Жаңатұрмыста жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

385 Views

Міне, осы газетте қызмет атқарғанымызға да 8 жыл болыпты. Осы жылдар аралығында ауданға қарасты көптеген ауылдарды араладық. Қай ауылға барсаң да, бітпейтін проблема көп еді. Дегенмен, шүкір дейік, қазір сол проблемалар рет-ретімен шешіліп, қарапайым халықтың атқарушы билік өкілдеріне деген сенімі артты. Қайбір жылы Жаңатұрмыс ауылына да барғанбыз. Сонда ауыз су мен дәрігерлік амбулаторияның әбден тозығы жетіп тұрғандығын жаңатұрмыстықтар мәселе қылып көтерген болатын. Сол мәселе биыл өз шешімін тапты, мінеки. Оған кеше өзіміз де куә болып қайттық.

Ауыз судың жайы кейінгі бір тақырыпқа арқау бола жатар. Құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондықтан әзірше – дәрігерлік амбулаторияға тоқталайық. Жаңа дәрігерлік амбулатория тәулігіне 25 адамды қабылдай алады. 161 миллионға салынған жаңа нысанның сыртқы және ішкі безендірілуі де келісті. Дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген екен. Аталмыш мердігер компания жуырда ғана Жақсылық ауылына салынып, пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын да жүргізгенін айта кетейік. Әдетте, халық тарапынан құрылыс саласындағы мердігер компания өкілдеріне ризашылық білдіруді сирек естіп жатамыз ғой. Бұл жолы – шынайы ризашылықты аңғардық. Рас. Оны Жаңатұрмыс ауылына арнайы барып, ізгі тілегін білдірген аудан әкімі Ернар Есіркепов те атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның сапасы өте жақсы болғандығын тілге тиек етіп, «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медет Абдиманаповқа жеке тарапынан алғыс білдірді. Содан соң аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов те сөз сөйлеп, бұл расыменде Республика күні қарсаңында ауыл халқы үшін қуанышты жаңалық болып отырғанын айтты. «Құлбарақ» шаруа қожалығының басшысы Қадірбек Құлбарақов та салтанатты жиында сөз сөйлеп, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға дән ризашылығын білдірді. Одан кейін «Тұлпар Строй Сервис» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­то­ры Медет Абдиманапов жаңа нысанның «Символикалық кілтін» Жаңатұрмыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Эльмира Естемесоваға салтанатты түрде табыс етті. Ал аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ынтымақ бар жерде береке, береке бар жерде мереке бар дей келіп:
– Елімді даласымен сақтасын,
Халқымды данасымен сақтасын.
Азаматты санасымен сақтасын,
Сәбиді анасымен сақтасын.
Атаның аласынан сақтасын,
Баланың шаласынан сақтасын.
Туысқанның жаласынан сақтасын,
Кезендінің кезінен сақтасын.
Жаратқанның кәрінен сақтасын,
Ойда-жоқта кезігер,
Бәле-жаланың бәрінен сақтасын, – деп ақ батасын берді. Салтанатты жиын соңында Жаңатұрмыс ауылының қадірлі ақсақалдары Өмірзақ Шыңқожаев пен Мұрат Рысмедетов дәрігерлік амбулаторияның лентасын қиды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: