Қызметкерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады

189 Views

Өткен аптада ауданға облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Үдергенов арнайы іссапармен келді. Басшы орынбасарының ондағы мақсаты – аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жеке кездесіп, тоғыз айда атқарылған жұмыстарды зерделеу.

Жалпы тоғыз айда атқарылған тірлік толымды. Аудандық полиция бөлімі төрт айдай басшысыз отырса да, талай тірлікті оң бағытта тындыра білген. Бұл туралы жиында департамент басшысының орынбасары Бауыржан Арынұлы мәлімдеді.
– Тоғыз айдың қорытындысына қарасақ, Тұрар Рысқұлов ауданындағы жұмыс көрсеткіші көңіл қуантады. Кей бағыттарда қылмыс саны азайып, тұрақтылық байқалады. Басшысыз отырсаңыздар да, осындай көрсеткішке қол жеткізу – үлкен олжа. Біз жуырда ғана тағайындалған бөлім басшысы Шалқар Аяпбергенұлының жұмысына сәттілік тілейміз – деп, бөлім жұмысындағы кемшін кеткен тұстарға да тоқталды.
Басшы орынбасары пайыздық көрсеткіші екі еселенген жол көлік оқиғаларына кеңінен тоқталып, жағдайды дереу реттеу керектігін ескертті. Расымен де аудан басшыларын дәл қазір жол көлік оқиғаларына қатысты көрсеткіш алаңдатып тұр. Жыл басынан бері 85 оқиға тіркелген. Соның салдарынан пайыздық көрсеткіш 16,4 %-ға өскен. Қайтыс болғандардың саны да артқан. Жалпы орын алған оқиғаларда 21 адам көз жұмып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50 пайызға көбейген. Ал жарақат алғандар саны – 165. Оның пайыздық көрсеткіші 19,6 %-ға өсіп тұр.

Ауданда жаяу жүргіншіні қағып кету 19 рет орын алса, 28 көлік аударылған. Тұрған көлікке соқтығысу фактісі екеу болса, автомобильдер 16 рет бір бағытта соқтығысқан. Сонымен қатар 49 жүргізуші жылдамдықты асыру кесірінен жол көлік оқиғасы орын алса, 12 оқиғада жол қозғалысының ере­же­сі өрескел бұзылған. Ал 3 оқиға кезінде жүргізушілер көлікті масаң күйінде басқарған.
– Әрине бұл олқылықтарды түзеу үшін қызметкерлердің техникалық қамтамасыз етілуі – аса маңызды. Сондықтан алдағы уақытта Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімі­не 3-4 қызметтік көлік пен қажетті өзге де құрал-жабдықтар берілетін болады, – деген Бауыржан Үдергенов қуанышты ха­ба­рымен қызметкерлерді бір сер­піл­тіп тастады.
Жиын соңына қарай Бауыржан Арынұлы бөлім басшысының орынбасарларымен жеке тілдесіп, кейбір мәселелерге назар салды. Сондай-ақ, қызметкерлердің сауалдарына жауап беріп, сала бойынша қабылданып жатқан соңғы өзгерістерді баяндап берді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: