Электронды темекі мен кальянның адам денсаулығына тигізер зияны көп
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналған бұл өнімдердің қаншалықты зиян екені көпшілікке мәлім болса да, толық оны қолдануларын әлі де тоқтата қоймады. Кейбір жастар бұны есеюдің көрінісі десе, енді бірі қызық көріп, сән ретінде пайдаланады. Ғалымдардың пайымдауынша, электронды темекі кәдімгі темекіге қарағанда зияндылығы тұрғысынан аздау. Бұл әсер көміртегі тотығы токсиндерінің, шайырдың және басқа да қосымша қоспалардың болмауына байланысты. Сонымен қатар, кәдімгі темекі түтіні мен электронды темекі түтінін салыстырар болсақ, оның айналадағы жұтушыларына да салыстырмалы түрде «азырақ зиян келтіреді» деген ақпар бар. Десе де, электронды темекі құрамында 30-дан астам улы заттар бар. Олар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар және т.б. Негізгі міндетті компоненттері-глицерин және полипропилен химиялық қоспасы. Электронды темекі денсаулыққа зиян. Осыны түсінгеніміз абзал. Бұл жайында нақты дәлелдер келтірер болсақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, темекі шегу салдарынан әлемде 8 миллион адам қаза табады, соның ішінде 7 млн-ы темекі шегетін немесе бұрын тастап кеткендер. Ал темекі түтініне булыққандар саны – 1,2 млн. Шылым түтінін өкпеге тартқанда денсаулық одан көбірек зиян шегеді. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Бұған дәлел ретінде, Қырым федералды университетінің ғалымдары электронды темекіден немесе вейптардан шығатын бу өкпе тінін бұзатынын айтады. Тіпті никотин қосылмаған құрылғының өзі де адам ағзасына аса зиян. Егеуқұйрыққа жүргізілген эксперимент нәтижесінде сұйықтығы құйылған жануардың өкпесі 40 күннен кейін іри бастаған. Бұл дәлел шылым шегушілер арасында кең тараған «электронды темекінің зияны аз» деген пікірді жоққа шығарады.
Осындай фактілер айтылып жатса да, жаһан жұрты «никотиннен» арыла алмай келеді. Оның үстіне қазір «электронды темекі» сәнге айналды. Бұл табак өнімдерін тұтынушылар санын күрт өсіріп жіберді. Жасыратын несі бар, жастар арасында кальян отырыстарын ұйымдастыру кең етек алған. Жиі кальян шегу никотинге тәуелділікке әкеледі. Сондай-ақ, бір кальянды бірнеше адам шеккенде түрлі тыныс жолдарының жұқпалы ауруларын (гепатит В, туберкулез, тұмау) жұқтыру мүмкіндігі жоғарылайды. Кальян шеккен достарының арасында отырған адам оны тартпаса да, пассивті шегуге шалдығады. Темекі шеккенде никотиндік ашыққандық 5-10 минутта басылады. Бұл уақытта өкпеге жарты литр темекі түтіні түседі. Ал кальянды орташа есеппен бірнеше сағат шегетіндікке байланысты сіздің өкпеңізден 150 темекіден болатын түтін өтеді.
Табак өндірушілердің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз. Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі. Осыны ескере отырып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық! Бұл зиянды заттарды тұтынбай, керісінше, ұлттық тәрбиемізді нығайтып, зиянды әдеттерден барынша аулақ болған абзал.
Ж.Дідай, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы.