Ұлт ұстазын ұлықтау – біздің парыз

433 Views

Былтыр ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Ахмет Байтұр­сын­ұлының туғанына 150 жыл тол­ған болатын. Қазақ руханиятының шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлының мерей­тойы тек Қазақстанда ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет саласы бойынша мәселелерімен айналысатын ЮНЕСКО көлемінде тойланғаны ел үшін қуанарлық жағдай болды.
Өткен жылы еліміздің түкпір-түкпі­рінде Ахаңның мерейтойына арналған түрлі іс-шаралар, республикалық және халықаралық конференциялар, симпозиумдар, А.Байтұрсынұлы оқу­­лары, әдеби кештер, апталықтар ұйым­дас­тырылды. Бұл ретте қазақ білімінің қара шаңырағына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де қалыс қалып қойған жоқ. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың сәуір айында Ахмет Байтұрсынұлының есімі бе­ріл­ген қазақ тіл білімі кафедрасы түрлі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Кафедра шілде айында Түркияның Стамбул университетінде халық­­аралық симпозиум өткізді. Симпо­зиум­ның пленарлық мәжілісіне Стамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза мен ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев қатысып, баяндама жасады. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген 3 томдық таңдамалы шығармаларының таныстырылымы болды. Симпозиумға қатысқан кафедра ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлы идеяларының өміршеңдігін сөз етті.
Сондай-ақ, тамыз айында ҚазҰУ-дың Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру орталығында халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылды. «Ахмет Байтұр­сынұлы зерттеулерінің ғылыми парадигмалары» атты жазғы мектепке кафедра оқытушыларынан басқа «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-әдістемелік орталығының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қызметкерлері мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назар­баев зияткерлік мектебінің өкілдері қатысып, баяндама жасады.
Тамыз-қыркүйек айларында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы «Ахмет Байтұрсынұлы және тіл тағылымы» атты республикалық форум ұйымдастырды. Бұл форумға докторанттар, магистранттар және студенттер 4 бағыт бойынша қатысып, өзара бақ сынады. Форумның мақсаты – қазақ руханияты тарихындағы ірі тұлға Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұра­сын жаңа лингвистикалық теориялар мен ғылыми көзқарастар тұрғысынан түсіну, Ахметтану ілімін ұғу және ұлт ұстазының тұжырымдары негізінде қазақ тіл білімінің болашағын зерделеу. Форумда үздік деп танылған қатысушыларға бір реттік шәкіртақы көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаздарды университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Айдосов Нұржан марапаттады.
Форум аясында 5-10 қыркүйек аралығында Тілдер апталығы ұйым­дастырылды. Апталықта кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы Ахмет Байтұрсынұлының зерттеулеріне арнап көшбасшылық дәрістер оқыды. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Анар Салқынбай «Ахмет Байтұрсынұлы ізі мен ісі: қазақ тілінің өзекті мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыса, Ахмет идеяларын жалғастырушы, ф.ғ.д., профессор Орынай Жұбайдың «Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темірқазық болар ұстанымның иесі» атты көш­басшылық дәрісін студенттер мен жас ғалымдар ұйып тыңдады. Кафедра оқытушылары «Лингвистикалық бол­жау орталығының» жетекшісі, ф.ғ.д., профессор Д.Әлкебаева «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел алсын қайдан кемеңгерді» атты дөңгелек үстел, ф.ғ.к., аға оқытушы Х.Қарабаева «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің атасы» атты танымдық дәріс, ф.ғ.к., аға оқытушы С. Иманқұлова «Қазақ тілінің онлайн ресурстары» атты филологтарға, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн-таныстырылым, ф.ғ.к., аға оқытушы А.Шыныбекова орыс бөлімінің студенттері арасында «Қазақшаңыз қалай?» атты байқау ұйымдастырды. Бұдан өзге кафедраның куратор-эдвайзерлері топ студенттерімен түрлі тақырыпта әдеби-жыр кештерін, кураторлық сағат, дөңгелек үстелдер ұйымдастырса, магистранттар ғылыми-танымдық шаралар, диспут өткізді.
Форумның соңында Ахмет Байтұр­сынұлының жиен немересі Айман Байсалова Ахмет әулетінің күйсандығын ҚазҰУ-дың мұражайына сыйға тартты. «Айман Қабиденқызы Байсалова осы күйсандықты мұражайға табыстағысы келді. Алайда, Алматыдағы тағылым мек­тебіне айналған музей-үйдің көле­мі 160 шаршы метр болғандықтан, күй­сандықты Ахмет Байтұрсынұлы әу баста жұмыс істеген білім орда­сына сыйға тартуды шешті. Ахмет Байтұрсынұлы 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ мемлекеттік универси­тетінің тұңғыш профессоры. Әлбетте, бұл қарашаңырақтың негізін қалаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп жүрміз. Ақиқаты, бұл кезеңдегі ашылған мемлекеттік университет статусын «саны аз қазақ ұлтына» қимаған болуы керек, жылға жетпей мәртебесін институтқа түсіріп тастаған. Шын мәнінде, бұл білім ордасы – әу баста университет болып ашылған. Ал, бұл оқу ордасында қазақтың талай-талай марғасқалары қызмет жасағаны архив деректерінен мәлім», – деді форумға қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі әрқа­шан біздің сана көгімізде сақта­лады. Ұлт ұстазының ұлылығын ұлықтау – біздің парыз.

Арай Жүзбаева,
ҚазҰУ-дың А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл
білімі кафедрасының оқытушысы.

Поделиться ссылкой: