Ботулизмнің алдын алу
30 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Қорқыттың қобызы
Қорқыттың қобызы сарнап тұрғанда ажал оған жолаған жоқ. Аулақ жүрді.
Қорқыт әлдеқалай қалғып кетіп, қобызы тартылмай қалып еді, жылан шағып өлтірді.
Демек, өнер, әдебиет – рухани дүние тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі.
Осыны әсіресе қазіргі атқамінерлер ескере бермейді.
Қоғамның ең кедей тобы жазушылар, журналистер, суретшілер, композиторлар, әртістер, яғни мемлекеттік бюджеттен аластатылып тасталғандар.
Әсіресе нағыз таланттарға қиянат. Дарынсыз арамшөптерге бұл тәсіл керек те шығар.
Бірақ құммен бірге алтын түйіршіктерін де лақтырып тастау – имансыздың ісі.
Бір кем дүние.
Пифагор біліп айтқан
«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын».
Пифагор біліп айтады. Заң әділ болса жақсы. Бірақ көбінесе сол заң арбаның оқтығы сияқты. Қалай бұрсаң, солай кетеді.
Ал атадан қалған әдет-ғұрып бұзылмас. Тәуке ханның тұсында туған «Жеті жарғы» сондай. Жетеу-ақ.
Ал біздің Парламент шығарып жатқан заңдардың санына жете алмайсың. Саны бар да, салмағы жоқ.
Қандай зандар шығарып жатқанын депутаттар өздері ұмытып қалады.
Парламент өзі шығарған заңның орындалуын қадағаламайды. Сондай да бола ма екен?!
Бір кем дүние.
Сәуле әкесін іздейді
Сталиннің тізімі бойынша Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, қол-аяғына кісен салынып, Кисловодскіде демалып жатқан жерінен Мәскеуге, Лубянка түрмесіне жеткізілді.
Жендеттер бір сәт ұйқы бермей, ұдайы ұрып-соғып, қабырғасын сындырып, әп-әдемі бұйра шашын жұлып, тозақтан жаман азаптап, ақыры атып тастап, Мәскеу түбіндегі Бутово деген деревняға апарып, көміп еді ғой.
Арада алпыс жыл өткеннен соң үлкен қызы Сәуле Бутовоға барып, әкесінің моласын іздеп-іздеп таппай қайтты. Туған жерінен бір уыс топырақты орамалға түйіп алып барып еді, қай төмпешікке төгерін білмей, бүкіл зиратқа құлаштап тұрып шашып кеп жіберді.
Сәуле әкесін Бутоводан бекер іздейді. Тұрар Рысқұлов сол 1938 жылдың 10 ақпанында-ақ ғарыштағы Шолпан-Кебіс жұлдызын мекендеп алып еді ғой.
Бірақ таң алдында туып-бататын Шолпан-Кебіс жұлдызына жету қайда? Мүмкін, таң маһшарда болмаса…
Бір кем дүние.
Мұса пайғамбардың амалы
Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құтқарған Мұса (Моисей) пайғамбар ғой.
Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті.
Мақсат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Ол сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың тұяғын Палестина топырағына тигізсе – арманына жетеді.
Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақтардың ескі көзі әлі де сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа ұрған танадай шыр айнала береді.
Тарих жаңа буыннан, жалтақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер.
Бірақ ескіні естен шығартатын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой…
Бір кем дүние.
Гегель
Осы жұрт философ Гегельді біле ме екен?
Оқығандар ғой, білетін шығар. Білсе, сол кісі айтыпты: «Өз ана тілін менсінбейтіндер – өз ұлтын үш рет өлтіргендер», – деп.
Орысшасы: «Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык».
Ол философ Гегель қазір тірі болса, біздің Қазақстанның, өз Отанында айдың-күннің аманында өмір сүріп жатқан қазақтардың, әсіресе қала қазақтарының, оның ішінде билік басында отырғандардың хал-жағдайын білсе, әлгі айтқаны – айтқан ба!.. Не деп айтарын, не нәрсеге теңерін де білмей қалар еді-ау.
Қайран Гегель! Сенің шәкіртіңбіз деп жүрген философсымақтардың өзі дәл қазір де ана тілін сен сияқты қорғай алмай, көкезу болып жүр-ау.
Бір кем дүние.
Төсектегі намаз
Шариғат бойынша денсаулығы жарамсыз мұсылман намаз парызынан азат.
Ал баяғының болысы, бүгінгінің төсек тартқан кеселдісі Мақұлбек бес мезгіл намазын үзбейді. Оны мен өз көзіммен көрдім.
Ертеректе, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еді-ау. Мен қазыналы Қаратаудың Жаңатас деген қаласына қайта-қайта барып, кеншілер арасында болып, жаңа кітап жазып жүрген кезім.
Қаратау қаласы мен Жаңатас қаласының арасы жүз шақырымдай жер. Жолдың орта кезеңінде Көктал деген жер бар. Асфальт жолдан жоғарырақ Сүңгі дейтін шағын өзенді бөгеп, су қоймасын салған. Әне, сол су қоймасының қарауылы болады. Үйі қойманың қасында.
Баяғы болыс Мақұлбек сол қойманың қарауылы. Қазір төсектен тұра алмайтын кеселге ұшыраған. Бірақ арқасын қос жастыққа сүйеп қойып, намаз оқиды. Жаратқан Құдіреттен не тілейтіні өзіне ғана аян.
Ұзын жолдың үстінде ары өткенде, бері өткенде Мақаңа жолығып, сәлем беруді ұмытпаймын.
(Жалғасы бар).