1 қазан – Қарттар күні

875 Views

Қарттарын сыйлаған елде қасиет бар…

Журналист болған соң көп жиындарға қатысамыз. Жасырып қайтеміз, соның көбісі іш пыстырарлық деңгейде өтіп жатады. Неліктен? Өйткені, сүбелі сөз бен ордалы ой айтатын азаматтардың қатары аз. Ал, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысқан кез келген жиын жұртшылыққа несімен ұнайды? Себебі, ол – парасаты биік, талғамы терең интеллект иесі. Еркін сөйлейді. Көкейге қонымды ой айтады. Қарттар күні қарсаңында Қожайхан Қазыбайұлымен дидарласып, әңгімелескен едік. Газетіміздің бүгінгі санында кейіпкерімізбен өрбіген сұхбатымыздың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қожайхан аға, біз «ақсақал, қария, абыз» деген тіркестерді жиі қолданамыз. Бірақ бүгінгі жас буын өкілдері бұл сөздердің мазмұнына онша мән бермейтін секілді. Алғашқы сұрақты осыдан бастайықшы. Үш сөздің астарында қандай мән-мағына жатыр…

– «Қарттарын сыйлаған елде қасиет бар, олар айтқан әр сөзде өсиет бар» деген мақал бар. Мына сұрақты өте орынды қойып отырсың. Алайда, жастарға кінә артуға тағы болмайды. Өйткені, олардың арасында білімдісі, зерделісі жоқ деп айта алмаймыз. Осының бәрі өнегелі, ұлағатты кездесулердің жоқтығынан деп білемін. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақтың миының жады өте мықты. Сондықтан бәріне бірдей топырақ шаша беруге болмас. Енді сауал төңірегінде сөз қозғайтын болсам, бір әулеттің ақылшысы болып, соған ақыл-кеңесін айтып отырған жандарды біздің қазақ қария, ауылдағы ағайынға баталы сөзін жеткізіп, мәселенің мәнісін шешкен тұлғаларды ақсақал деп атаған. Ал қазақтың мүддесі мен елдің абыройы үшін барын салып еңбек еткен адамдарды абыз десек болады. Мәселен, бұған әріге бармай-ақ тәуелсіздік жылдарында сөзімен де, ісімен де елдің есінде қалған Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырза Әлі сынды ағаларымызды айтсақ жарасады.

– Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза сынды заңғар тұлғаларды тілге тиек етіп қалдыңыз. Олар «шаңырағына қарап қариясын емес, керісінше қариясына қарап шаңырағын сыйлайтын» күрескер азаматтар ғой?..

– Дұрыс айтасың. Бұрын өзің айтқандай, қартына қарап шаңырағын сыйлайтын едік. Ал қазір расымен де шаңырағына қарайтын заманға келдік. Рас, бір үйдің баласы бизнесмен болса, не болмаса жоғары дәрежедегі шенеунік болса, соған қарай ауып кететін жағдайлар жоқ емес, бар. Негізінде, сыйластық мұндай өлшемде өрбімеуі керек қой. Осындайда Камал ағаларды еске түсіресің. Болмысы бөлек, өзіндік принципі қалыптасқан ұлтжанды азаматтар ғой, шіркін.

– Айжан Тәбаракқызы есімді ақын қызыңыз өзінің «Көңіл» атты өлеңінде «Пенделерге пейілсіз бекер сенген екенмін, Бар болу да – Құдайдан, Жоқ болу да – Құдайдан» деп жырлапты. Жалпы, дінге деген көзқарасыңыз қандай?

– Мен «Түбіміз түркі, түлігіміз жылқы, атамыз алаш, керегеміз ағаш, алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз тәрбиелеген, көк тәңірінің құлы, көк бөрінің ұлы болған қайсар қазақтың ұрпағы болғанға мақтанамын» деген сөзді бәсірелі жиындарда жиі айтамын. Негізінен, дінді де қолдайтын жері бар. Ақиқатын айту керек, Ислам діні – жамандыққа тәрбиелемейді. Құранның қай аятын оқып шықсаңыз да, адалдыққа, кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа үндейді. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда жастарымыздың дені имандылыққа бет бұрған. Ең бастысы, ащы суға құмар емес. Мен осыған қуанамын.

– Қожайхан аға, қазір жас та, жасамыс та, қолы қалт етсе интернетке шұқшияды. Осы сәтте жазушы Сәбит Досанов ағамыздың «Адам кітап оқуды доғарған кезде ойлауды да доғарады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Бұған нендей ой қосасыз?

– Мен бұған толық келісемін. Біздің қоғам дәл қазіргі уақытта рухани тұрғыдан «аш» деуге болады. Қарап отырсаң, бесіктен белі шығып үлгермеген кішкентайларымыздың өзі ұялы телефонға әуес. Компьютердің тетіктерін шемішкеше шағады. Бұл жақсылық емес. Содан кейін, ата-аналар қатарынан қалып қоймасын деп, қомақты сомаға балаларына «сотка» сатып алып береді. Осының бәрі бізді рухани кемелдікке емес, керісінше «кедейлікке» алып келе жатыр. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық мақаласын айтып өткен жөн. Өз басым рухани жаңғыруды сананы жаңғырту деп түсінемін. Ал сананы жаңғырту деген – ұлттық салт-дәстүріміздегі озық үлгілерді жаңа қоғамға сай етіп дәріптеу. Жаңа Сәбит Досановты айып қалдың. Сәкеңнің мынадай сөзі де бар, Маратжан. «Қарын ашса, тойдыруға болады, ал рухани аштықтың орнын толтыру өте қиын» дейді жазушы.

– Өзіңіз әлеуметтік желіге тіркелгенсіз бе?

– Тіркелмегенмін деп өтірік айтпаймын. Өйткені, ауданда өткізілген ілкімді іс-шараларды облыстық «Ардагерлер ұйымы» қадағалап отырады. Аракідік ішкі толғанысымды жазып қоямын. Яғни, жұмыс бабымен ғана қолданамын.

– Кезінде «Ұят болмасын» бағдарламасында Ақылбай қарияның рөлін сомдаған Бекжан Тұрыс ініңіз 50 жасқа келгенде «Ұлым саған айтам…» атты моноспектакльлін ұсынды көрермендерге. Қойылымда актердің «Ошақтың үш бұты болғанмен, қазаным біреу еді ғой, үш жүзге бұра тартқаныммен, қазағым біреу еді ғой» дейтін жанайқайы бар. Меніңше, бұл сөздің астарында көптеген сыр жатқан секілді…

– Шерағаң айтпақшы, бұның бәрі бір кем дүние. «Жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз» деген тәмсілді де білесің. Сондықтан үш жүздің баласы біріксек көппіз, ал бірікпесек жоқпыз. «Сыртта сыбыр, іште күбір жетерлік, соны ойласам көңілімнен кетер құт, барша қазақ бір-біріңді дос көрмей, тынысыңда тірлігіңде бекерлік» деген екен. Дана Абайша тәпсірлесек, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос».

– Атақ деген ұғымды қалай түсінесіз? Бұл менің кейіпкерлеріме қояр дәстүрлі сұрағымның бірі…

– “Атақ” дегенді аурудың бір түрі деп есептеймін. Әлгі «Араққа мас болғаннан, атаққа мас болған жаман» деген содан қалса керек. Атағын пұлданып жүргендер жоқ емес, бар. «Кішіпейіл болған сайын биіксің, қарапайым болған сайын ұлысың» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. Жалпы айтқанда, биік баспалдақ санасы төмен адамдарды кішірейтіп жібереді, ал санасы жоғары адамдарды одан әрі биіктете түседі. «Адал болсаң ақ көңіл бауырыма балаймын, достасуға ұмтылсаң дос болуға жараймын, қажет емес мен үшін сенің атақ-дәрежең, мен алдымен адамдық қасиетіңе қараймын» деген өлең жолдары есіме түсіп отыр. Атақ жайында менің түйгенім -осы.

– Сырлы сұхбатымызды жастарға тағылым болар ақ батаңызбен аяқтасақ…

– «Көздерінде қайрат бар, жүздерінде айбат бар, Мен жастарға сенемін» дейді Мағжан Жұмабаев. Жастарымыздың болашағы жарқын екеніне кәміл сенетін жанмын. Сондықтан оларға:

-Төле бидей көсем болсын,

Бөлтіріктей шешен болсын.

Сауытбектей ақын болсын,

Бәйдібектей батыр болсын.

Асанбайдай тілді болсын,

Бауыржандай зілді болсын.

Тегі текті құнды болсын,

Өмірлері ұзақ болып,

Жамбыл жеткен жасқа толсын, -деймін.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: