Мас жүргізуші өзіне де, қоғамға да қауіпті
Қазақтың «Шарабы бір тиын, шатағы мың тиын» деген сөзі бекер айтылмаған. Себебі ішімдікке үйір адам абырой таппайды. Көлік құралын алкогольді немесе есірткілік масаң күйде, психотроптық дәрілердің әсерімен басқару өзіңнің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндірумен бірдей. Өкініштісі, сол жол жүрісіне қатысты жаза қанша қатайтылса да, жүргізушілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтар осы күнге дейін азаймаған. Бүгінде көлік жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту, саналарына әсер ету мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – апаттан кейін сау тамтығы қалмаған көліктерді жол жиегіне қою. Бұл әрбір жүргізушіге ой салу үшін, жылдамдықты азайту, рөлге мас болып отырудың салдары қайғылы аяқталатынын ескерту үшін жасалуда. Сондай-ақ, көрнекі жерлердегі билбордтарға «Жүргізуші, сені отбасың күтіп отыр!», «Жүргізуші, жолдағы тәртіпке сен жауаптысың!» деген ескертпелерді жазудың мақсаты – ортақ тәртіпке бағынуға шақыру, заң бұзушылықтың алдын алу.
Сонымен бірге, судьялар жол ережесін бұзған, рөлге мас күйінде отырған жүргізушілер жауапкершілігіне қатысты қалыптасқан тәжірибемен бөлісіп, заң тұрғысында түсініктеме беруді тұрақты дәстүрге айналдырған. Осы арқылы судьялар жолдағы жүгенсіздікке тосқауыл қоюға тырысуда. Біздіңше, қара жолдағы қасіретті азайту үшін мұндай жұмыстар ешқашан бәсеңдемеуі тиіс.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске жол жүрісі қағидасына қатысты толықтырулар енгізудің де негізгі себебі осында. Қазір көлік рөліне мас күйінде отырғандарға жаза қатаң. Мәселен, бұрын көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін бірінші рет жазаға тартылған жүргізуші үш жылға дейін көлік жүргізу құқығынан шектелсе, қазір жеті жыл жүргізуші куәлігінен айырылады. Сонымен бірге әкімшілік өндірудің жаңа түрі енгізіліп, соған сәйкес жүргізушіні 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Құзырлы орган өкілдерінің талабын орындамай, медициналық куәландырудан бас тартқан жүргізушілердің де жазасы қатайтылған. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынады. Ал бұрынғы жазаға орай жүргізушілер көлік басқару құқығынан үш жыл мерзімге айырылумен шектелетін.
Заңның қатайтылғанына қарамастан, көлік рөліне алкогольдік масаң күйде отыратындар әлі де жеткілікті. Т.Рысқұлов аудандық сотында мұндай істер аз қаралмайды. Мәселен өткен жылы ӘҚБтК-нің 608-бабымен аудандық сотта қаралған істер бойынша, 38 құқық бұзушыға қатысты шара колданылды. Өкініштісі, сол сотта ісі қаралып, көлік рөліне алкогольдік масаң күйде отырғандар қатарында әйел азаматы да бар. Енді осы құқық бұзушылар сот белгілеген жазадан сабақ алса игі.
Т.АДЕНОВА,
аудандық соттың бас маманы.