ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ 355 жылдығы: Тұлға мен мұра

8 838 Views

Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы нақты деректер бізге беймәлім. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін әз-Тәуке Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би әз-Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.
Бидің жастық шағы мен бүкіл сана­лы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, шапқыншылық үдейе түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп, алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен.
Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Орта жүздің Арғын тайпасы, оның ішінде Қаракесек руынан шыққан. Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған. Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізген. 17 ғасырдың 80-жылдары Қазыбектің есімі кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе, Қазыбек би қазақ хандығының өміріне, ішкі-сыртқы саясатын анықтауға, қоғамның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге зор ықпал етті.
Қазыбек би 1764 жылы 97 жасын­да Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсін­ген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерледі.
«Артына жаман жұраттан жақсы сөз қалдырған артық» дегендей, қазақ қоғамында би-шешендердің орны ерекше. Олардың түйінді сөздеріне хан, сұлтандар да жығылған. Қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері жылдар бойымен ғасырларға айналып, құңды мұра болды.
Тәуке хан тұсында «Жеті жар­ғыны» түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі «Жеті жарғыны» жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді. Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаған.

Мақала Jetisy.kz сайтынан алынды.

Поделиться ссылкой: