Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі

443 Views

Музыка – адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем. Ауданымыздағы осы құдіретті өнерді шәкірт бойына сіңіруде еңбек етіп жүрген, жарты ғасырға жуық тарихы бар – Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі болса керек-ті. Аталмыш мектеп бүгінде 4 бөлім бойынша шәкірт тәрбиелеп отыр. Атап айтар болсақ, өнер ордасында ұлт-аспаптар, фортепиано, вокал және жыр-терме бөлімдері бар. Мектеп әкімшілігі білім алушылардың талантын әрі қарай шыңдау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Сондай кезекті шараның бірі ретінде Қайыңды және Өрнек ауылындағы көрерменге ұсынылған концерттік бағдарламаны айтсақ болады.
«Өнер – жанның табан ет, маңдай термен сығып алған шырыны», – дейді америкалық жазушы Теодор Драйзер. Ұлттық өнерді ұлықтаған мектеп оқушылары шынымен де жүзден жүйрік. Өйткені өнерді жан-тәнімен сүйетін, қасиетті өнер екенін ұғынатын шын дүлділдер тәлім береді. Фортепианоның үніне қобыздың сарыны қосылған кездегі ғажап шығарманы тыңдап отырған көрермен таңдай қаққаны анық. Одан бөлек, дарынды жастардан құралған «Балдәурен» домбырашылар ансамблі мен мектеп ұстаздары Құрманғазының «Балбырауын» күйін тамылжыта орындағанда, адам бойында асқақ рух биіктей түседі. Дәстүрлі ән сыныбы оқушылары домбыраны қолға алып, шегін тарта бастағаннан-ақ жәй ғана тыңдап отыру мүмкін емес еді. Қалыбек Дерібсалдиннің әні «Елім нұрлы – Қазақстан» және Ербол Ақбасовтың «Туған ел» әнін мектеп тәрбиеленушілерінен құралған «Керемет» хор ұжымы нақышына келтіре орындады.
Концерт соңында мектеп директоры Бердіхан Бабасов сөз сөйлеп:
– Қайыңды мен Өрнек ауыл­да­рына домбыра сыныптарын ашқан бола­тынбыз. Сол себептен де, Республика күніне жоспарлаған концерттік бағдарламаны осы ауылдарда қоюды жөн көрдік. Бүгінгі оқушыларымыздың өнері көнілдеріңізден шықты деген ойдамын. Барлықтарыңызға рақмет! Қазақтың өнері жасай берсін. Лайым елімізде береке-бірлік болсын, – деп аяқтады сөзінің соңын.

Балжан Ерланқызы.

Поделиться ссылкой: