Бюджет бекітіліп, межелі міндеттер айқындалды
Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жетінші шақырылған Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының отыз бірінші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліповтің төрағалығымен өткен кезекті сессия отырысына аудан әкімі Ернар Есіркепов пен оның орынбасарлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында Тұрар Рысқұлов ауданының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін бекіту, аудан көлемінде ауыл шаруашылық құрылымдарының көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізудегі бөлінген субсидия мен несиелердің мақсатты берілуі, сондай-ақ, Ақбұлақ ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауылдық округке қарасты елді мекендерді абаттандыру, көріктендіру жұмыстары туралы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ләззат Сапарбекова баяндама жасады.
Содан соң, сессияға қатысушылар екінші мәселе бойынша қолда бар мәліметті жіпке тізген аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің баяндамасын тыңдады.
Темірғали Нәдірұлы:
– 2020 жылдың көктемгі егіс дала жұмыстарын сапалы және оңтайлы мерзімде атқару үшін іс-шара жоспары жасалып, бекітілген болатын. Барлық себілген алқап көлемі 136 661 гектар, оның ішінде 55 200 гектар күздік бидай, 1 950 гектар жаздық бидай, 53 073 гектар жаздық арпа, 320 гектар дәндік жүгері, 16 164 гектар майлы дақылдар, 1 796 гектар күнбағыс, 726 гектар көкөніс, 572,6 гектар картоп, 225,7 гектар бақша дақылдары, 380 гектар қант қызылшасы, 28,06 гектар таңқурай мен құлпынай егіліп, 13 698 гектар сүр айдалынды. Көктемгі жер жырту, тұқым себу алдындағы жер өңдеу жұмыстары, көктемгі ылғал жабу жұмыстары жоспарлы түрде мерзімінде орындалды. 2022 жылы ораққа түскен 108 547 гектар масақты дәнді дақылдар толық орылып, аудан бойынша егістік алқаптардан орташа 18,3 центнерден өнім жиналып, қамбаға 198 641 тонна астық құйылды, – деді.
Баяндамашының сөзінен соң аудандық мәслихат депутаттары Мейрамбек Дөненбаев пен Серік Дәлібаев осы тақырыпқа қатысты бөлім басшысын біраз сұрақтың астына алып, өз ұсыныстарын білдірді.
Содан кейін Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжеғара мінбеге көтеріліп, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауылдық округке қарасты елді мекендерді абаттандыру, көріктендіру жұмыстары туралы бағдарлы баяндама жасады. Жетінші шақырылған Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының отыз бірінші сессиясында бұдан да өзге мәселелер талқыланып, межелі жоспарлар айқындалды.
Марат Диханбай.