Ұранды ердің – ұрпағы қайсар
Әрбір дені сау еркек кіндікті ер азамат әскерге баруы керек. Себебі, Отан алдындағы әскери борышын өтеу – кез келген ер азаматқа міндет болып саналады. Кәмелет жасына толған ер бала әскерге біреудің айтағымен, я болмаса «бақай есеппен» бармауы керек. Аталарымыз, әкелеріміз секілді «елімді, жерімді қорғаймын» деп намысты нанға сатпай, жігер отымен барғаны жөн. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әскерге өз еркімен барып жатқан ер азаматтар бар. Алайда, «әскерге шақырушылардың көбі ананы-мынаны сылтау етіп, жадағай сөздер айтып жалтаратынын» аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері де растап отыр. Қолда бар мәліметке сүйенсек, аудан бойынша жалпы әскерге шақырылуға жататын 1563 адам бар екен. Биыл аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен мерзімді әскерге 177 азамат жіберіліпті. Оның ішінде 77 азамат ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметіне, 3 азамат ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне, 39 азамат ҚР Ұлттық қауіпсіздік шекара әскерлеріне, 56 азамат ҚР Ұлттық Ұлан ішкі әскерлер қызметіне және 2 азамат ҚР Төтенше жағдай әскери қызметіне жіберілген екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы мақаланың тақырыбында айтылып тұр. Оны да дана қазекең өзі айтқан. «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар». Әрбір ата-ана, кәмелет жасқа толған ер азамат осы тәмсілді жете ұғынса дейміз.
М.Аятберген.