Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Осыдан 2-3 жыл бұрын газетімізде «Ауыл ажары» атты тұрақты айдар бар болатын. Газет тілшілері ауылдық округтерге арнайы барып, көлемді мақалалар, очерктер дайындайтын. Өздеріңіз білесіздер, пандемия біраз тірлікке тұсау салды. Сол аралықта бұл айдардың газет бетінде көрінбей қалғаны рас. «Құлан таңының» шығармашылық ұжымы осы айдарды қайта жаңғыртып, әр ауылдық округтен арнайы бет әзірлеуді жөн көріп отыр. Алдағы уақытта газет тілшілері жағымды жаңалықтар жаршысын жалпыға жариялайтын болады. Сондықтан «Құлан таңын» зер салып оқыңыз, алдияр оқырман!
Кезекті еңбек демалысы да аяқталды. Жұмысқа оралған соң, газет тігінділерін шолып шықтым. Өзімше «анализ» жасаған түрім ғой. Еңбек демалысында жүргенде бір оқырман «Осы сендердің газеттеріңде «Ауыл ажары»» деген жақсы айдар бар еді. Үзбей оқып тұратын едік. Соны неге қайта қолға алмайсыңдар, інішек» деп еді. Лездемеде осы ұсынысты бас редакторға айттым. Ол кісі айтқан ұсынысты бірден қолдай кетті.
– Маратжан, қай ауылдық округтен бастағанды құп көріп отырсың, – деді бас редактор Мұратбек Өмірзақов. «Мен Ақбұлақ ауылдық округін жазғым келетінін» айттым. Оның үстіне, бұл ауылдық округке былтыр ғана Кенжеғара Сәбит Жұмағалиұлы әкім болып сайланды. Жас. Бастамашыл. Тың ойы бар азамат. Неге жазбасқа? Сөйтіп, Сәбит Жұмағалиұлына хабарластық. Ой бөлісіп, пікір алмастық. Ол да ұсынысымызды қолдап, сәрсенбі күні редакцияға келді. Сол сәрсенбінің сәтті күні Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты ауылдарды Сәбит Кенжеғарамен бірге аралап шықтық. Шыны керек, Ақбұлақ ауылдық округінде атқарылған тірлік көп. Сәкеңе риза болғаным, қандай да болсын істелген жұмыстың қаражатын сұрай қалсақ, ол қағазға қарамай-ақ, мүдірмей айтып беріп отырды. Міне, «Жас келсе – іске» деген осы ғой.Үлкендер жағы біледі деп ойлаймыз, ал кейбір жас буын өкілдері біле бермеуі мүмкін. Сондықтан жазып өткеніміз дұрыс. Ақбұлақ ауылдық округіне 3 елді мекен қарайды. Олар: Рахым Сәбденов, Қызылшаруа және Бәйтелі ауылдары. Осы 3 елді мекенде жалпы – 3885 адам тұрады. Ал жеке бөліп қарастырсақ, Рахым Сәбденов ауылында 1871 адам тұрады, түтін саны – 354. Қызылшаруа ауылында 1708 адам тұрады, түтін саны – 268. Бәйтелі елді мекенінде 306 адам тұрады, түтін саны – 65.
Алдымен Рахым Сәбденов ауылы туралы. Бұл ауыл – Ақбұлақ ауылдық округінің орталығы. Толықтай газдандырылған ауыл. Ауыз судан мәселе жоқ емес, бар. Әкімшілік ғимаратының сықпыты да келісті. Ақбұлақ орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргендіктен, шатырдан су ағыпты былтыр. Жұмысты жүргізген мердігер компанияға бұл жайт ескертілген екен. Нәтиже болады деген ойдамыз. Дәрігерлік амбулатория қызметкерлері де халыққа тиісті емдеу тәсілдерін көрсетіп, қызмет жасауда.
Биыл Рахым Сәбденов ауылында 3 көше асфальттанған екен. Атап айтсақ, Ы.Алтынсарин, ұзындығы 620 м, Т.Рысқұлов, ұзындығы 1100м, Аққайнар, ұзындығы 1160 м. Осы көшелер биыл тұтастай асфальттанды. Бұдан бөлек, Абай және Мәншүк Мәметова көшелеріне диодты жарықшам орнатылған екен. Абай көшесінің ұзындығы 550 м, Мәншүк Мәметова көшесінің ұзындығы 500 м. Рахым Сәбденов ауылындағы енді 2 көшені асфальттау қажет. Олар: Абай және У.Ақшалова көшелері. Ол ауылдық округ әкімінің басты назарында екен. Тиісті жұмыстар да атқарылып жатқан көрінеді. Реті келсе, ол да асфальттанар. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр бұл ауылда «Қайнар-Агро» ЖШС-нің демеушілігімен Боран Харантаев есімді ауыл тұрғынына үй сатып алынып, пайдалануға берілген болатын. «Биыл да бұл жоба бойынша кезекті үйді тапсырсақ деп ниеттеніп отырмыз» деді Сәбит Жұмағалиұлы. Сөйтті де «Нива» автокөлігін тізгіндеп отырған көлік жүргізушісі Алишерге сонда тарт дегендей, ишара білдірді. Сөйтіп, «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша салынып жатқан кезекті үйдің құрылысын өз көзімізбен көрдік. «Бұйыртса, жыл соңына дейін үй құрылысын тұтастай аяқтасақ деп отырмыз» дейді ауыл әкімі. Айтпақшы, Рахым Сәбденов ауылына биыл ангарлы спорт кешені салынады. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Рахым Сәбденов ауылына 2021 жылы мал дәрігерлік пункт құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Енді Қызылшаруа туралы. Бұл ауылға да газ келген. Ауылдағы №5 шағын орталықты орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, ауылда газ болғанымен, мектеп әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Мектепті газдандыру бойынша мәселе талайдан бері сөз болып жүр. Сәбит Кенжеғарадан бұл мәселе жайында сұрадық. Аудандық білім бөлімімен бірге тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз» деді ол. Одан кейін, мәдениет үйінің мәселесі. Биыл білесіздер, Көгершін мен Жаңатұрмыс ауылдарына жаңа мәдениет үйі салынады. Бәрі бірден реттеле салмайтыны белгілі жайт қой. Бірақ, тиісті жұмыстар атқарылған екен. Бұйыртса, Қызылшаруа ауылына да жаңа мәдениет үйі салынады. Дегенмен, Қызылшаруа ауылында асфальттанбай қалған көше жоқ. 100 пайыз асфальттанған десек болады. Биыл бұл ауылдағы 3 көше асфальттанған екен. Яғни, Абай, ұзындығы 2,2 шақырым, Бекбай Байқонысов, ұзындығы 620 м. Бұдан өзге Амангелді бұрылысы, ұзындығы 416 м, толық асфальттанды. Абай көшесіне асфальтты «Құлан жолдары» ЖШС, Бекбай Байқонысов көшесі мен Амангелді бұрылысына «B-GRESS» ЖШС жүргізген екен. Сондай-ақ, дәл осы Абай және К.Каюпов көшелеріне тұтастай жарықшам орнатылған екен биыл. Бұдан өзге мешіт жанынан мектепке дейінгі аралыққа да диодты жарықшам орнатылыпты.
Қызылшаруа ауылындағы «Жусанбай ата» мешітінің әбден тозығы жетіп тұрған. Барша ауыл тұрғындары осы іске білек сыбана кірісіп, мешітке өздері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала берді, мешіт жанына асхана құрылысын салуды да көздеп отыр екен ауыл тұрғындары. Біз мешіт құрылысының жанына барғанда Тилеубаев Нұрлан есімді азаматпен тілдестік. Әкімнің жұмысына баға беретін халық қой негізі. Нұрекеңнен әкімнің жұмыс істеу тәсілін сұрадық.
– Сәкең өте кішіпейіл азамат. Жұмысы тындырымды. Әкім болып сайланғанына 11 ай болса да, біраз тірлікке қан жүгіртті. Мына тұрмыстық қалдықтарды тастау мәселесі өте өзекті болатын. Сәкең соны жергілікті тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндіріп, ауылдық округ ақсақалдары, сондай-ақ, жергілікті қоғамдастық мүшелерімен бірлесіп жұмыс жүргізу нәтижесінде ретке келтірді ғой. Ауылымызда барлық көше асфальттанған. Тек бір проблема бар. Кешқұрым келіп, көріп кетсеңіз болады, мына жолдан (облыстық маңызы бар жолды айтады) ауыр жүк көліктері толастамай жүреді. Жаңа жол салынып жатыр. Кемінде 20 тонна жүк салып, тасымалдайды олар. Ол деген – жаңа салынған жолға зардабын тигізбей ме?, – дейді Нұрлан Тилеубаев. Біздіңше, ауыл тұрғынының уәжі орынды. Бұл мәселе басшы-қосшылардың назарына жетеді деген ойдамыз.
Осы арада «Бәйтелі елді мекенінде істелген тірлік бар ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Биыл бұл елді мекендегі ұзындығы 420 метрді құрайтын Аман Дүкенбаев көшесіне диодты жарықшам орнатылған екен. Бәйтеліде газ бар, ауыз судан айтарлықтай мәселе жоқ.
Ақбұлақ ауылдық округінде 82 кәсіпкер тіркелген. Олар дер кезінде құжаттарын рәсімдеп, тиісті салықтарын төлеп тұрады. Мәселен, біз, жеке қосалқы шаруашылығына жылыжай соғып, қияр, қызанақ егіп отырған Рахым Сәбденов ауылының тұрғыны Меруерт Оразымбетовамен тілдестік.
– Бұл істі жолдасым Қуанышқали көптен бері сөз етіп жүрді. Жолдасым өзі келісімшартпен әскери қызметте жұмыс жасайды. Бұл оның хоббиі десек те болады. Жылыжайдың аумағын көріп отырсыз. 180 шаршы метрді құрайды, – дейді Меруерт Оразымбетова.
Ерлі-зайыпты жұп бұл жылыжайды өз қаражаты есебінен салған. Құрылыс заттарын арнайы Түркістан және Алматы қалаларынан әкеліпті. Яғни, мемлекеттен ешқандай көмек алмаған. Қазір қит етсе болды, отырып алып мемлекетті кінәлайтындар көп қой. Қуанышқали мен Меруерттің мына тірлігі соларға үлгі. Өздері көпбалалы отбасы екен. Бұйыртса, бесінші сәби дүниеге келеді екен. Міне, нағыз отбасылық институт.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Шыңғыс Құрақбаев пластикалық есік-терезе жасап, ауыл тұрғындары мен аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруда.
Жалпы, былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 адамға 1166,0 мың теңге қайтарымсыз қаражат берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында төмен пайызбен 12 адам 49 700 000 теңге несие алып, кәсіптерін дамытуда.
Түйін: Кенжеғара Сәбит Жұмағалиұлы жас та болса, ікер азамат. Ол ең алғашқы жұмысын аудандық жастар орталығынан бастады. Осы орталықтың Өрнек ауылдық округі бойынша инспекторы болды. Сосын Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Ардагерлермен және мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жүргізу секторының бас маманы болды. Кейіннен Көкдөнен ауылдық округі әкімдігінің бас маманы болып еңбек етті. Яғни, ол бұл қызметке тосыннан келе салған жоқ. Әрбір сатыдан өтіп барып, келді.
Әкім айтады:
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деген екен. Менің қызметтегі ұстанымым осы. Ахаңдар егемендікті аңсап өтті. Шүкір, міне, ұлт зиялылары аңсаған тәуелсіз елде біз өмір сүріп жатырмыз. Былтыр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздік – біздің қастерлі құндылығымыз. Азаттықтың арқасында іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекетімізді нығайту үшін бір ел болып, еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Сондықтан әрбір күнімізді бағалаған абзал» дейді Сәбит Жұмағалиұлы.