351 Views
Бір тамшы жас
О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.
Сен жасыңда дәуiрледiң.
Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.
Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!
Қазанды сол қиратты.
Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.
Сен Қазанмен қоштасарда көзiнде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.
Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние – шын кем дүние болар едi.
Пәруана
Тоқсанбай бабадан тараған төртеудің біреуі Жылтыр ата, одан Төлетай, одан Сұлтан деген ағамыз еді ғой.
Шыр бітпеген қу сирақ кедей. 1932 жылғы Голощекиннің ашаршылығында, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран шыққан заманда, ауданнан келген уәкіл, ауылдан шыққан белсенділер үй-үйді тінтіп, бір түйір дән табылса, кәмпескелеп келе жатып, Сұлтан көкеміздің құжырасының тұсынан өтіп бара жатады.
– Бұрылмаймыз ба? – дейді ауданнан келген уәкіл.
– Бұл байғұс битін сығып, қанын жалап отырған қу кедей, – деп ауылсовет бұрылмайды.
Бұларды көрген Сұлтан жертөлесінен шығып:
– Оу, мырзалар, мә, мынаны ала кетіңдер, бір тостаған арпа… ала кетіңдер, – дейді.
– Ой, байғұс-ау, өзің аштан өлесің ғой, – деп жаны ашығансиды ауылсовет.
– «Көппен көрген ұлы той» деген, – депті Сұлтан көкеміз.
Сол Сұлтан қыстың күні жүні шыққан жаман көрпесін жамылып жүруші еді. Басқа киер лыпасы жоқ.
Сөйткен Сұлтанды, бір ауыз орысша білмейтін, әліпті таяқ деп танымайтын, өмірі мылтық ұстап көрмеген тақыр сауатсыз Сұлтанды әскерге алып, Совет өкіметі Ұлы Отан соғысына салды-ау. Сталинград қасапханасына.
Моласы белгісіз, ешкім оған арнап дұға да оқымайды. Еске де алмайды.
Бір кем дүние.
Құмырсқа ғұмыр
Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады.
Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз.
Бай баласы байға ұқсайды,
Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. Жалқаумыз.
Бір кем дүние.
Қылыш пен қалам
Қылыш ел шауып, қазына құрайды.
Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды.
Мұны Жүсіп Баласағұн баяғыда жазып кеткен. Қалам ұстаған міскіндер әлі сондай…
Бір кем дүние.
Жекеше көне ме?
Өз пайдаңды ойлама,
Ел пайдасын ойла!
Өз пайдаң соның ішінде.
Бірақ бәрі солай ойламайды ғой.
Бір кем дүние.
Не істеу керек?
«Сұлу әйел алған адам өмір бойы қарауыл болып өтеді. Бай әйел алған адам өмір бойы құл болып өтеді», – депті Баласағұн бабамыз.
Бір кем дүние.
Шұғыланың назы
«… Бірақ кейде көңілге ауыр алатын жағдайлар да бар. Кеудесін қуаныш кернеп, алып-ұшып келген қандастарды орыс тілін білмегені үшін кінәлап, кейбір мемлекеттік мекемелерде дұрыстап жауап та бермеген сәттері болып жатады» (Шұғыла, «Астана хабары», 16. 12. 06 ж.).
Кейбір жерлерде шошқа бақтырып қорлайтынын қайтерсің?!
Бір кем дүние.
Тарих қашан түзеледі?
31 қаңтар. Президент мәдениет орталығында «Байтақ дала» атты конференция өтті. Мырзатай Жолдасбеков кіріспе, Әбіш Кекілбай сөйледі. Ал Өмірбек Байгелди: «Қазақ тарихы 500 жылға сыймайды. Қазақ тарихын Керей мен Жәнібектен бастау обал», – деді. Өмекең Сақ дәуірін меңзеді.
Тарихшы ғалымдар осы уақытқа дейін қазақ тарихын дұрыстап, анықтап жаза алмайды.
Бір кем дүние.
Туған жерің
Тілші менен сұрайды:
– Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.
Мен:
– Наурызкөк, қарлығаш, т. б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой.
Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.
Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,
Үйірінен безінген тұлпар оңбас.
Адасқан қаз
Қатарың сиреген сайын адасқан қаздай боласың.
Нағыз жетімдік, шын жалғыздық осылай келеді.
Зор кем дүние осы. Әйтпесе, Өсер қайда? Жолдасбек қайда? Кеңес қайда? Әуесхан қайда?
(Жалғасы бар).
Поделиться ссылкой: