Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітабы оқырмандарға жол тартты
Редакциядан:
Журналист, облыстық «Аr-Ai» газетінің тілшісі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» деп аталатын кітабы жарық көрді, алдияр оқырман! Қамар Рахметуллақызы аудандық «Құлан таңы» газетінде өнімді еңбек етті. Жақсы дүниелер жазды.Оның қаламынан шыққан әрбір мақала әлі күнге дейін оқырмандардың есінде. Қамар Қарасаева әсіресе – әлеуметтік тақырыптарды кеңінен қаузап жазатын білікті журналист.
«Жақсы журналист – жазушы» дегенді қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов айтқан. Жерлесіміз, бір жағынан сыйлас әріптесіміз Қамар Қарасаева журналистикада талдамалық мақалалар жазып жүріп, әбден ысылды. Шеберлігін шыңдады десек болады. Енді міне, соның жемісі – осы. Яғни, «Тәтті мұң» кітабы. Бұл кітаптың жақында ғана салтанатты түрде таныстырылымы болып, оқырманға жол тартты. Журналист Ақтоты Жаңабай ол жөнінде жақсы мақала жазды. Бүгін біз соны басылым бетіне жариялауды жөн көрдік.
Өткен өмірдің өрнегі мен жылдар жылнамасының сүбелі тұстарының кітапқа қатталуы дәстүрлі үрдіс. Ал оны сөз зергерлерінің қаузап, кітап қылып шығаруы заңдылық. Осындай сүбелі туындылардың авторы – журналист-қаламгер, «Ar-Ai» газетінің тілшісі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Бұл кітап автордың өз-өзіне есеп беруі іспетті. Өйткені автор журналистік жолында күнделікті өмірінде кездескен оқиғалар мен тағдыр иелері туралы жазған әдемі әңгімелерін, өрнекті өлеңдерін, тарихи повесін топтастырыпты. Бір ғана «Өгей ана» әңгімесін алып қарайық. Тосын әсерге кез қылатын шығарма аты айтып тұрғандай өгей ана мен кішкене қыздың арасындағы күрделі байланысқа құрылған. Әдетте өгей шешенің бауырына басқан бөтен анадан туған перзентке қысым жасауы – қазақ прозасында жиі кездесетін типтік ситуациялардың бірі. Бұл арадағы жағдай керісінше: жолдасының бұрынғы әйелінен қалған баласына деген өгей шешенің ықыласы айрықша. Баланың жанын жаралап алмау үшін айналып-үйіріліп, оны қалай да бауырына тартудың қамында жүргенімен, ақыры осынау таза пейілін отағасы көрмейді де, сезбейді.
Осындай мейірімді өгей ана Райхан мен қызы Жаннұрдың арасына жік салған – күйеуінің өзі. Автордың туындыларының барлығы да осылай өмірден алынған шынайы оқиғаларға негізделген. Сондықтан да оқырман жанын түрлі сезімдерге бөлеп, елітіп әкетеді.
Көзі тірісінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қамардың қаламынан туған бірқатар шығармаларға оң бағасын беріп кеткен. Әзілхан Нұршайықов: «Қамар Рахметуллақызы – қалыптасып қалған жазушы. Жазушыға керек тіл байлығы, шынайы сезімталдық, психологиялық білгірлік, табиғат тылсымын тамаша суреттей білу сияқты асыл қасиеттерінің бәрі бойында бар. Ақыл-парасаты да жетерлік. Бойында бұлқынып тұрған әдеби күш бары байқалады. Сол сезім, шеберлік қуатын лап еткізіп, романға төксе, жарқ еткізіп, жалынды да дарынды повестер жазса, 28 жасында екі томдық «Индиана» романын жазған француз жазушысы Санд Жорждан кем түспейтініне сенемін», – деп жазушының кез келген кісі көре бермейтін қасиеттерін дөп басып, лайықты бағасын берген.
Жаңа кітаптың тұсаукесері облыстық «Анаға тағзым» орталығында өтті. Салтанатты кешті жазушының қызы Айкен анасының «Болармын мүмкін» атты өлең жолдарымен ашты. Мұнда да үлкен мағына жатыр.
– Нық ұстап намыс туларын,
Ұлың боп неге тумадым?!
Өз елін қорғар сарбаздай,
Белімді бекем бумадым.
Қамықпа әке, мен сенің,
Болсам-дағы дүлділің.
Шындықты шырқар шарықтап,
Болармын мүмкін бұлбұлың, – деп келетін жыр жолдары «бала Қамар» бейнесін көз алдымызға әкеліп, балалықтың елінен қол бұлғап тұр.
Шығармашылық кеште алғашқы сөз Қамар Қарасаеваның әдебиет әлеміндегі анасындай болып кеткен ардақты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасеріковаға берілді. Жанына жақын тартқан Қамар қызының қуанышына ортақтасу үшін Меркіден арнайы келген ақын апасы журналист-жазушының адами, қаламгерлік қасиеттеріне тоқталып тебірене сөйлеп, сый-жоралғы жасады.
Мұнан соң «Әулиеата-медиа» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт пен ақын Ғайни Әлімбекқызы кеш иесіне тілектерін арнап, жаңа кітаптың лентасын қиды.
– «Айша бибі» хабарын жүргізіп жүрген кезім. Қамардың әңгімелеріне Әзілхан Нұршайықовтың өзі жақсы пікірін білдіргенін естіп қатты қуандым. Сол туралы жақсы хабар жүргізейік деп ұсыныс жасадым. Табиғатынан ұяң, қарапайым Қамар әуелгіде бас тартты. Мен «Неге ұяласың. «Менмін» деген жазушылар да Әзілханнан баға алмаған. Бұл әдебиет адамы үшін нағыз бақыт деп» көндірдім. Сонда да мақтап жатсам ұялып, тоқтатып қояды. Сол кезде Қамар қандай ұяң, ибалы болса, әлі де сол болмысынан айнымаған. Мен сіңілім үшін қатты қуаныштымын, – деді Ғайни ақын толқи сөйлеп.
«Aulieata-media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт болса журналист еңбек ететін«Ar-Ai» газеті қаншама таланттың қанатын қомдаған киелі шаңырақ екендігін айта келіп, қалам иесінің жазушылық жолына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде кештің құрметті қонақтары Үміт Битенова, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, облыстық «Аr -Ai» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали сөз сөйлеп, жаңа туындының оқырман көңілінен шығуына тілектестігін білдірді.
Әдеби кеште «Анаға тағзым» орталығының жас тәлім алушылары Аймереке Қайнарқызы, Айзере Мақсатқызы кеш иесінің әсерлі өлеңдерін оқып, рухани жиынды әсерлендіре түсті. Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының тәлім алушылары жазушының әңгімелерінен үзінділер оқыды. Қаламгердің жақын досы, «AR-AI» газетінің қызметкері Ғалия Садықованың жанды дауыста, гитараның сүйемелдеуімен шырқаған әні кеш қонақтарын бір серпілтіп тастады. Жазушының әріптесі Шапағат Әбдірдің кеш иесіне арнауы да сәтті шықты.
Рухани кеште ғалым Сейсекүл Исматова, кітапханашы Гүлдариға Жаңабаева, шымкенттік ақын Салтанат Мадияр, қаламгер, балалар жазушысы Марат Құлибаев, Гүлнар Есмаханова, ақындар Есет Досалы, Марал Хантөреқызы, кеш иесінің досы Үміт Серікқызы, журналист-жазушының ұстаздары Гүлнара Әлімбаева, Шакизат Шонатаева толғана сөйледі. Қысқа ғана уақыт ішінде кітаптың алғашқы беттерімен танысып үлгерген Марат Құлибайұлы кеш иесінің «Адасу» атты әңгімесінен үлкен әсер алғанын айтып, жан-жақты талдап берсе, Г.Есмаханова өз сөзінде Қамардың әңгімелері мектеп оқушыларына диктант жаздыруға дәл келетінін, ұсынысын көп кешіктірмей қолға алатынын жеткізді.
Қонақтар рухани ләззат алған кешті автор өз сөздерімен түйіндеп, қуанышымен бөлісе келген қонақтарға алғысын жаудырды.
– Биыл адам өмірінің биік белестерінің бірі – қырыққа келіп жатырмын. Осы уақыт аралығында қандай дәрежеге жеттім, не тындырдым, әдебиет адамы ретінде қандай қолтаңбамды қалдырдым деген сұрақтар көптен бері ойымда жүрді. «Тәтті мұң» – сансыз сұрақтарымның жауабы, өз-өзіме берген есебім. Кітаптағы хикаяттардың бәрі шынайы оқиғаға құрылған. Қандай шығарма жазсам да, қиялдан емес, өмірдің өзінен, өмірде бар адамдардың тағдырынан аламын. Мәселен, кітапқа енген «Айнымас болмыс» атты повесімде сонау тар замандарда туған жерінен көшіп, шет елдерде талай қиындықты бастан өткерген өзімнің туған нағашымның ғұмыры баяндалады. Бір адамның тағдыры арқылы әлемнің әр бұрышында тарыдай шашылған қазақтардың тағдырын жеткізгім келді. Оқып, бағасын бере жатарсыздар. Өзім үшін маңызды сәтте қасымнан табылып, қолдау білдіргендеріңізге рахмет, – деді автор.
Өмір даңғылындағы құштарлық пен іштарлық, шынайылық шеңберіндегі адалдық пен ақ пейіл, ізгілік пен зұлымдық қатар суреттелген жазушы прозасы, ақын поэзиясы бүтін бір ғұмырдың ағын судай дариясы. Сондай көркемдік пен тазалыққа толы шығармашылық иесі – Қамар Қарасаеваның тұңғыш кітабы жарық көруімен шын жүректен құттықтап, шабыты шарықтай беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Ақтоты Жаңабай.
Пікірлер:
Қамар Рахметуллақызы қалыптасып қалған жазушы. Жазушыға керек тіл байлығы, шынайы сезімталдық, психологиялық білгірлік, табиғат тылсымын тамаша суреттей білу сияқты асыл қасиеттердің бәрі бойында бар. Ақыл- парасаты да жетерлік. Бойында бұлқынып тұрған әдеби күш бары байқалады. Сол сезім, шеберлік қуатын лап еткізіп, романға төксе, жарқ еткізіп, жалынды да дарынды повестер жазса, 28 жасында екі томдық «Индиана» романын жазған француз жазушысы Санд Жорждан кем түспейтініне сенемін.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ. 1.02.2009 жыл.
Қамар Қарасаеваның туындылары негізінен жеке адамдардың белгілі бір себептерге байланысты бұралаң жолға түсіп кеткен қиын тағдырларын психологиялық тұрғыдан талдап, тарқатуға құрылады екен. «Адасу» әңгімесінің желісіне негіз болған – поездағы жолсерік ағайдың айтып берген хикаясы. Ол кісінің аузынан он жеті жасында тұрмысқа шығып кеткен қазақ қызының тағдыры баяндалады. Көп балалы өзбек отбасына келін болып түскен жас келіншектің одан арғы тағдыры бұралаңға толы. Енесі басқа келіндерінен бөлектеп, қазақ болғаны үшін шеттете береді екен. Өмірге нәресте әкелген күннің өзінде де отбасының берекесі кіре қоймайды. Оның үстіне басқа ұлтқа шыққаны үшін ата-анасы қыздарынан бас тартып, шіріген жұмыртқаға балайды. Тіпті қарым-қатынастарын да шорт үзеді. Барған жерінде бақытты болса, оның өзі көңілге үлкен тиянақ болып, ептеп көңілін демдейін десе, оған да негіз жоқ. Ақыры қыз пойызға отырып Алматыдағы әпкесіне жол тартып бара жатқанда, осы жолсерік ағайға жолығады. Әңгімені айтушыны да, тыңдаушыны да толғандыратын – осы бөтен ұлтқа шыққан жас қазақ қызының тағдыры.
Оқырмандарды да, қосалқы персонаждарды да алаңдататын – күйеуінен әлі ресми түрде ажыраспаған, бірақ отбасылық тағдыры белгісіз болып тұрған жас келіншектің бұлдыр болашағы. Өмір шындығына құрылған шығармалардың бірі «Іңкәр» әңгімесі. Мұндағы жағдай бай кейіпкер Іңкәр мен оның бастығының арасындағы қарым- қатынас арқылы өрбиді. Көрікті де сымбатты жас қызға қызыққан қатал бастығы бірге сапарлас болуға шақырады. Сөйтіп оның оң жағынан да, сол жағынан да шығып, еркекше айналдырудың неше түрлі айла шарасын жасап бағады. Бұл арада автордың негізгі акцент салып отырғаны – қыздың өз бойын таза ұстап, бастығының сондай айлакерлігіне, аярлығына көнбей қасарыса білгендігін көрсету. Осынау ауыр сапардан қыз өзін өзі әупіремдеп аман алып қалғанымен, оның болашақтағы жағдайы, жұмыс орнында қалар, қалмасы екіталай болып көрінеді. «Қайта оралған бақыт» әңгімесінің бас кейіпкері Тұма өмірде көрмегені жоқ тағдырлы адам. Бұл арада қазақ тарихының қиын кездері елес береді.
Бір сөзбен айтқанда, Қамар Қарасаеваның ұсынылып отырған шығармалары жинағын оқыған оқырманның белгілі бір мөлшерде эстетикалық ләззат алары, сөйтіп өз өміріне де көз жүгіртері сөзсіз. Автордың әдеби тіл нормасын да бірсыдырғы жақсы меңгеріп қалғандығы сезіледі. Сондықтан да мен жас жазушыға сәт сапар, шығармашылығына әрқашан ақ жол тілеймін.
Нұрдәулет АҚЫШ.