Ақындық парасат
«Жасық жайлы жасампаз ойға қалып,
Жарар еді кетпесек майдаланып.
Сары шымшық сан рет той бастады,
Бұлбұлдардың аздығын пайдаланып».
Бұл – адуынды ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Алтын, күміс және қалайы» атты өлеңінде кездесетін жыр шумақтары. Қарап отырсаңыз, көркем суреттелген. Ешқандай пафос сөз жоқ. Шынайы өлең. Ақын Мұхтардың өлеңдері сонысымен құнды.
Өткен жұмада Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай «Өлеңім – өмірімнің айнасы» деген тақырыпта аудандық мәдениет үйі және орталық қітапхана қызметкерлері бірлесіп, поэзия түнін ұйымдастырды. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.
Жасөспірімдер ғана емес, орта және аға буын өкілдері де Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа біледі. Сондықтан болар, орталық алаңда өткен поэзия түніне жұртшылық көп жиналды.
Шара барысында тек өлеңдер оқылған жоқ. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер де шырқалды. Кеш соңында балалар мен жасөспірімдерге, келген қонақтарға аудандық кітапхана ұжымы тарапынан тегін балмұздақ таратылды. Осылайша, кешке келген адамдар бір сәт күйбең тіршілікті ұмытып, адамгершілік, ұлтжандылық секілді адами қасиеттерге негізделген ақын өлеңдерімен сусындап, ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдірді.
М.Жолдасбекұлы.