Ағаш көшеттері отырғызылды
52 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді
Президент «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне барды
Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.
Президентке «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндалды. Сондай-ақ, облыстағы жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.
Аталған бағдарлама Жамбыл облысында 2019 жылдан бері «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» атауымен жүзеге асырылып, оң нәтижелер көрсетті.
Бұл жоба бойынша 2025 жылға дейін Жамбыл облысының 153 ауылдық округ халқына 2,5 пайыз мөлшерлемемен 87,8 миллиард теңге несие беру көзделген.
Соның бірі – осы Қостөбе ауылдық округі. Бағдарламаның бес бағыты бойынша Қостөбенің 256 ауыл тұрғынына кәсіппен айналысуға 886 миллион теңгеден астам несие берілген. Бұл қаржы ауыл халқына төрт түлік мал, бау-бақша өсірумен, басқа да кәсіппен айналысып, отбасылық табысын арттыру үшін бөлінді.
Сондай-ақ, «Қостөбе-2019» кооперативіне лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жеңілдетілген несие берілді. Қазір кооператив қарамағында 12 ауыл шаруашылығы техникасы мен 401 гектар жері бар. Оған 175 адам мүше. Олардың қатары біртіндеп көбейіп келеді. Кооператив мүшелері бақша дақылдарын өсірумен қатар, мал шаруашылығына жем-шөп әзірлеумен шұғылданады. Сондай-ақ, республикалық бюджетті нақтылау аясында облыс әкімдері 2023 жылы ауыл халқына қосымша 15090 микрокредит беру үшін 73,5 миллиард теңгеге өтінім берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қостөбе-2019» кооперативінде облыстағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші шаруалармен кездесті. Президент ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың оң тәжірибесін еліміздің басқа да өңірлерінде таратудың маңызды екенін атап өтті.
– Жалпы, ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырмыз. Президент болып сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алдағы үш жылда кооперацияларды дамытуға 1 триллион теңге бөлеміз. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек. Мемлекет ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әрқашан қолдау білдіреді, – деді Президент.
Бұл міндет сайлауалды бағдарламасына енгізілгенін, сондықтан оның орындалу барысы Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында болатынын ескертті.
Мемлекет басшысы Тараз қаласындағы Студенттер үйінде болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі реконструкцияланды, қайта жасақталған жатақханада 500 студентке барлық жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.
– Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу – өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.
Президент Көктал ауылдық мектебіне барды
Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі.
– Қазақстанның болашағы – жастар. Мен жастарымызға әрдайым сенемін, сіздерді қолдаймын. Өмірлеріңіз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын деп тілеймін, – деді Президент.
Білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген. Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, білім ордасында 1207 оқушы оқиды.
Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған: 32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.
2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.
Мемлекет басшысы Мырзатай ауылындағы
құс фабрикасының жұмысымен танысты
Президент Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды.
Мемлекет басшысы өндіріс орнындағы цехтарды аралап көрді. Президентке құс фабрикасының жетекшісі Фарида Жүнісова кәсіпорынның жұмысы туралы баяндады.
Қазіргі уақытта голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ, өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғызстанға экспортталады.
Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 6 нысан салу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашылығының дамуы жөнінде мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы Сарыкемер ауылындағы жаңа емханаға барды
Президент Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы жаңа емхананың жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа таяуда салынған медициналық мекемеде 125 мың адам тіркеуде тұрғаны жөнінде баяндалды.
Ауыл емханасында күн сайын профилактикалық, жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Емхана заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.
Функционалды диагностика бөлімшесін арнайы аралап көрген Мемлекет басшысына компьютерлік томография, цифрлық рентген және маммография аппараттары таныстырылды.
Сонымен қатар Президентке Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау саласының даму барысы баяндалды. 2023-2024 жылдары өңірде 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Оған бюджеттен 5,2 миллиард теңге бөлініп отыр.
Былтыр медицина қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға артты. Биыл тағы сондай көлемде өседі. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынып, 12 орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау ұйымдарын 575 дана заманауи медициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Президент қолөнершілер көрмесін аралап көрді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі Жамбыл өңірі қолөнер шеберлерінің көрмесіне барды.
Президент «Шебер шаңырақ» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, «Асыл-Дизайн» сән үйі және басқа да ұйымдар шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалады. Көрмеге 29 қолөнер шеберінің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстар, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар қойылған.
Мемлекет басшысына көрсетілген «Киіз үй» инсталляциясында жастарға тоқыма, киіз басу, құрақ құрау, ұршық иіру, сырмақ сыру және басқа да өнер түрлері бойынша шеберлік сабағы өткізілді.
Сонымен қатар көрмеде көшпенділердің заманауи әлемдік үлгіде жаңғыртылып, нео-фольклор стилінде тігілген көпғасырлық дәстүрлі киімдері және дала гүлдері мен шөптерінің хош иістерінен жасалған иіссулар көрсетілді.
Жуырда Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгені туралы сертификат алды.
Мемлекет басшысы қарапайым ауыл тұрғынының тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды.
Ауыл тұрғыны Саламат Рахманбердиев 2020 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге несие алып, 6 бас мүйізді ірі қара, 3 бас жылқы, 10 бас қой сатып алған. Кәсіпкер мал бордақылап сатумен айналысады. Қазір төл басын арттырып, тапқан табысына жүк көлігін сатып алған. Ол өз нәпақасын табумен қатар, ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Саламат Рахманбердиев алдағы уақытта жем сататын дүкен ашып, мал басын көбейту үшін тағы да жеңілдікпен 10 миллион теңге кредит алуға ниеттеніп отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы еңбекқор жігіттің кәсібіне табыс тілеп, өз атынан дәнуатқыш аппаратын сыйға тартты.
AKORDA.KZ