ЖЕРГІЛІКТІ САЗГЕРЛЕРДІҢ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

933 Views

ЖЕРГІЛІКТІ САЗГЕРЛЕРДІҢ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

Жуырда аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің мұрындық болуымен Мэлс Өзбеков, Нұрлан Байгөзов, Жаңбыршы Үсейінов, Дүйсенәлі Бықыбаев, Гүлнұр Өмірбаева сынды киелі Құлан жерінен шыққан талантты сазгерлердің әуезді әндерін жұртшылыққа насихаттау мақсатында «Асқақтатар жыр әнім, өс, өркенде – Құланым» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен байқауға 16 мен 25 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Байқау шымылдығын ашып берген аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов осынау игі шара ауданның 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын, оның мақсаты – жергілікті сазгерлердің шығармашылығын ел арасында кеңінен насихаттап, оларды қазақ жастарының сүйікті әндеріне айналдыру екенін атап өтті.

Қазылар алқасы II кезең бойынша ән додасына түскен 8 үміткерді орындаушылық шеберлігіне, дауыс мәнері мен кеңдігіне (диапазонына), сахна мәдениеті мен киім үлгісіне, әннің өңделуі мен жазылу сапасына, ән мәтінінің дұрыстығына және әннің орындалу үлгісіне қарай бағалады. Қатысушылар I кезеңде жоғарыда атап өткен жергілікті сазгерлердің әнін орындаса, II кезеңде үміткерлер өздері қалаған патриоттық әндерді шырқады. Нәтижесінде, Мэлс Өзбековтың «Келші Құланға» және «Мен қазақпын» әндерін ерекше тебіреніспен орындаған көкдөнендік Бақдәулет Жұмабек жүлделі III орынды иеленді. Мэлс ағамыздың «Келші айым» мен Ержан Серікбаевтың «Алға, қазақ жігіттері» әндерін қос дауыста шырқаған луговойлық «Вокал» дуэті жүлделі II орынды жеңіп алды. Ал жүлделі I орын Гүлнұр Өмірбаеваның «Қыздар, қыздар, ару қыздар» және Н.Бисекеевтің «Ауылымды сағындым» әндерін орындаған жарлысулық Мерей Әбдірамановаға бұйырды. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпазына алғыс хатпен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: