550 гектар алқапқа қант қызылшасын егу жоспарлануда

322 Views

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аппараттық кеңес өтті. Кеңесте қант қызылшасын егу жоспары және егілетін жерлерді анықтау, төрт түлікті асылдандыру мәселелері қаралды. Күн тәртібінде көтерілген екі мәселе жөнінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев тоқталып өтті.
Жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 550 га алқапқа қант қызылшасын егу жоспарланып отыр. Осы орайда аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ең алдымен суармалы алқапты нысаналы пайдалануды қадағалау қажет екендігін айтты. Әрі қант қызылшасын егумен айналысатын шаруа қожалық басшыларына және айналысамын деуші азаматтарға түсіндіру жұмыстарын толыққанды жүргізуді тапсырды.
Ал екінші мәселе бойынша баяндалған ақпараттарда аудан аумағындағы 15 ауылдық округте 58 мүйізді ірі қара падасы бар екендігі айтылды. Бұл падаларға жалпы саны 6390 Зеңгібаба тұқымының аналық басы қосылады екен. Дегенмен, мұнда да өзекті бір мәселе бар. Аталмыш 58 падада 148 бас бұқа бар болғанымен, олардың барлығын асыл тұқымды мүйізді ірі қара қатарына жатқызуға келмейді. Осы олқылықты сынға алған аудан басшысы қолдан ұрықтандыру, өріске асыл тұқымды бұқаларды қосу жұмыстарына жедел түрде кірісу керектігін айтты. Айта кетейік, бүгінде аудан аумағында асыл тұқымды сүтті және етті бағытта мүйізді ірі қараны өсіріп отырған «Керең», «Ер-Достық», «МаксАгро» сынды шаруа қожалықтар қолдан ұрықтандыру жұмыстарына әлдеқашан кірісіп те кеткен.
Жиын барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өзге де мәселелер бойынша жауапты бөлімдердің есептерін тыңдап, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Поделиться ссылкой: