«Асыл домбыра» Жамбыл жеріне жетті
Айтбек Тұрсынбай – ауданға қарасты Жарлысу елді мекенінің тумасы. Жас айтыскер ақын соңғы жылдары патша көңілді көрерменнің көңілінен шығып жүрген өнерпаздардың бірі. Сондықтан болар оған өткен жылы «Асыл домбыра» тележобасында Жамбыл жұртшылығының намысын қорғау мәртебесі сеніп тапсырылған болатын.
2022 жылдың тамыз-қараша айларында Алматы қаласында өткен дүбірлі додаға Айтбек жамбылдық жас ақындар Қанат Мырзахан және Дархан Әбдіманат сынды өнерлі жандармен бірлесіп, облыс намысын қорғады. Нәтижесінде «ASSYLTAS» қоғамдық қоры мен «Хабар» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеде тұғыр биігінен көрініп, БАС ЖҮЛДЕГЕ ие болды.
Жігіттер ақылдаса келіп, қол жеткізген жүлдені облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсыруды жөн санапты. Осыған сәйкес өткен аптада аймақтың бас мұражайында салтанатты іс-шара өтіп, оған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, «Хабар» агентігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «ASSYLTAS» қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеев және Ақберен Елгезек, Ринат Зайытов, Ербол Қамбатыр сынды елімізге белгілі ақындар қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген жандар бүл күнді тарихи сәтке балап, жерлестеріміз жеткен жетістікті ерлікпен теңестіруге болатынын жарыса айтты.
Жиын соңында ақын Ақберен Елгезек «Асыл домбыраны» салтанатты түрде команда капитаны Қанат Мырзаханға тапсырып, екеуі домбыраны өзінің музейдегі тұғырына қойды.
Жәнібек СҰЛТАН.