Ақниет – бірлігі жарасқан ауылдық округ
Қасиетті жұма күні Ақниет ауылдық округіне жол тарттық. Мақсат – «Ауыл ажары» айдарына арнайы бет әзірлеп, газетке жазу. Сосын «Ақниеті қайсы?» деп сұрайтындар көп. Бұл – бұрынғы Новосель ауылдық округі. Бұрнағы жылдары ауылдық округтің орталығын Юбилейное деп жазатынбыз. «Неге бұлай?» деп таңырқайтынбыз сол кездері.
Қазір бәрі басқаша. Шүкір, ол атаулар өзгерді. Өзгергенін көз көрді мінеки. Қазақша атау қандай жарасымды. Оның үстіне, сол бұрынғы Юбилейное ауылы қазір анау-мынау емес, алашқа абыроймен қызмет еткен Дінмұхамед Қонаевтың есім-сойымен аталады. Ауыл халқының көздегені де сол еді. Олардың талап-тілегі орындалды. Бұдан асқан бақыт бар ма?
Ақниет ауылдық округінің әкімі Тұрабаев Нұрдос Әбіқұлұлы. Өзі сол ауылда дүниеге келген. Оған бұл – мемлекеттік қызмет таңсық емес негізі. Бұрын да істеген. Өмір алма-кезек қой. Белгілі себептермен басқа қызметке ауысты. Алайда, 2018 жылы әкімдік қызметке қайта келді. Мақсаты – айқын. Халқына қызмет ету. Өзі туып өскен ауылдың имиджін көтеріп, беделін арттыру. Биыл Нұрдос Әбіқұлұлының әкімдік қызметті атқарғанына – төртінші жыл. Осы аралықта ауылдық округте біраз шаруалар атқарылған екен. Ауыл әкімінің сөзіне зер салайық ендеше.
– Ақниет ауылдық округіне 2 елді мекен қарайды. Олар: Д.Қонаев және Әбілхайыр ауылдары. Қазіргі таңда Д.Қонаев ауылында 1211 адам тұрады, түтін саны – 270. Ал Әбілхайыр елді мекенінде 110 адам тұрады, түтін саны – 24. Жалпы, Ақниет ауылдық округінде көптеген ұлт өкілі бар. Нақты санын айтсақ, 15 ұлт өкілі жергілікті қазақ халқымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде, – дейді Нұрдос Тұрабаев.
Ақниет ауылдық округінің тұрғындары әкімнің жылдық есебінде ең бірінші кезекте газдың мәселесін көтеретін. Былтыр ауылдық округке газ келді. Қазіргі таңда 200 түтін үйге толығымен газ кіргізілген екен. 70-іне газ кіргізілмепті. «Оның амалын қалай қарастырып жатырсыздар?» деген сұраққа, ауыл әкімі:
– Бұл істі ауылдағы іргелі шаруа қожалықтарының демеушілігімен іске асырып жатырмыз. Мәселе бірден шешіле қоймайтыны анық. Бірте-бірте бұл шаруаны да реттерміз, – деді. Бұл ауылда ауыз судан мәселе жоқ. Ауылда 300 оқушыға арналған жаңа мектеп салынған. «№ 5 шағын орталықты орта мектебі» деп аталады. Дегенмен, 2015 жылы пайдалануға берілген жаңа мектептің 1-ші қабатының едені түсіп кетіпті биыл. Бұл мәселемен аудандық білім бөлімінің басшысы да жіті таныс. Тиісті жұмыстар да атқарылған екен. Жаңа оқу жылында оқушылар аталмыш білім ордасында алаңсыз білім алады деген ойдамыз. Д.Қонаев ауылында жаңа медпункт те салынған. Нақтысын айтсақ, 2014 жылы. Айтпақшы, ауылдық мәдениет үйінің жайын айтайық. Ғимараттың қаңқасы жақсы. Ауласы да кең. Тек – күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылдық округ әкімінің аппараты да, ауылдық мәдениет үйі мен қітапхана қызметкерлері, цифрландырылған орталық бәрі-бәрі осы ғимараттың ішінде қызметтерін жасап жатыр. Ауыл әкімінің айтуынша, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан былтыр 104 млн.теңгеге жобалық сметалық құжаттар дайындалып, облысқа өтінім берілген екен. Бұл іс кәдеге асса, тіптен тамаша болар еді. Өйткені, ауыл ажарына көрік беретін бірден-бір нысан – дәлосы ғимарат. 2020 жылы балалар ойын алаңы да салынған екен. Былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша «СтритВоркаут» салынып, пайдалануға беріліпті. Ауылдағы іргелі «Раушанбек тегі» шаруа қожалығының демеушілігімен ауылдық мәдениет үйінің ауласына шағын футбол алаңы салынып жатыр екен. Енді тек – жасанды төсеніш төсеу және жарықшам орнату жұмыстары қалыпты. Бұйыртса, биыл пайдалануға берілгелі отыр.
«Д.Қонаев ауылында қандай нысан жоқ дейтін болсаңыз?», балабақша жоқ. «Ол шаруа қалай болып жатыр?» деген сауалымызға, Нұрдос Тұрабаев:
– Қазір білесіз, бұл шаруа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. Яғни, біз, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Бұл мәселе бойынша мен бір кәсіпкермен сөйлестім де. Ол «Кемінде 20 баладан 3 топ болса?..» деген ұсыныс айтты. Ол дегеніңіз – 60 бала. Біздің ауылдан 45 бала шығып тұр. Осындай мәселелер бар мінеки. Дегенмен, біз, өз тарапымыздан жұмыстар атқарып жатырмыз. Нәтижесі болады деген ойдамын, – дейді.
«Тағы қандай проблема бар?» дегенде, Ақниет ауылдық округінде жол мәселесі бас айналдырар жайттың бірі болып тұр. Жыл басында аудан әкімінің есебінде «Батыс – Қытай, батыс – Еуропа» автожолынан Д.Қонаев ауылына қатынайтын 15 шақырымдық жол тұтастай асфальттанады» деген сөз айтылып еді. Бос уәде күйінде қалды сол сөз. Ауылға баратын жолды көрсеңіз енді, «басы бар, аяғы жоқ тірлік». Алдардың шапанындай шұрқ тесік жерлер көп. Оны өз көзімізбен көрдік. Ауыл халқының көбіне-көп әкімге қояр сұрағы да осы.
Бұл – облыстық маңызы бар жол болғандықтан, облыс, тіпті республика көлемінде шешілетін мәселе біздіңше. Ауыл әкімінің қолынан келмейтін шаруа. Сондықтан, мәселені тікелей облыста көтерген абзал. Бұл ретте, ауыл ақсақалдары ауызбіршілік танытқан жөн.
Енді ауылішілік жолдарға келетін болсақ, Д.Қонаев ауылында 8 көше бар. Оның 7-еуі толық асфальттанған. Бірлік және Болашақ көшелері облыстық маңызы бар жол болғандықтан, асфальттанбай тұр. Оның реті жаңа атап өткеніміздей. Мәселені облыс басшысына жеткізген абзал. Сонда ғана тұралап тұрған тірлік алға жүретін секілді.
Енді Әбілхайыр ауылы жайлы бірер ақпар. Бұл елді мекенде 110 адам тұрады, түтін саны – 24. Бұл елді мекенге де газ тартылды. Енді ауыз су құбырын жүргізу қажет. Қазір ел Үкіметі осындай кіші елді мекендерде мембраналық әдіспен су шығаруды қолға алған. Әбілхайыр елді мекені сол тізімнің ішінде бар. Яғни, бюджеттік өтінім берілген. Тиісті қаражаты келсе, жұмыс жүргізілетін болады. Одан бөлек, Әбілхайыр ауылына баратын 4,5 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл елді мекенде 4 көше бар. Олар: Тыныштық, Әділет, Айбын және Береке. Елді мекен көшелеріне 2013 жылы жарықшам орнатылған. Ауыстыруды қажет етеді. Көшелерге шағал тас төселген. Асфальт жоқ. Бірақ, бұл мәселенің бәрі ауыл әкімінің назарында екен.
Биыл Ақниет ауылдық округі әкімін тағайындау жөнінде қайта сайлау өтеді. Нұрдос Тұрабаев осы жолы тағы да өз кандидатурасын ұсынғалы отыр. «Өзім туған өлке болғандықтан, мен бұл мәселенің барлығын бес саусағымдай білемін. Бір не екі жылда бәрі реттеле салмайды. Мәселен, газ жөнінде небір алып-қашпа әңгіме болды. Көбісі сенбеді де. Алайда, тынбай жұмыс жүргізудің нәтижесінде ауылға газ келді. Сол секілді, сәті келсе тұрғындар айтқан жол мен балабақша мәселесі де реттеліп қалар» деді ауыл әкімі.
Біз Д.Қонаев ауылында саңырауқұлақ өсіріп, пайда тауып отырған жігіт туралы естіп едік. Ауыл әкіміне сол жігітті жазғым келетінін айттым.Нұрдос Тұрабаев меселімді қайтарған жоқ. Ауыл әкімінің ақ «Нивасына» отырдық та жүріп кеттік. Үй ауласына шағын жылыжай соғып, саңырауқұлақ өсіріп отырған жігіттің есімі – Данил екен. Тегі – Сиделёв. Данилдың ұлты орыс болғанымен, ислам дінін қабылдапты. Қазақша судыратып сөйлемесе де, ептеп түсінеді екен.
– Саңырауқұлақ өсіру – өте тиімді кәсіп. Аса қатты ауыр да емес. Көптен бері осы істі қолға алсам деп ниеттеніп жүргенмін. Интернетте бәрі тұр. Еңбектенсең болғаны. Мына сіз көріп отырған жылыжайдың аумағы – 140 шаршы метрді құрайды. Қазір жаз айы. Күн ыстық. Негізінен, күз, қыс, көктем мезгілінде жақсы өтеді. Дегенмен, қазір де сұраныс аз дей алмаймын. Тіпті, Тараз, Шымкент қалаларынан сұраныс көптеп түседі, – дейді Данил Сиделёв.
«Данил ауласындағы жылыжайда саңырауқұлақты қалай өсіріп отыр?» дейтін болсаңыз, алдымен 20 келілік қап сатып алады. Сосын сол қапқа толтырып сабан салады. Кәдімгі шөп сабанды айтамыз. Оны жай салып қоймайды, дробилкадан өткізеді. Сабанды майдалап өткізіп болған соң, рет-ретімен әлгі қапқа әуелі сабан, сосын Ресейдің Саратов қаласынан арнайы тапсырыспен сатып алған «Мецелли» ұрығын бастырады. Аздаған майда сабан, сосын ұрық, қайтадан майда сабан, сосын ұрық… Бір қап толғанша осылай кемінде 4-5 рет қайталанады. 18 күнде әлгі бастырылған ұрық дәмі тіл үйіретін саңырауқұлаққа айналып шыға келеді.
Ойлап көріңізші, саңырауқұлақтың 1 келісі – 1000 теңгеден сатылады. Ал Данилдың жылыжайы қапқа салынған саңырауқұлаққа толы. Міне, пайданың көкесі. Данил тек саңырауқұлақ өсіріп қоймайды. Қоян да асырайды. Бау-бақша да егеді. Қысқасы, ол тұратын үйдің ауласында бос жатқан жер жоқ.
Осының бәрін Данил өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында іске асырды. Мемлекеттен ешқандай да көмек алмаған. Кім көрінгенге беріліп жатқан қайтарымсыз грантты да ала алмапты. Дегенмен, оған қапа болатын Данил жоқ. «Ешкімге өкпем жоқ. Осылай еңбектене берсек, әйтеуір бір нәтижесі болар» дейді ол сәл ғана жымиып.
Марат Диханбай,
арнайы «Құлан таңы» үшін Ақниет ауылдық округінен.