Кітап – білім бұлағы

651 Views

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Бұны біз айтқан жоқпыз. Бұл – шығармалары әлемдік масштабта мойындалған классик жазушы Әбіш Кекілбайұлының сөзі. Әрине, қазір кітап оқитын адамдар саны азайды. Әсіресе, жастардың көбісі том-том романдарды оқуға ықылас та танытпайды. Кітапқұмар жастар бар. Аз. «Бірақ, сол аздың өзі қандай кітап оқиды?» дегенге келсек, көбісі психологиялық, мотивация сыйлайтын кітаптарды оқиды екен. Ол да дұрыс. Кітап оқудың зияны жоқ. Керісінше, пайдасы болмаса.
Мәселен, Елжас Ертайұлының «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген кітабы жастар арасында көп оқылатын кітап. Қазір білесіздер, барлық аймақта республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. Біреулер аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті заттар, біреулер спорттық киімдер сыйға үлестіруде. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов жаңағы жастар арасында сұранысқа ие Елжас Ертайұлының «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген кітабын мектеп кітапханасына тарту етті. Аталмыш мектептен көптеген оқуы озат оқушылардың шыққанын білеміз. Әлі де шығары хақ. «Адам кітап оқуды доғарған кезде ойлауды да доғарады». Мұратжан Құрманжанұлы әрнәрсеге биік өлшеммен қарайтын азамат қой. Кітапты текке сыйламаса керек. Кітап оқыған оқушы зерек болады. Аудандық мәслихаттың депутаты әуелі осыны ескерсе керек. Екіншіден, кітап оқу – өмірлік сабақ. Сондықтан кітап оқиық, ағайын!

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: