық округтерде кооперативтер құрса, біз оны қол­дай­мыз. Біз қоғамның игілігі үшін қызмет етеміз. Халықтың табысын арттыру туралы кез келген мүмкіндікті пайдалану маңызды. Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы кеңес қоры­тын­дысында облыс әкімдігі жер қаты­настары, ауыл шаруашылығы басқар­маларының басшыларына ескерту жасады. Айта кетейік, дәл осы мәселелер бір жетіден соң қайта қаралмақ.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: