Аудан орталығынан «Достық» үйі ашылды

376 Views

Республика күні мерекесіне орай ашылған «Достық» үйінің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов және аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, Құлан ауылының қадірлі ақсақалдары Санат Қырықбаев, Райзо Шәділбеков, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов және аудандағы 6 этно-мәдени бірлестіктің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Бұл «Достық» үйі қай жерден ашылды дейтіндер болса, оны да жазып өтейік. Бұл бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» болған нысан, яғни «Amanat» партиясы мен Құлан ауылдық округі әкімшілігінің ортасында тұрған ғимарат. Рас, біраз жыл бос тұрды. Енді ұлт пен ұлыстар арасындағы бейбітшілікті дәріптейтін «Достық» үйіне айналып отыр. Расымен де қуаныш емес пе?
Ернар Есіркеповтің аудан әкімі болып тағайындалғанына да 4 айға жуықтады, мінеки. Осы аралықта аудан басшысы көптеген сала қызметкерлерімен кездесті. Сондай келелі кездесудің бірінде, яғни мәдениет саласының қызметкерлері тарапынан ауданда «Достық» үйін ашу туралы мәселе көтерілген екен. Арада көп уақыт өтпей, көтерілген мәселе оң шешімін тауып, Республика күніне орай келісті ғимарат пайдалануға беріліп отыр.
«Достық» үйінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Ернар Есіркепов те, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов те, ауданның Құрметті азаматы Райзо Шәділбеков пен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов те ел тұтастығы мен берекелі бірлігіміз жайлы қадау-қадау сөздер айтты. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ғимарат ішіне жиһаздар сатып алып берген ауданның жомарт азаматтарына ерекше алғыс білдірді. Содан соң, «Достық» үйінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан қонақтар ғимараттың ішіне кіріп, қазақ, орыс, өзбек, неміс, қарашай этно-мәдени бірлестік өкілдерінің жұмыстарымен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: