Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні
Осы атаулы мерекеге орай «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбай басылым бетіне материалдар әзірледі. 2022 жылдың 7 айында бұл салада қандай жұмыстар атқарылды? Жауабын білгіңіз келсе, әріптесіміз дайындаған мақалаларға зер салыңыз.
Газетке арнайы бет әзірлейтін кезде міндетті түрде жоспар түзесің. Макетін сызасың. Жазған мақалаңа «төрт құбыласы сай» келісті макет болса дейсің. Осыларды ойлап, «бас қатып» отырғанда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев телефон соқты. Сөз ауанын тыңдасақ, «сол Спорт күніне мақалалар жазсақ» деген ой. Әрине, мұндай атаулы даталарға газеттен әрдайым орын беріледі. Қуана келістік те, межелі күнді белгілеп, уағдаластық. Сөйлестік. Өз ойымыздағы сұрақтарды да қойдық. Ерлік Тоғанбайұлы талай қызметте еңбек етіп, ысылған адам ғой. Іркілген жоқ. Өзі бастап кетті әңгімені.
– Маратжан, аудан бойынша барлығы 179 спорт нысаны бар. Оның ішінде 2 спорт кешені, 1 стадион, 101 спорт алаңшасы, 21 футбол алаңы, 47 спорт зал және 5 басқа да спорт нысандары. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз болып табылады. 2022 жылдың 7 айында аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны жалпы халықтың 36,2 пайызын құрады. Бұл – 23 679 адам, – деді.
Ауданда 2 спорт-мектебі бар екенін білеміз. «Ал, осы мектептер балалар мен жасөспірімдерді спорттың қай түрлеріне баулиды?», «Қанша жаттықтырушы бар?» деген сауал оқырман үшін де қызық. Сондықтан бұл сауалды да қойдық. Ол:
– Аудан бойынша 2 спорт мектебі жұмыс істейді. Оны өзіңіз де айттыңыз сұрақ қойған сәтте. Сол спорт мектептерінде, яғни еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, волейбол, таэквондо, кикбоксинг, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, ауыр атлетика, бес тас, футбол секілді 14 спорт түрі бойынша барлығы 1228 оқушы спортпен шұғылданады. Ал жаттықтырушылар жайлы сөз қозғайтын болсақ, спорт мекемелерінде 44 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Нәтиже өте жақсы. Қандай да бір жарыстан, ол мейлі облыстық, тіпті, республикалық болсын, балалар мен жасөспірімдердің жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Ол енді сол – спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың еселі еңбегі деп білемін – деп, қойылған сауалға анық әрі нақты жауап қайырды. Риза болмай қайтесің. Сосын Ерлік Тоғанбайұлы мына детальды да қосып айтты.
«2022 жылдың 7 айында аудан бойынша барлығы 111 бұқаралық-спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 12 100 адам қамтылды». Міне, басшылардың барлығы осылай өз жұмысын біліп тұрса, қалай қуанбайсың! Қуанасың, әрине. Сосын «Жаңа Қазақстанда» «бүгіп қалып, айтпай қалу» деген ұғым болмауға тиісті секілді. Барлығы да ашық, нақты болуы керек. Мәселен, Ерлік Тоғанбайұлы мына жайтты жасырған жоқ. Ашығын айтты.
«2022 жылға жалпы 108023,0 мың теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығына 75 769,0 мың теңге бөлінді. Оның 28828,5 мың теңгесі 7 айда игерілді. (49 бірлік қызметкердің еңбекақысына 22974,6 мың теңге, коммуналдық қызметтерге 3943,5 мың теңге, басқа да шығындарға 1910,4 мың теңге).
Дене шынықтыру және спорт бөліміне 32254,0 мың теңге бөлініп, 7 айда 13874,8 мың теңгесі игерілді.
001 бағдарламасы бойынша 16126,0 мың теңгенің 7827,8 мың теңгесі игерілді. Бұқаралық спортты дамытуға бөлінген қаражат 16128,0 мың теңге. Оның ішінде 006 бағдарламасы бойынша спорттық іс-шаралар өткізуге 2870,0 мың теңге, 007 бағдарламасы бойынша іс-сапар шығындарына 13258,0 мың теңге, 6 айда игерілгені 6017,0 мың теңге». Міне, нақты факт осы. Содан соң, Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сәбденов ауылдарына салынатын спорт кешендерінің мәселесі туралы да сөз қозғалды. «Ол салынады міндетті түрде. Қазір мемлекеттік сатып алудың конкурстық тәсілі жарияланды. Барлығы реттелсе, бұл шаруа да іске асырылады, бұйыртса» деп жауап қайырды. «Қандай проблема?» бар дегенде де ештеңені жасырған жоқ бөлім басшысы.
«Иә, спорт саласында проблема болмау мүмкін бе? Бар, әрине. Айталық, Құлан ауылындағы К.Бекебаев атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. 2020 жылы бұл стадионның жобалық сметалық құжаты даярланған. Құны 261 000,0 мың теңге. Қажетті мекемеге хат жолданды. Содан соң, Жаңатұрмыс ауылындағы кіші футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Мұнда да ауыл әкімшілігі тарапынан тиісті құжаттар даярланған. Мәселе бақылауда. Құмарық ауылына қарасты Алғабас елді мекенінде орналасқан кіші футбол алаңына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мұнда да ауыл әкімшілігі тарапынан барлық жұмыстар атқарылған. Барлық мәселе бір жылда шешіле салмайтыны белгілі. Кезең-кезеңімен реттелетін болады бұл шаруалар да. Ең бастысы, елімізде тыныштық пен татулық болса болғаны. Маратжан, осы сәтті пайдаланып, аудандағы спорт саласының ардагерлері мен жаттықтырушыларды, жалпы осы салада тер төгіп жұмыс істеп жүрген азаматтарды айтулы мерекемен құттықтағым келеді. Лайым, Көк байрағымыз Көкте желбіресін» деді Ерлік Тоғанбайұлы.
«Құланнан талай мықты спортшы шыққан. Ол алдағы уақытта да шыға береді. Біз оны нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, бұл мекеннің аурасы сондай. Әйтпесе, бұл өңір бекерден-бекер «Киелі Құлан» деп аталмас еді. Киелі Құлан жерінің атын айдай әлемге алдымен Олимпиада ойындарында атақты Абсент танытты. Абсенттің 1960 жылғы Римдегі алтыны мен 1964 және 1968 жылдары Токио мен Мехикодағы қос қоласын аудан жұртшылығы қалай ұмытсын. Одан кейін даңқты боксшымыз Ермахан Ыбырайымовтың 1996 жылғы Атлантадағы қоласы мен 2000 жылғы Сиднейден жеңіп алған алтыны тағы бар. Содан соң Сиднейден олжалы оралған жауырыны қақпақтай Ислам Байрамуков сынды жерлес балуанымыздың күміс жүлде еншілегеніне де 20 жылдан асып кетті. 2012 жылы Лондон шаһарында өткен төртжылдықтың басты додасында Ақжүрек Таңатаровтың тұғырдың үшінші сатысынан қол бұлғаған сәті әлі күнге дейін көз алдымызда. 2016 жылы Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов күміс медаль еншілегенде құландықтардың қалай қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2021 жылы Жапония астанасы Токио қаласында олимпиада ойындары өтті, білесіздер. Даңқты дзюдошы, жерлесіміз Елдос Сметов Токио татамиінде белдесіп, олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ ел қоржынына бірінші болып қола жүлдені салды. Сонымен бас-аяғы 9 жүлде бар екен. Бұл дегеніңіз, бір аудан үшін айтарлықтай жетістік емес пе?»
Аружан мен Мерейдің болашағы зор
Ағалар салған жеңісті жолды жалғастырып келе жатқан жастарымыз да жетерлік. Мәселен, Әлішер Ерғали. Ол Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Болмады. Бірақ, жас қой әлі. Ол тегеурінді спортшы.Біз одан тек жеңіс күтеміз. Жас балуан Нұрданат Айтановтың да жеңісті сәттері көп. Оның да болашағы зор. Дидай Дана есімді қарындасымыз бар. Ол да Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытып жүрген жас талантты боксшы арудың бірі.
Меніңше, осы жастардың әрбір жетістігі бүгінгі спорттың қай түрімен болса да айналысып жүрген жасөспірімдердің бойына сенімділік сыйлайды. Сол сенімділіктің арқасы шығар, бокстан 2008-2009 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында Қостанай қаласында өткен ел чемпионатында № 24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аружан Бахытбек жүлделі I орынды жеңіп алды. Негізінен, Аружан Қорағаты орта мектебінде білім алады. Қостанайда өткен Қазақстан біріншілігінде осы спорт мектебінің тағы бір тәрбиеленушісі Мерей Тынышбек те жүлделі III орын иеленді. Мерей – Абай шағын орталықты орта мектебінің оқушысы. Аружан мен Мерейді осы спорт түріне баулып, шеберлігін шыңдап жүрген аға жаттықтырушы Есдәулет Құрмантаев екенін айтайық. Еңбегі зор бұл бапкердің расымен де. Әрдайым тынымсыз ізденісте жүреді.
Аружан Бахытбек пен Мерей Тынышбек кикбокспен де айналысады. Аружан 33 келі салмақ дәрежесінде кикбокстан ел чемпионы болса, Мерей де 56 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған. Көрдіңіз бе, біздің ауданның жасөспірімдері жан-жақты. Бұдан не түюге болады? Сөз басында 44 жаттықтырушы бар екенін жаздық. Міне, бұл – сол жаттықтырушылардың іскерлігі мен табанды еңбегінің арқасы.
Аружан мен Мерей Азия чемпионатына іріктеу, яғни «Мықтылар турнирінде» де бақ сынады. Ол Өскеменде өтті. Есдәулет Құрмантаев екі шәкіртін үкілеп апарды бұл жарысқа. «Мықтылар турнирінде» 36 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Аружан Бахытбек жүлделі I орынды жеңіп алды. Ал Мерей Тынышбек 56 келі салмақ дәрежесінде сәтті жұдырықтасып, жүлделі II орынға ие болды. Бұл екі жасөспірім қыз да «Спорт шеберіне үміткер». Осындай жасөспірімдер жетіліп, өсіп келе жатқанда біз қалай мақтасақ та, мақтансақ та жарасады. Өйткені, Құлан жері талантты спортшылардың ұстаханасына айналған – киелі өлке.
Бетті дайындаған Марат Диханбай.