Басты мақсат – жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құру

265 Views

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жоба өңірлердің ерекшелігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, бүкіл ел көлемінде іске асатын болады. 2023 жылдан бастап «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» жүзеге асыру аясында барлық ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында жобаның орындалу барысымен танысты.
Жамбыл облысында пилоттық жоба басталғалы 20-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 2300-ге жуық жаңа жеке кәсіпкерлік іске қосылған. Бұл шаралар АӘК алушылардың санын қысқартып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында құрылған бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін аралады.
Қордай ауданында кооператив басшысы Т.Сәрсембаев «ECO Chicken» құс фермасын кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Мәселен, жақын арада жалпы қуаты 520 тонна құс етін құрайтын 8 модульдік құс фабрикасын, 2025 жылға дейін тағы 100 модульдік құс фабрикасын орнату жоспарлануда. Кәсіпорын тәжірибесімен бөлісе отырып, басқа кооперативтерге өз ісін ашуға және жұмыс орындарын құруға көмектеспек.
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Меркі ауданы, Сұрат ауылында ашылған «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы кооперативінде де болды. Кооператив ауылдықтарға егістік пен үй іргесіндегі жерлерді игеру, өнім өткізу бойынша қызмет көрсетеді. 2019 жылы кооператив 22 бірлік техниканы лизингке алған.
«Сатымбаев» ЖК басшысы жобаның бірінші бағыты аясында 5 соттық жерге жылыжай салып, жылына 12,5 тонна қияр жинауда. Сондай-ақ, консерві цехын іске қосқан.
Алтай Көлгінов облыстың Байзақ ауда­нын­дағы бірқатар ауыл шаруашылығы коопера­тивтерінің де жұмысымен танысты.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мемле­кет басшысының тапсырмасы бойынша әзір­лен­ген бағдарламаны іске асырудың маңыз­дылығына тоқталып, оның, ең алдымен, халық­тың табысын арттыруға, сондай-ақ эконо­миканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамы­тумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қам­туға бағытталғанын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – ауылдар мен шағын қала­лардың тұрғындарының табысы мен тұрмыс дең­гейін арттыру, жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құру, өз өнімдерін шығару. Мұнда ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба сапалы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында іске қосылған жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Енді осы тәжірибе бүкіл ел көлемінде таратылатын болады. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Өз кәсібін ашқысы келетіндер осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Олар өз кәсібін аша отырып, басқа да ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құратын болады», – деді вице-премьер Алтай Көлгінов.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: