Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Дүниедегі ең үлкен байлық не? Басқалар қалай ойлайтынын білмедім, бірақ менің ойымша, ең үлкен байлық – ата-ана, жанашыр бауыр, адал жар, саналы ұрпақ. Ал қалғанын қолдан жасап алуға болады. Яғни, дүниедегі ең қымбат байлық – отбасы. Осы себептен де болар, елімізде бұл күн жыл сайын аталып өтуде. Ауданымызда да үлгі тұтар отбасылар аз емес. Соның бірі – Луговой ауылындағы Сұлтанбековтер отбасы.
Шаңырақтың шаттығын, берекесі мен мерейін асырып отырған қариясы, қазынасы – Кеңескүл Сүлейманқұлова апа. Құжат бойынша, ауданымыздың құрдасы, ал негізінде, 1935 жылы дүниеге келген Кеңескүл Нүсіпқұлқызының балғын балалық шағы сұм соғыстың қатал жылдарында өтті. Оның әкесі, ағалары бірдей соғысқа аттанды. «Сонда бала болсақ та, түн баласын ұйқысыз өткізіп, өкіметтің тапсырған жүнін түтіп беретінбіз, апамыз оны иіріп, қайтадан үкіметке өткізеді. Ал үкімет оны соғыстағы солдаттарға жылы киім тоқуға жібереді. Соғыс уақытында Бішкектен бидай, жүгері әкелетінбіз. Жүгеріні талқан етіп, бір кесе талғаннан быламық былғап, кезекпен әрқайсымыз бір қасықтан ауыз тиеміз. Қысты күні тезек теріп, мияның қурайын отқа жағып, жылынатын едік» -деп еске алады балалық шағын. Өзі Меркі ауданының тумасы болғанымен, кейін Восток колхозына көшіп келеді. Мектепте 7 сынып оқып, 1955 жылы Сұлтанбек есімді жігітпен шаңырақ көтереді. Отбасын құрғаннан кейін олар Құмарық ауылына көшіп келіп, осында біраз жыл қызмет еткен. Кейін Луговой станциясына көшіп барып, күні бүгінге дейін осы елдімекеннің тұрғыны атанып келеді. Жары Сұлтанбек – қой аузынан шөп алмас момын, еңбекқор, әрі жайдары мінезді кісі болған екен. Екеуі де талай жыл темір жол саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Отағасы 2003 жылы 80 жасында дүниеден озған. Дүниеге он бала әкелген Кеңескүл апа Кеңес дәуірінде «Батыр ана» атанса, еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін «Алтын алқа» иесі болды. Тұңғыш қызы Әтіркүл бүгінде пайғамбар жасына келген, ұлы Әбіл 59 жаста, ауылдағы белгілі кәсіпкерлердің бірі, келіні Күміскүл – ұстаз. Кеңескүл апа қазір осы үлкен ұлының қолында. Немере қыздары Анар мен Дариға бар күтімін жасап, батасын алып келеді. Одан кейінгі қыздары Сара, Гүлмира және Айман, кіші баласы Нұрғали кәсіпкер. Гүлнар есімді қызы аудандық ауруханада есепші, Әбілхан, Ерғали есімді ұлдары жүргізуші болып қызмет етеді. Әділжан есімді ұлы дүниеден өткенімен, оның да үш баласынан шөбере сүйіп отыр. Бүгінде 25 немере, 17 шөбере сүйген Кеңескүл Сүлейманқұлова осы үлкен отбасында не ұлы, бәрі бірдей ынтымақта өмір сүріп жатқанын мақтанышпен айтады. Немерелері де республикамыздың әр аймағында бір-бір мамандықтың иесі атанып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Шынында да, бұл отбасы қай жағынан алып қарағанда да, үлгі тұтуға тұрарлық.
Салтанат ҚАРАСАЕВА.