Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Қазіргі таңда кәсіптің сан түрі бар. Солардың көбісі теміржол саласында кездеседі десек қателеспейміз. Олардың қатарында бізге түсінікті, кейде түсініксіз болып келетін жұмыс түрі көп.
Мәселен сіз пойызбен алыс сапарға шықтыңыз делік. Мінген көлігіңіз жолда кездесетін бекеттерге тоқтап, аялдайтындығы анық. Сол сәтте сырт жақтан «шаңқ» етіп, жүйкеңізді жұқартатын, «таңқ» етіп төбеңізден қойып қалғандай дауыстарды естімей қалмауыңыз мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, қолына ұзын балғасын алып, сіз отырған вагон дөңгелегін аямай ұрған қызметкерге бірден ашулануыңыз мүмкін. Дегенмен, асығыстық шешім қабылдамағаныңыз абзал. Себебі ол қызметкер сіздің жүйкеңізді жұқарту үшін емес, өмір қауіпсіздігіңізді қорғау мақсатында сондай қадамға барады. Иә, теміржол саласындағы кәсіптер күрделі болып келеді. Себебі, аталмыш сала қызметкерлеріне артылған жүк ауыр. Сонымен қатар, бұл сала үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен темірдей тәртіпті ұстануды талап етеді.
Алайда, осы салада 40 жылдай еңбек етіп келе жатқан Келдияр Төлендібаев жұмыстың ауырлығына күні бүгінге дейін еш шағымданған емес. Керсінше, өзіне жүктелген міндетке әрдайым білек сыбана кірісіп, оны жоғары деңгейде орындауға тырысатын жандардың бірі.
Қызылшаруа ауылының тумасы Келдияр Нүсіпханұлы 1978 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен соң, бірден Луговой ауылындағы вогондарды техникалық тексеруден өткізу бекетіне жұмысқа орналасқан. Содан бері ағамыз жүк және жолаушыларды тасымалдайтын вогондардың техникалық қауіпсіздігіне жауап беріп келеді. Жоғарыда айтқанымыздай бекетке аялдаған әрбір вагонды балғасымен ұрып, ақауын табуға тырысады. Ұжым арасында сыйлы, жастарға үлгі бола білген кейіпкеріміз өзінің сүйікті жұмысы жайында былай деп әңгімелейді.
-Мен жас кезіменен бастап осы мекемеде қызмет атқарып келемін. Осындай мамандық түрін таңдағаныма еш өкінген емеспін. Біздің жұмыс сырт көзге оңай болып көрінгенімен, жауапкершілігі көп. Міндетіміз ақауы бар вагондарды анықтап, мейілінше тезірек ретке келтіру. Алла амандығын берсе, 2-3 жылдан кейін зейнетке шығамын. Бұрындары вогон қараушы болсам, қазіргі таңда аға вогон қараушы қызметіндемін. Мен басқаратын ауысымда 12 адам жұмыс атқарады. Олардың көбісі жас буын болғандығы мені қатты қуантады. Өйткені, болашақ жастардың қолында. Менің екі ұлым жолымды қуып, осы темір жол саласында еңбек етіп жүр. Ол мен үшін зор қуаныш, әрі үлкен мәртебе, -деп көкейдегі ойымен бөлісті.
Шыныменде мекеменің ішіне кіргенде қызметкерлердің көбісі жастар екенін байқадық. Алдағы уақытта үлкенін үлгі тұтқан жас ұжымға толағай табыс тілейміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.