Өтірік айтудың зияны

882 Views

Жалған сөйлеу дінімізде ауыр күнәлар қатарына жатады. Араб тілінде «кизб» деп аталып, жалған сөйлеушіні «кәззәб» дейді. Жалған сөйлеу күнә болғандығы себептен, оны сөйлеген адамның жүрегіне қара дақ түседі. Және сол дақтың салдарынан басқа да күнәлардың істеп жүргендігі мұрнының ұшына да келмей, еш сезбейтін болып қалады. Өзінің түрлі мақсаттарында басқаларды алдау үшін тура болмаған сөздерді қолданатын, өтірік сөйлемесе тұра алмайтын адамды «жалғаншы», «кәззаб», «бетсіз» деп атайды. Алла Тағала Құран Кәрімде адамдарды жалған сөздерден қайтарып, «Өтірік сөйлеуден аулақ болыңдар» – деп ескертеді.

Жалған сөзді кім айтады? Алла Тағала жалған сөзді кімдер айтатыны жайлы: «Жалған сөзді Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана айтады, міне солар нағыз жалғаншылар» дейді. (Нахыл сүресі, 105-аят).
Демек, жалған сөйлейтіндер, бұл жайында бір сәт ойлап көріп, көздерін ашулары тиіс. Хадисте айтылғандай, «Егер пенде өтірік сөйлесе, періште ол сөздің сасықтығы үшін ол пендеден бір милл (шақырым өлшемі) ұзақтайды». Бұл өте қорқынышты жағдай, былай­ша айтқанда, жалғаншының періштесі болмайды. Сол үшін де Алла Тағала Тәубе сүресінің 119-шы аятында: «Әй, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар әрі шыншылдармен бірге болыңдар» – деп, қатаң ескертеді. Адам өзінің әр түрлі пікірлерінің дұрыс еместігін білген кезде, оны дұрыс жағына бейнелеу үшін түрлі өтіріктерге баруы мүмкін. Я болмаса, асығыс шешімдерінің нәтижесінен де түрлі өтіріктерге де барады. Адамның мейлі әдейілеп болсын, мейлі күнделікті әдеті болсын, бір нәрсені дұрыс емес жолмен жеткізуі – жалғаншылық болып саналады.
Халқымызда «Тәтті шырын жал­ғаннан, ащы да болса ақиқат артық», «Жау қулығын жалған жасырар», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген сияқты қанатты сөздер бар. Әрдайым өтірік сөйлеуден сақтанып, рас сөйлеу әдепті те иманды кісілердің сипаттарынан болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жалған сөйлеуден сақтаныңдар, өйткені өтірік сөйлеушілік пен рас сөйлеушіліктің екеуі (жалғаншылық пен иман) бірдей бір кісінің бойынан табылмайды», «Шынайы мүмін кісінің бойынан түрлі нашар мінездер табылса да, қиянат пен жалғаншылық болуға тиісті емес» дейді.
Жалған сөйлеу екі жүзділіктің белгісіне жатады. «Екіжүзділіктің белгісі үшеу: Егер сөйлесе жалған сөйлейді, аманатқа қиянат жасайды, уәдесінде тұрмайды». (Хадис).
Сол себепті жалғаншылық жақсы амалдарды заяға кетіреді, құдды гауһар тасты жәй тасқа айналдырғандай. Хадисте сегіз түрлі адамдардың үлкен азаптарға тап болатынын айта келе, солардың арасында ең біріншісінде жалғаншыларды айтып өткен. Өтіріктің зардабынан адамның рас сөзі де заяға кетеді. Түрлі жамандықтың (сатқындық, қулық, дұшпандық, алауыздық т.б.) барлығы да өтіріктің кесірінен туындайды. Кейбір адамдар бірер бір пайда көру үшін жалған сөйлей салады. Бірақ жалған сөйлеуде еш пайда жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шыншылдық жолында қауіп-қатер көрейін деп тұрсаңдар да, рас сөйлеңдер, сол кезде ғана пайда табасыздар. Өйткені, бәрібір өтіріктің соңы бір-ақ тұтам», – дейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) кезекті бір хадисте: «Егер адам жалған сөйлейтін болса, періште ол кісіден айтқан өтірігі жететін жерге дейін ұзақтайды».
Сауда-саттық жолында да өтірік сөз араласатын болса (заттың айыбын жасырса, таразыдан алдаса, сүтке су қосса т.б. с.с.) сауданың берекесі жойылады. Кейбір адамдар есіткен нәрселерінің рас па, өтірік пе екендігін сұрастырмай, оны әрі қарай тарқата береді. Хадисте «Естіген нәрсенің барлығын сөйлей беру, ол кісінің жалғаншы екендігіне жетерлік дәлел» – делінеді. «Адам өтірік айтудың себебінен төмендегі жамандықтарға душар болады екен: «Адамдардың назарынан тыс қалады, мәртебесі түседі, жүзінен нұр кетіп, адамдардың сенімдерінен қалады».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалған сөйлеу амалын үлкен күнәлар қата­рына қосып, өзінің бір хадисінде: «Жалғаншы адам Алланың дұшпаны», деп айтқан. Өтірік сөйлеген әрбір өтірік сөз үшін 10 күнә болып жазылады, тек төмендегілерден басқасы: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 3 түрлі жағдайда амалсыздан өтірік айтқан адам үшін еш күнә жазылмайтынын айтқан. Олар: Ерінің әйеліне ұрыс-керіс шықпауы үшін алдын алып айтқан өтірігі, ерлі-зайыптыларды жарастыру үшін айтылған өтірік және екі араздасқан адамды табыстыру үшін айтылған өтірік.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалған сөйлеу жайында және бір сөзінде:
– ақылдылықтың ғаламаты ешқашан жалған сөз сөйлемеу;
– қолыңнан келмейтін нәрсені тіліңе тиек етпе;
– жалған уәде беру – өзіңе дұшпандар арттыру, – деген.
Жалған сөйлеу – барша күнәлардың бастауы. Жалған сөйлеуші өз мақсатына жету үшін түрлі жалған сөздерден түйін түйеді. Оны растау үшін неше түрлі анттар ішеді. Анты мен өтірігінің арасы бір қадам болады. Егер біреу оның өтірігін шығарса, ол адамды дұшпан санайды. Нәтижесінде ол адам екеуінің арасында зұлымдық орнайды. Бұл дұшпандық олардың айналасындағы адамдарға да кері әсерін тигізеді.
Имам Ахмад ибн Ханбал Әбу Һурәйрадан р.ғ. мына бір хабарды риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім жас балаға «міне, мынаны ал» деп, еш нәрсе бермеген болса, ол адам жалғаншы болғаны».
Сол үшін де перзенттерімізге бір нәрсе беруде уәде қылған болсақ, оны орындауымыз керек. Келешек ұрпақ біздердің амал әрекеттерімізден үлгі алып өсетінін естен шығармағанымыз абзал.
Алла Тағала баршамызды жалған сөйлеуден және сөйлеген сөздерімізге өтірік сөздер қосып сөйлеуден аулақ етсін!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

 

Поделиться ссылкой: