Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

426 Views

21 қыркүйек, 2022 жыл.

Қымбатты отандастар!
Биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды.
Маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады.
Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады.
Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді. Мен осы ереже­ні жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – бала­ларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым.
Конституциялық реформа – мен Мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі. Осы бағдарлама аясында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын-ала ескерту тәртібі енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Пар­ламенттік оппозиция институты құрылды. Қыл­мыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық деп таныл­майтын болды, 174-бабы ізгілендірілді. Өлім жаза­сы жойылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсіл­дері енгізілді. Сондай-ақ басқа да көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды.
Жалпы, соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды. Сон­дықтан мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз.
Осы бастама жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім.
Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Конституцияның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқы­лы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көз­дейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеу­меттік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруы­мыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдын­дағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеу­меттік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бас­та­малар айтылады.
Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау нау­қаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне ке­піл­дік беремін. Оны отандық және шетелдік байқау­шылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз.
Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезі­ніп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтас­тығын көрсете білейік.
Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның бола­шағы әрқайсымыздың қолымызда.
Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!

Поделиться ссылкой: