Өмірін өлкеге арнаған
Өмірін өлкеге арнаған
Қорағаты ауылында облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауы өтті. Алдымен, кіре берісте арнайы көрме-инсталлияциясын ұйымдастырылыпты. Еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, бірыңғай онлайн кітапхана жүйесін қалыптастыру, барлық кітап қорын электронды форматқа көшіріп, цифрландыру мақсатында мұнда цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Ілкімді шара бұдан әрі сахна төрінде Қорағаты ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Өмірін өлкеге арнаған» атты Ұлы Отан соғысының ардагері Бесікбай Әжіхановты еске алу кешіне ұласты.
Аудан әкімі Асқар Қырықбаев кіріспе сөз сөйлеп ашқан шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бастаған ауыл ақсақалдары еңбек ері Бесікбай Әжіхановтың бойындағы асыл қасиеттерін жас ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі өсиеті мен батасын берді. Экономика ғылымының кандидаты, доцент, оқу процесінің сапасын мониторингтеу бөлімінің басшысы Болат Бесікбайұлы Әжіханов ардагердің өнегелі өмірінен үзінді келтіріп, әкесінің үлгі етерлік қасиеттерін әңгімелей келе, шараны ұйымдастырушыларға кітап сыйлады. Сондай-ақ, еске алу кешіне Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова мен орынбасары Мақтақыз Зиятбекқызы, аталған кітапхананың құжаттарды жинақтау және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Жазира Қапарова және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сүйірханұлы мен аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Шамаев қатысты. Кеш қонақтарының қатарында Бесікбай Әжіхановпен қызметтес, үзеңгілес болған әріптестері Санат Қырықбаев, Бауқан Башкеев, Қынат Отарымбетов, Мақан Қосыбаевтар да болды.
«Қоғамның дамуы үшін әр адамның үлесі маңызды. Жалпы әр адамның өмірі, тапқан табысы, өз отбасын асырауымен емес, елге сіңірген еңбегімен өлшенсе керек. Бесікбай аға өзінің саналы ғұмырын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуымен қатар, еліміздің болашағы – жастар тәжірибесіне де көп көңіл бөлген жанашыр және қамқоршы азамат еді. Аузы дуалы көнекөз қарияның жас ұрпақтың дұрыс бағыт-бағдар мен тәлім-тәрбие алуына, дін мен ділдің, тілдің, салт-дәстүрдің, басқа да асыл құндылықтарымыздың сақталуына, елдің бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне бірден-бір себепкер болғанына куәміз» -деген Санат Қырықбаев еңбек ерін қимастықпен еске алды.
Аталған жиында Ақшолпан Пірімқұлова, Рысбек Қадырқұлов сияқты ауданымыздың бетке ұстар әншілерімен қатар Қорағаты ауылының жас өнерпаздары және «Ақ әжелер» әуесқойлар клубы өнер көрсетті.
Салтанат ҚАРАСАЙ