Өмен ақсақалдың өсиеті өскелең ұрпаққа өнеге
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Елімізде Елбасының Жарлығымен «Отбасы – бақыт мекені» атты Республикалық апта аталып өтіп жатыр. Қыркүйек айының 6 жұлдызында бастау алған апталық бүгін мәресіне жетеді. Осы айтулы мерекеге орай газетіміздің өткен санында «Өсіп-өнген әулет» тақырыбымен Толымбетовтер әулетін жазған едік. Сонымен қатар, биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Ниязқұловтар отбасы жайында сүйінші сұрай жазған ақпараттық мақаламыз жарық көрді. Бүгін біз осы отбасы апталығына орай газетіміздің бір бетін арнап отырмыз.
Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп Отан мен отбасы құндылығын егіз ұғымдай қатар қояды. Бұның мәні тереңде жатыр. Жастайынан жақсы тәрбие алмаған бала отбасы қадірін біліп өспейді. Отбасының қадіріне жетпеген Отанның да қадіріне жетпейді. Осы ұстанымды өмірінің мәні еткен Өмен ақсақал кіндігінен тараған 12 ұл-қызының тәрбиесіне жіті мән беріп, салт-дәстүрлерімізді бойларына сіңіріп өсіреді. «Бала тәрбиесінде отбасының ынтымағы керек. Өзіңнің әрбір ісіңмен, жүріс-тұрысыңмен үлгі болмасаң, балаларға «олай жасама, бұлай болмайды» дегеннен ештеңе өзгермейді. Халқымыз «Жапырақ тамырдан нәр алады» дегенді бекерге айтпағаны белгілі. Ұрыс-керіс арылмаған үйден ырыс қашады. Балалары дұрыс тәрбие алмайды. Сондықтан, ұрпағың ұлағатты болсын десең, әуелі өзің сол биіктен көрінуің керек. Сонда ғана ұлың ұлықты, қызың қылықты болып өседі. Мен бала тәрбиесінде осыған аса мән бердім. Құдайға шүкір, балаларымның ешқайсысы жаман атын шығарған жоқ. Құдай қосқан қосағым Баян апаларыңмен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешіп келе жатқаныма биыл 63 жыл болды. Ұл-қыздарымнан тараған 33 немере, 20 шөберем бар. Бұдан асқан қандай бақыт керек» дейді Өмен ақсақал ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойымен бөлісіп. Айтса айт қандай ұл-қыздары өсіп-өніп, үлгілі, өнегелі әулетке айналып отыр. Ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған қос қарияның ұлы Керімхан Ниязқұлов:
– Әкеміз де, шешеміз де өздерінің саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, бала тәрбиесіне жауапты болды. Тәлім-тәрбие берді. Осы кісілердің арқасында оқыдық, білім алдық, өстік-өндік. Ата-анамыздың атына кір келтірген кезіміз болған емес, -десе, келіні Шолпан Әбдіхалықова: -Келін болып түскеніме 30 жылға таяп қалды. Ата-енем үнемі білмегенімізді үйретіп, ақыл-кеңестерін айтып отарады, -деп ризашылығын білдірді.
Отанымыздың іргесі берік болуы үшін отбасының бірлігі бекем болуы маңызды. «Отан отбасынан басталатынын» жоғарыда айтып өттік. Ендеше, ұлтымыз кемелденіп, күшті әрі қуатты болсын десек, осындай бірлігі жарасқан берекелі отбасыларды әрқашан үлгі етуіміз керек.
Еркежан Ержан.