Мемлекеттік тілді білу – басты парызымыз

1 146 Views

Мемлекеттік тіл тәуелсіздік ұғымы­мен тікелей байланысты. Яғни бабалардан аманат болып келе жатқан шұрайлы тілімізді саф күйінде келер ұрпаққа жеткізу – біздің заманымыздың үлесінде. Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі – өте маңызды мәселен. Біріншіден, тіл – өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны. Екіншіден, барлық қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай болса, мемлекеттік тілді білу – әр жанұяның, әр ұжымның парызы. Біз тіл арқылы ғана ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманат­тай аламыз.
Бүгінгі таңдағы біздің міндетіміз – мемле­кет­тік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, қоғамымыздың жетекші салаларындағы тілдік қолданысты арттыру. Бұл мәселені шешу жолдары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекет­тік бағдарламасында айқын көрсетілген. Бағдар­ламаны жүзеге асыру негізгі төрт міндет­тен тұрады. Біріншісі – мем­лекеттік тілді ұлт бірлігінің басты факторы ретін­де нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәде­ниеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, сондай-ақ соңғы мақсат – Қазақстан хал­қының лингвистикалық капита­лын дамыту.
Қазіргі кезде Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Қазақстанның даму жолы бүгінгі күні посткеңестік елдердің көпшілігіне үлгі-өнеге боларлық.
Мен қазақ тілінің жанашыры, тәжірибелі маман ретінде қазіргі таңда мемлекеттік тілге толыққанды көшу үшін және қазақ тілінің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны мен сапасына көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Өйткені, анамыздың сүтімен бойға даритын тілдің әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы орны ерекше. Бүгінгі қоғамның да алдымызға қойып отырған басты талаптарының бірі – өз ойы мен пікірін өз ана тілінде еркін жеткізе алатын, сол арқылы кез келген ортаға тез бейімделе білетін, сөйлеу тілі қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Еліміздің күнтізбесінде 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесі ретінде белгіленген. Осыған орай, меншік нысанына қарамас­тан барлық мекемелерде бұл мереке тек ресми шара ретінде емес, халықтық мейрам ретінде аталып өтуде.
Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастық­тың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың жаны әрі ары.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі. Тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Сол болашақ­тың берік іргетасын бүгін қалауымыз қажет. Осы қағидатты ұстанып отырған құзырлы орган – облыстық тілдерді дамыту басқармасының ауқымды істері өз жалғасын таба беретін бола­ды. Өйткені тіл білу – бәсекеге қабілетті бүгінгі заман адамының міндеті. Ендеше, ұлттар мен ұлыстарды топтастырушы күш – мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып отырған тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтетін әрбір іс-шарадан қалыс қалмайық.

Бекзат Жайлаубаева,
Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің штаттан тыс қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: