Ата заң – ел тірегі

504 Views

1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан үшін әлемдік қауымдастықта бедел жинау, ішкі тұрақтылықты сақтап, экономикасын дамыту міндеті тұрды. Нарық заманының қатаң заңдылығы тиімді де үнемшіл экономиканы дамыту қажеттігін алға тартты. Нарық кезінде елдің әлеуетін көтеретін, халықтың хал-жағдайын жақсартатын қаражатың болмаса, саяси ұрандармен мемлекетті алға бастырту мүмкін емес екені баршаға аян. Сол себепті еліміз демократиялық қоғам құра отырып, «әуелі экономика, содан кейін саясат» деген қағиданы ұстанды. Бұл экономикадан басқа саланы ысырып қою деген сөз емес. Мемлекетіміз барлық саланы қамти отырып жүргізілген реформалардың нәтижесінде бүгінгі деңгейге жетті.
Тәуелсіздік алған соң елімізде тарихи мәні зор оқиғалар көп болды. Соның ерекшелерінің бірі – 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануы. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл халықтың дауыс беруімен Ата Заң қабылданды. Халықтың өз таңдауын жасап, белсенді дауыс беруі үшін алдын ала дайындық жасалып, жүйелі ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Барлық аумақта үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде халықтық референдумда республика тұрғындарының барлығы дерлік жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді.
Ата Заңымызда еліміздің көздеген мақсаты, саяси ұстанымы ашық жазылған. Тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұратын Конституция мынадай кіріспе сөзден басталады: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп көрсетілген.
Негізгі Заңның 1-бөлімінің 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігін айшықтай келе, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген. Бұл жолдардан еліміздің қандай бағытта даму жолына түскендігін білеміз. Ал, сол сөйлемнің екінші жолынан мемлекеттің ең басты байлығы – халық, әрбір азамат екендігі анық көрініп тұр.
Жаңа Конституция қабылдағаннан кейін сол кезеңде елімізді дамытуға бағытталған, кешеуілдетуді күтпейтін, қоғамға аса қажетті көптеген заңдар өмірге келіп, барлық саланы ретке келтіре бастады. Сол тұста Мемлекет басшысы Заң күші бар көптеген Жарлықтарға қол қойғаны белгілі. Соның арқасында еліміз іркіліксіз даму жолына түсті.
1995 жылғы Конституция негізінде елімізде қос палаталы Парламент өзінің жаңа тарихын бастады. Бұрын Жоғарғы Кеңес аталып келген болса, жаңа Конституцияда «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Парламенттің Сенат және Мәжілістен тұратыны және ол тұрақты негізде жұмыс істейтін еліміздің жоғарғы өкілетті органы болып табылатыны жария етілді. Қазіргі күнде Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы.
Ал 1995 жылғы 16 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заң Қазақстан Республикасының Парламентін ұйымдастыру мен оның қызметін және оның депутаттарының құқықтық жағдайын белгілеп берді. Сөйтіп 1996 жылғы қаңтарда өз жұмысын бастаған қос палаталы Парламент жаңа Конституция аясында заң жобаларын қарап, қабылдауға кірісті. Содан бергі кезеңде мыңнан астам заңдар қабылданып, қоғамның маңызды тетіктерін реттеп келеді.
Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуы Конституцияға тікелей байланысты. Өйткені, елді алға бастыратын заңдар да – Ата Заңның негізінде өмірге келеді. Қоғам дамуы жаңа міндеттерді алға тартады, дер кезінде шешілуі тиіс жаңа мәселелер туындайды. Сондықтан Конституцияға да толықтырулар енгізіліп тұрады. Осы уақыт аралығында Конституцияға екі рет өзгерістер енгізілді. Соның бірі ретінде 2007 жылғы негізгі заңның кейбір баптарын жетілдіруді атауға болады. Онда еліміздің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшкендігі көрініс тапты. Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалу кепілдігін нығайта түсті. Қазіргі күндегі Қазақстанның жетістіктері осы Конституцияда бекітілген құқықтық негіздердің арқасында мүмкін болып отырғандығы баршамызға аян. Сондықтан да Ата Заңымыздың аясында қабылданған әлеуметтік-экономикалық саланы реттейтін маңызды құжаттардың арқасында жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан Қазақстанның келешегі кемел болатынына сенімдіміз.

С.Қалқабаев,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: