АЛҒАШ РЕТ ҚҰЛАНДА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

319 Views

Өткен аптада ауданға арнайы жұмыс сапарымен Астана қаласында өткен «Amanat» партиясының XXIV съезінің делегаттары, яғни « «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Естемесұлы Төлендиев пен Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының басшысы Болатбек Уәлихан келіп, республикадағы іргелі оқу орындарының бірі саналатын Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Айта кетейік, аталмыш жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов те қатысты.

Кездесу барысында қонақтар жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөнінде оябы бөлек ой айтып, ұзақ пікір алмасты. Атап айтар болсақ, Қасымхан Естемесұлы аймақ бойынша бірінші болып «Жас қыран» әлеуметтік жобасы Құланда қолға алынатынын қуана жеткізді.
– Тың әрі баянды бастама алғаш болып сіздер­дің аудандарыңызда қолға алынбақ. «Жас қыран» әлеуметтік жобасы жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетініне бек сенімдімін, – деп колледж студенттеріне үлкен сенім артты.
Ал аудан басшысы Ернар Серікәліұлы болса, бас бармақпен бағалауға тұрарлық баста­маны Тұрар Рысқұлов ауданында пилоттық жоба ретінде қолға алуды жөн санаған Қасымхан Естемесұлына шексіз алғысын жеткізді.
Жиында Жамбыл облыстық мәслихаты­ның депутаты, «Amanat» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының басшысы Болатбек Уәлихан да сөз сөйледі. Ол өз сөзінде өмірін, жүрген жолын мысал ре­тінде келтіріп, жастар дәл осындай қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу керектігін алға тартты.
Іс-шара соңы колледж студенттері даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: