Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
«Өрт нақ қызғанда, су тапқызбайды» дейді біздің қазақ. Бұндай сөзді қазекеңнен басқа кім айтсын! Рас қой. Биыл Қостанай облысында нендей жағдай болғанын мұқым қазақ әлі ұмыта қойған жоқ. Сол өрттің салдары «әне-міне дегенше өтейін деп тұрған» ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізуге тұсау салды. Одан соң Астана қаласында болған жағдай да жұрттың есінде біраз уақытқа дейін көмескіленіп қалары анық.
Елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, салдарынанденесін 80 пайыз күйік шалған Асқар Забикулин есімді өрт сөндіруші қызметкер қаза тапты. Асқар Забикулин өмірден босқа өткен жоқ. Ол өрт болған үйден бірнеше адамды құтқарды. Оның ішінде 10 жасар бала да бар еді. Зардап шеккендер дін аман. Бірақ Асқардың өзі жоқ арамызда. Осыдан кейін барып, әуелгі сөз басында жазған, яғни «Өрт нақ қызғанда, су тапқызбайды» деген дана қазекеңнің сөзі өміршең екенін ұғасың. Біреулер «қойшы соларды, бітіріп жүрген түгі жоқ» деуі мүмкін. Түк бітірмесе, Асқар секілді жүрегінің түгі бар азаматтар тәуекелге бел буа ма? Өмірін қимас еді ғой. Сондықтан «тілде жазық жоқ» деп, бірден кесіп айту да жөн емес секілді. Біз жақында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысымен танысқан едік. Көріп, біліп, елде болған оқиғаларды ой елегінен өткізіп, сол себепті де тақырыпты «Мазасыз мамандықтың майталмандары» деп қойып отырмыз.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Кадырханов аталмыш бөлімнің 2022 жылдың 11 айында атқарған жұмыстары жөнінде айтып берді бізге.
– Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жылдық жоспарына сәйкес, сонымен қатар бөлімнің жеке жұмыс жоспары негізінде аудан аумағында өрттерді және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау, материалдық шығынды азайту, халықты әртүрлі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылды. Аудан аумағында 2022 жылдың 11 ай ішінде 53 өрттен келген материалдық шығын 3 миллион 930 мың теңгені құрады. 2022-2023 жылғы жылыту маусымы кезінде ауданда өрттің және табиғи газбен уланудың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын тарта отырып, аудандық электр желілерін тарату және газ шаруашылық мекемесі, ерікті жастар, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 12788 тұрғын үйлер араланып, барлығы 34531 адам қамтылды. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі шараларын ескерту жұмыстары нәтижесінде тұрғын үйлердің иелеріне 11 000-нан аса жаднама (Өрт қауіпсіздігінің ережелері тақырыбында) қағаздары таратылды, – деп жауап қайырды біз қойған сауалға.
Бөлім басшысының сөзінен аңғарғанымыз, қаншама ауқымды жұмыстар жасалып жатса да, нәтиже көңіл көншітпей тұр екен. Жалпы жыл басынан бері 53 факті тіркеліпті. Оның ішінде жылыту маусымында автокөліктегі өрттер – 9, жеке тұрғын үйлердегі өрттер – 13, жеке тұрғын үйлердің шөпханаларындағы өрттер – 23, басқа да әртүрлі өрттер – 8. Көңілге медеу болар бір факті бар. Ол – адам шығынының жоқтығы.
Аудан аумағындағы автожол бойларына жүргізілген өртке қарсы жолақтарды аралау жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдары бойында 20 аншлаг және 4 билборд орнатылды. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының 112 жұмысшыларымен 10 жиын өткізілді және егін жұмыстарымен айналысатын 40 адамның қатысуымен 8 өртке қарсы нұсқаулық жүргізілді. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органмен, полиция қызметкерлерімен бірге жеке құрамның күшімен жалпы саны 5 адамнан тұратын 1 бірлескен мобильді топ құрылды. Сол мобильді топпен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау және бақыланбайтын ауыл шаруашылық алқаптарды өртеудің алдын алу жөнінде 128 рейд жүргізілді. Бөлім қызметкерлері жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқарып отырады. Аудан әкімдігі қызметкерлері тарапынан кезекші жауапты қызметкер күнделікті аудан аумағындағы төтенше жағдайлар және оқиғалардың жағдайы туралы ақпараттардың жиналуын ұйымдастырып, жұмыстарын жүргізіп, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілігіне баяндап отырады» деді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Кадырханов.
Марат Диханбай.