ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ауданға арнайы іссапармен келді

373 Views

Сәрсенбі күні ауданға арнайы жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков келді. Сенатор жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, ауданның қазіргі ахуалымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Дәл қазір ауданда агроөнеркәсіптік саланың тірлігі қыза түскен. Егінге орақ, шабындыққа шалғы түскен шақ. Бір сөзбен айтқанда, дала қызметкерлерінің бос жүргенін көрмейсіз. Барлығының ортақ мақсаты – мал мен жан азығын дер кезінде жинап алу. Осыны ескерген болуы керек, Сенат депутаты өз іссапарын ең алдымен «Жамбыл-БТТ» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастады. Ондағы ескі ұңғымаларды тазалау, электр желісін тарту, пияз дақылын егу жұмыстарын жақыннан бақылап көріп, өз бағасын берді.
Бүгінде бұқаралық спортты дамыту ісі де өзекті тақырыптардың бірі. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауданда спортпен шұғылдануға ниет білдіретін жандардың саны жыл санап артып келеді екен. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жергілікті атқарушы билік тарапынан бірқатар жобалар қолға алынған. Соның бірі – Құлан ауылындағы К.Бекебаев атындағы орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу. Жұмыс сапары барысында сенатор аталмыш спорт нысанына да бас сұқты. Жауапты мамандармен жеке тілдесіп, жоспарлы жұмыстармен жақын танысты.
Сондай-ақ, Бекболат Орынбеков іссапар барысында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Құлан мектеп-гимназиясының құрылысымен, «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлерге инфрақұрылым тарту жұмыстарымен, Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің қызметтік үйлерінің жағдайымен танысып, Жалпақсаз ауылына темір жол өткелін салу мәселесіне де зер салып көрді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: